Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2022 жылдың соңына дейін 200-ге жуық жаңа студенттер жатақханалары салынады — ҚР БҒМ

14 сәуір 2018, 09:37
Фото, бейне: primeminister.kz

Қандай мамандықтарға қосымша 20 мың грант бөлінеді? Білім беру депозитін қалай ашуға болады? Студенттерге жатақханаларды кім салады? Осы және басқа да сұрақтарға РrimeMinister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ білім беру қызметтерінің төлем жүйесін дамыту департаментінің директоры орынбасарының м.а. Алпамыс Сатыбалдин жауап берді.

— Бүгінгі таңда Президенттің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Соның ішінде гранттар бойынша: олар қандай мамандықтарға бөлінеді?

—    Мемлекет басшысының үшінші әлеуметтік бастамасы білім беру деңгейін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, қосымша 20 мың грант бөлу. Оның 16 мыңын бакалаврға, соның ішінде 11 мың грантты техникалық мамандықтарға, нарықта сұранысқа ие басқа мамандықтарға 5 мың грант, магистратураға — 3 мың, PhD бағытына 1 мың грант бөлу көзделген.

2017 жылы 5 жыл ішінде алғаш рет қосымша 10 мың грант бөлінді. Бұған дейін бакалавриатқа жыл сайын 28 902 грант бөлініп келген. Өткен жылы 35 мың грант бөлінді. Сонымен қатар, магистратурада гранттар саны 7 мыңнан 10 мыңға дейін өсті. Биыл тағы 20 мың грант бөлінеді. Жалпы, мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 66 389 астам білім грантын құрайды.

Бүгінде қаржы орталығы схеманы әзірлеп жатыр. Жыл сайын гранттар саны жоғары оқу орындарының қажеттіліктеріне негізделіп бөлінеді.

—    Қазіргі таңда жастарды қолдау бағытында қандай бағдарламалар іске асырылып жатыр?

—    Бүгінде әр түрлі білім беру бағдарламалары бар. «Қаржы орталығы» АҚ – мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесінің операторы. Халық арасында білім беру депозиті деп аталып жүр. Білім беру депозиттерінің басты айырмашылығы — Қазақстанның кез келген тұрғыны, кез келген азаматы өз атынан немесе баласының атынан білім беру депозитін аша алады және банк сыйақыларымен қоса мемлекеттік сыйлықақы алады. Бұл бағдарлама да Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасы бойынша әзірленді. Қазақстанның кез келген азаматы білім беру депозитін ашса, 14%-ке дейін банк сыйақыларынан бөлек, мемлекет жыл сайын 5% немесе 7% мөлшерінде сыйлықақы береді: 5% — қарапайым отбасылар үшін, 7% — халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға.

Сондай-ақ, бұл бағдарлама тек балаларға ғана арналмаған, аталған мемлекеттік көмек түрін сіз де, мен де аша аламыз.

Сөздерден сандарға көшейік. Мысалы, ата-анасы депозит ашатын сегіз жастағы бала мен шағын соманы алайық. Егер ай сайын 8500 теңгеден жинасаңыз, онда бала мектепті аяқтағанша 10 жылдың ішінде 1 млн теңге жиналады. Мемлекет пен банк оның үстінен 2 млн теңге береді. Осылайша жинақтаудың жалпы сомасы 3 млн теңгені құрайды.

Егер бала грантқа түссе, бұндай жағдайда ол өзінің басқа мақсаттары үшін мемлекеттік сыйлықақымен және банк сыйақыларымен бірге 3 млн теңгені пайдалануға немесе үшінші тұлғаға беруге, не болмаса білім деңгейін одан әрі көтеру үшін қаражатты жинақтауды жалғастыруға құқылы. Бұл отбасының экономикалық бюджетіне көрсетілетін үлкен көмек.

Егер бала грантқа түспесе, онда ол осы қаражатты төлеп білім алуға құқылы. Университеттің есеп шотына банк шотынан жыл сайын қаражат аударылады. Мәселен, оқудың алғашқы жылы 500 мың теңгені құрайды. Банк шотынан университет шотына 500 мың теңге аударылады. Дегенмен, мемлекет пен банк сыйақы беруді тоқтатпайды. Сондай-ақ, 2,5 млн теңгеге де мемлекеттік сыйлықақы беріледі. Осылайша жыл сайын сыйлықақы беріліп тұрады және ЖОО бітіргеннен кейін қалған қаржыны өзіне алуға құқығы бар. Бұған қоса, бұл тек қазақстандық ЖОО-лармен ғана шектелмейді: бала шетелдік жоғары оқу орындарына да түсе алады. Осындай бағдарлама бар.

