Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті желінің 4 мыңнан астам шақырым автожолы жөнделеді — Ж. Қасымбек

06 наурыз 2018, 11:40
Фото: primeminister.k

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті, онда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылы іске асырылу қорытындысы және биылғы жылға арналған жұмыс жоспарлары қаралды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2017 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алматы – Шу» учаскесінде екінші жолдың құрылысы аяқталып, Құрық портында қуаты 4 млн тоннаға дейін жететін автомобиль паромдық кешенінің бірінші кезеңі іске қосылғанын айтты.

Бұдан өзге, Астана әуежайының Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталды, «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Жыл қорытындысы бойынша жеті өтпелі жоба аясында республикалық маңызы бар 603 шақырым автокөлік жолы пайдалануға берілді.

Республикалық маңыздағы 4,4 мың шақырым автожол жөнделді. Жобаларды іске асыруға барлығы 75 мың адам тартылды және пайдаланылған отандық жол-құрылыс материалдарының үлесі 93%-ды құрады.

«2018 жылы 23 автожол жобасы іске асырылатын болады. Ондағы 22 жоба өтпелі, оның ішіндегі 10 жоба Халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен іске асырылуда», — деді министр Жеңіс Қасымбек.

Жалпы займдар есебінен жалпы ұзақтығы 2900 шақырым болатын он жобаның іске асырылуы жалғасатын болады.

Жыл қорытындысы бойынша 528 шақырым жолды ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, Елбасының Жолдауында жергілікті жердегі автокөлік жолдарын жөндеу мен реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайту, сондай-ақ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің Дүниежүзілік экономикалық форумының «Жол сапасы» көрсеткішін жақсарту мақсатында облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, аудандық және облыстық автомобиль жолдарының техникалық жағдайын жақсарту бойынша бірқатар шаралар әзірленді.

«Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 60 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 150 млрд теңгеге жетеді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Бұл шаралар 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуға және 2025 жылға қарай жергілікті желінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 85%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді (бүгінде 66% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда).

Сонымен қатар, жол сервисі нысандарын дамытуға ерекше назар аударылады. Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, қазіргі таңда инвентаризация нәтижелері бойынша 1859 бірлік қызмет көрсету нысаны бар.

«Өткен жылы қызмет көрсету нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкестендіру, ШОБ субъектілерін қолдау мәселелері бойынша жұмыс топтары құрылды. Қызмет көрсету нысандарын дамытудың іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жыл қорытындысы бойынша қолданыстағы 113 нысан жаңартылып, 22 нысан жаңадан салынды», — деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Жалпы 2017 жылы Ұлттық стандартқа сәйкес келетін объектілер саны 135 объектіге жетті. Сонымен қатар, «KazWаy» модульдік сервисінің екі павильоны орнатылды. 

2018 жылы 200 объектіні жаңғырту, сондай-ақ 36 объектіні салу жоспарлануда. Жалпы 2018 жылдың соңында жалпы Ұлттық стандартқа сәйкес объектілердің санын 818 бірлікке дейін немесе жол сервисі нысандарының жалпы санының 44% дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, GoogleMaps, Яндекс.Карта, IRU Transpark цифрлық картасына сервис объектілері туралы ақпаратты қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 
Азаматтық авиация саласында әуе транзитінің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. 

2017 жылы астаналық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы, сондай-ақ Алматы қаласы әуежайының қолданыстағы бір ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталды. 2018 жылы Семей қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталады және Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау басталады.

Жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғыртуда бюджетке түсетін салмақты азайту үшін бюджеттік кредиттер мен субсидия тетіктері жүзеге асырылады. 2018 жылдың соңына дейін 800 шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру инженерлік желілерін салу мен реконструкциялау есебінен желілердің тозуын 60%-дан 57%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Сөз соңында Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында барлық жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар уақытында жүзеге асырылып жатқанын және министрліктің негізгі міндеттері болып табылатынын айтты.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру («Алматы – Шу», Құрық порты және т. б. құрылысы) туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев баяндады.

Бұдан өзге, өңірлерде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы бірқатар облыстардың әкімдері баяндады: Қостанай облысы әкімі — А. Мұхамбетов, Қызылорда облысы әкімі — Қ. Көшербаев, Қарағанды облысы әкімі — Е. Қошанов, Алматы қ. әкімі — Б. Байбек.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы Мемлекет басшысының айрықша бақылауында екенін айтты. Министрліктер мен әкімдіктер аталған көрсеткіштерге уақытылы әрі сапалы қол жеткізу үшін барлық күш-жігерлерін салуы керек. Бағдарламаны іске асыру нәтижелері осы жылдың үшінші тоқсанында Үкімет отырысында қаралатын болады.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз