Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

13 мамыр 2019, 18:04
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында әуежайды қайта жөндеу жұмыстарының жоспарымен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

1979 жылы іске қосылып, бүгінде тозығы жеткен Орал қаласының халықаралық әуежайына қайта жөндеу және кеңейту жұмыстары биыл шілде айында басталады. Жоспар бойынша 2020 жылдың соңында аяқталуы тиіс құрылыстың нәтижесінде, терминал көлемі 4 мыңнан 7 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Қазіргі уақытта терминалдың өткізу қабілеті — сағатына 200 жолаушы болса, жөндеуден кейін 400-ге дейін жететін болады. Қазір жылына 160 мың жолаушыға қызмет көрсетілсе, болашақта әуежай 350 мың жолаушыны қабылдап-шығарып салуға мүмкіндік алады.

Қазақстан Президенті әуежай терминалын қайта жөндеу Батыс Қазақстан облысында жайлы инвестициялық климат қалыптастырудың алғышарты екеніне тоқталды.

«Орал – Еуропаға шығатын басты қақпамыз. Шетелдік инвестицияға тартымды болу үшін мұндай жобаны сапалы әрі уақтылы орындау керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орал халықаралық әуежайын қайта жөндеу жұмыстарына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы 2,4 миллиард теңге бөлген.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Uniserv medical center» көпсалалы медицина орталығына барды. Мемлекет басшысы Орал қаласында биыл ашылған «Uniserv medical center» көпсалалы медицина орталығын аралап көрді.

Замануи техникалармен жабдықталған денсаулық сақтау мекемесі алдын ала зерттеліп, сұранысқа сай бейімделіп салынған. Бұрындары облыс тұрғындары емделу үшін көрші елдің қалаларына көптеп баратын. Енді жергілікті тұрғындар осы орталықтан ақ, сапалы медициналық көмек алып отыр.

Жеке инвестиция есебінен салынған медициналық орталық көз және тіс аурулары бойынша консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетеді.

Қазақстан Президенті орталықты өз қаржысына салып, мамандарын Оңтүстік Кореяда, Ресейде оқытқан инвесторға ризашылығын білдіріп, медицина қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орал трансформатор зауытына барды.

Мемлекет басшысы Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған Орал трансформатор зауытында болды. Өндіріс ошағы жылына 10 мың дана трансформатор шығаруға қауқарлы.

200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жергілікті оқу орындарымен ынтымықтаса жұмыс істеп келеді. Техникалық мамандықтар бойынша дуальды оқыту негізінде білім алатын студенттер зауытпен тығыз байланыс жасайды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына өңірдегі жиһаз, азық-түлік, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмыстары таныстырылды.

«“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына кәсіпкерлерді тарту арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл мәселе бойынша Үкімет белсенді жұмыс істеуде. Жергілікті әкімдік те осы бағдарлама арқылы өндірістерді ұлғайтуды ойластыруы қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орал ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.

Мемлекет басшысы цифрландыру бағытында білім беруге басымдық беретін колледждің жобалармен танысты.

Елімізде алғаш рет ғимараттардың пішінін үш өлшемді 3D модельдеу әдісімен жобалай алатын кешен осы ақпараттық технологиялар колледжінде іске асырылған. Мамандар бұл технологиямен жұмыс істеу үшін 3 ай Финляндияда оқып қайтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына STEM білім беру бағдарламасы таныстырылды. STEM академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамасы – нақты өмір үлгісінде оқытатын интеграцияланған оқыту әдісі.

«Қазіргі кезде сапалы білім беру және қажетті мамандықтар бойынша оқыту аса маңызды. Колледждерде білім берудің жаңа мазмұнын енгізу жұмыстарын алғашқылардың бірі болып сіздердің өңірлеріңіздің бастағаны қуантты», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысына өңірде цифрландыру бағдарламасы аясында қолға алынған «Ашық әкімдік», «SmartUralsk», «IkomekUralsk» жобалары таныстырылды.

Кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев колледж студенттерімен әңгімелесіп, білім саласын қолдау ісі жалғаса беретінін атап өтті.