Тағы айта кетерлік жайт, егер ол білім алуға жеткілікті қаражат жинап үлгермесе, онда ол мемлекеттік бағдарламаға қатысатын банктерден оқу несиесін ала алады. Бүгінгі таңда ондай банктер: Нұрбанк, Тенгибанк, Форте банк. Пайыздық мөлшерлемесі 10%-тен 20%-ке дейін. Мұның басты ерекшелігі — несие мерзімін 10 жылға дейін ұзартуға болады. Оқыту кезінде оған жеңілдік кезеңі беріледі. Оқу барысында ол негізгі қарызды төлемей, тек пайыздық берешекті ғана өтей алады. Ал негізгі қарызды ЖОО-ны тәмамдағаннан кейін, жарты жол өткен соң төлей алады. Аталған бағдарлама 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл да қажеттілік бойынша әзірленген бағдарлама.

— Енді жатақхана тақырыбына тоқталсақ. Биыл қанша жатақхана салынады және оларды кім тұрғызады?

—    Иә, айтқаныңыздай, Президенттің үшінші әлеуметтік бастамасында гранттармен қатар, жатақхана мәселесі де қозғалған. Мемлекет басшысы кем дегенде 75 мың орынға жатақхана салуды тапсырды. Мәселен, бір жатақхана 300–500 орынға дейін болса, жалпы Қазақстан бойынша 150–200 жатақхана салу қажет. Бұл енді ЖОО-лардың қажеттіліктеріне байланысты айқындалады.

Осындай көлемдегі жатақханалардың құрылысына едәуір көп қаражат жұмсалатыны анық. Қазіргі таңда университеттердің жатақханалар салу үшін жұмсаған шығындары қарастырылып жатыр. Шығындар бір жыл ішінде емес, 8 жыл ішінде өтеледі. Жоғары білім беру мекемелері немесе жатақханаларды салатын кез келген жеке кәсіпкер құрылыс жұмыстарын тұтастай өз қаражаттары есебінен жүргізбейді. Бұған қоса мемлекет тарапынан бір төсек орынға 82 АЕК түрінде көмек көрсетіледі. Бұл шамамен 197 мың тг тең.

Заңды тұлға 500 орынға арналған жатақхана тұрғызса, шамамен оған 8 жыл ішінде 100 млн теңгеге жуық қаржы аударылады. Осылайша, ол өз шығындарының басым бөлігін өтей алады. Бұдан өзге, жоғары оқу орындары немесе жатақханаларды салатын жеке кәсіпкерлер студенттерден аренда ақысын алып отыратынын ескерген жөн. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ЖОО да, кез келген заңды тұлға да көп шығын жұмсамайды.

«Қаржы орталығы» оператор ретінде қызмет етеді деп қарастырылуда. Бүгінде ережелер әзірленіп жатыр. Ережелерді әзірлеу үшін күн сайын әкімдіктермен, ЖОО-лармен, колледждермен, білім беру басқармаларымен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, жақында ғана Экономика үйінде ЖОО-лардың ректорларымен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының өкілдері де қатысты.

—    Қазіргі таңда аталған келісімдер бойынша белгілі-бір нәтижелер бар ма?

—    Жоспар бар, 2022 жылдың соңына дейін 160-200 жатақхана салынуы тиіс. Бүгінгі таңда біз қанша жатақхана салу керектігін есептеу үшін, әкімдіктерден ЖОО-лардың қажеттілігі туралы мәлімет алдық. Қажеттіліктер картасы әзірленіп жатыр, оған сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бірінші нысан 2019 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

—    Сіздің ұйымыңыз – «Қаржы орталығы» бұл іске қай жағынан атсалысады?

— Мемлекеттік білім беру тапсырысы қаржы орталығы арқылы жүзеге асырылады. Жатақхананы тек ЖОО ғана тұрғызбайды. Егер ЖОО-ның жеке қаражаты болмаса, ол инвесторларды тартып, жеңілдікті несиелер алу үшін банкке жүгіне алады. ЖОО мен жатақханаларды салатын жеке тұлға «Қаржы орталығымен» келісімшарт жасасады. Келісімшартқа сәйкес, жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін «Қаржы орталығы» мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы 8 жыл ішінде бір төсек орынға 82 АЕК төлейтін болады.

— Сұхбатыңызға рақмет.

 

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз