Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алулардағы заң бұзушылықтар үлесін 14%-ға азайтуға мүмкіндік берді — А. Ахметов

15 наурыз 2019, 12:36
Фото: primeminister.kz

Мемлекеттік аудит саласында камералдық бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы PrimeMinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Азамат Ахметов айтып берді.

Оның айтуынша, камералдық бақылау (алдын-ала тексеру) бақылаудың жаңа түрі ретінде қашықтықтан тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды уақытылы жоюға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда бізде мемлекеттік сатып алулардың электронды порталы өте жақсы дамыған, онда комитет қызметкерлері қашықтықтан мемлекеттік сатып алулар веб-порталы арқылы тексерістер, камералдық бақылаулар жүргізіп, шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдай алады», — деді ол.

А. Ахметов атап айтқандай, бұл шара заң бұзушылықтарды жоюдың тиімділігі мен уақыттылығын көрсетеді.

«Өз жұмысында отырған комитет қызметкері мемлекеттік сатып алулардың ақпараттық электронды жүйесін пайдалана отырып, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қашықтықтан мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушыға хабарлама жібере алады. Өз кезегінде, ұйымдастырушы заң бұзушылықты уақытылы жою арқылы, әкімшілік жазалаудан құтыла алады, камералдық бақылау нормаларының арқасында мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылардың құқықтық сауаттылығы артқан», — деп түсіндірді Комитет төрағасы.

Мәселен, 3 жыл ішінде заң бұзушылықтар үлесі 19%-дан 5%-ға дейін төмендеген. Егер бұрын әрбір бесінші сатып алуда заң бұзушылық орын алса, қазір қабылданған шаралар бюджеттік ұйымдарды 4 есеге дейін тәртіпке келтірді.

Сонымен қоса, автоматтандырылған камералдық бақылау 2015 жылмен салыстырғанда мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін қамтуды 5 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

«Осы жылдың 2,5 айының ішінде 350 мыңнан астам мемлекеттік сатып алулар рәсімдері қамтылды, ал бүкіл 2018 жыл бойы 510 мың сатып алулар ғана қамтылған болатын», — деді ол.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз