Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Өнеркәсіптік өндіріс өсімі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты: 2018 жылы Қызылорда облысы қалай дамыды

03 наурыз 2019, 13:30
Қызылорда облысы
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан өңірлерінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың әл-ауқатын, халық табысын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде іске асырылып жатыр.

Президент Жолдауларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды өңірде іске асыру бойынша Елбасы тапсырмаларын өңірде орындау барысы туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.

Қызылорда облысы 1938 жылғы 15 қаңтарда құрылған. Облыс Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Жалпы ауданы — 226 мың км2, бұл республика аумағының 8,3% құрайды.

Бүгінде Қызылорда облысы белсенді түрде дамып келеді — өңірде жаңа шағын аудандар салынып, мектептер мен балабақшалар ашылып жатыр, ауруханалар мен емханалар салынып, саябақ аймақтары мен сәулет жарасымдылығы жасалып, өндіріс дамып, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес белсенді түрде дамып келеді.

 

Индустрияландыру: 5 жылда өңдеу саласындағы өнім өндірісі 31,6% ұлғайды

Қызылорда облысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыруға бет алды. Соның нәтижесінде, 2017 жылы алғаш рет соңғы 4 жылда Қызылорда облысының жалпы өңірлік өнімінің көрсеткіші бойынша оң қарқын белгіленген — 2016 жылғы деңгейдің 100,8%.

2013 жылдан бастап 70-тен астам жаңа өндіріс пайдалануға берілді. 2018 жылы өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі шамамен 25% өсті. Ал өңдеу саласында өнім шығару 2018 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 31,6% ұлғайды.

2018 жылы облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 930,4 млрд теңгеге өнім өндірді.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында 2018 жылы жалпы құны 64,1 млрд теңгені құрайтын, 286 жұмыс орныын құрумен екі жоба іске асырылды. Олар:

1) «Тампонаждық цемент зауытының құрылысы» («Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС)

  • Жоба қуаттылығы — жылына 1 млн тонна;
  • Жүзеге асырылу орны — Шиелі ауданы;
  • Жұмыс орындары — 260 адам;
  • Нысан 2018 жылдың 11 желтоқсанында телекөпір барысында пайдалануға берілді.


2) «Әк шығару зауыты» жобасы («Премиум Класс-Строй» ЖШС)

  • Жоба қуаттылығы — жылына 75 мың тонна;
  • Жүзеге асырылу орны — Жаңақорған ауданы;
  • Жұмыс орындары — 26 адам;
  • Нысан 2018 жылдың қазан айында іске қосылды.

Соңғы үш жылда (2015 жылдан 2018 жылға дейін) өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 2,3 есе өсті, жалпы қосылған құн 12% астамға, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 22,7% артты.

Жалпы, облыс экономикасына 2013–2018 жылдары 1,7 трлн тг жуық тікелей инвестициялар тартылды. 2018 жылы инвестициялар көлемі 25,5% өсті, онда өсім негізінен кәсіпорындардың өз қаражаттарын салуды арттыруы (22,4%) есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 325,5 млрд тг құрады.

 

Агросекторды дамыту: жоғары сапалы дайын өнімнің 15 түрін экспорттау

Бірнеше жыл ішінде облыстың жалпы өңірлік өнім құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 2,5%-дан 3,7%-ға дейін өсті, бұл өңірдің экономика құрылымындағы сапалы өзгерістердің дәлелі.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 97,7 млрд теңгені құрады немесе 2017 жылғы тиісті кезеңінің — 101,6%-ы.

Есепті кезеңде 36,3 мың тонна тірідей салмақтағы мал және құс еті, 86,4 мың тонна сиыр сүті, 8,3 млн дана жұмыртқа өндірілді немесе тиісінше 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 3,4%, 1,9% және 23,8% құрады.

Соңғы 6 жылда экспортталатын өнімдердің тізімі 3 түрден 15-ке дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдың өзінде ғана ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 27%-ға өсті, ал 97% — өңделген өнімдердің үлесіне тиесілі. Облыс басшылығының алдында тұрған міндет — шикізатты өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу.

2016 жылы өңірде көптеген жылдардан бері алғаш рет бақша дақылдарының экспорты қалыпқа келтірілді, 2017 жылы — Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иранға, Моңғолияға және Өзбекстанға көкөністер мен мал экспорттала бастады, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майы жеткізілді.

Егер 2017 жылы облыс 2,2 мың қой экспорттаса, 2018 жылы қой экспорты 4 есеге артты; 8191-і Ресей Федерациясына және Иранға жеткізілді.

Бұдан өзге, биыл Қызылорда қаласында күніне 200 бас ірі қара мал мен 1000 бас ұсақ мал союға арналған заманауи ет комбинатын салу көзделген.

Су таяздығына қарамастан, 2018 жылы қызылордалық күріш өсірушілер 473 мың т жақсы өнім түсіріп, Моңғолия, Түркия және Ауғанстан нарықтарын игеріп жатыр.  

Өткен жылы өңірде дәстүрлі өндірумен қатар, ирандық сұрыпты өсіру басталды, ол Иранға экспортталады. Қазіргі таңда алғашқы партияны жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, бұл — 500 тонна ирандық сұрыптағы күріш, келісі 810 теңгеден — қазіргі экспорттық бағалардан 4 есе жоғары.

Оның үстіне, егіншіліктің дамуы суармалы жерлермен шектелетіндіктен, табыстылығы жоғары және суды аз талап ететін дақылдарды өсіретін алаңдарды, сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту мақсатында жемшөптік және жемдік астық егістіктерін ұлғайтуға басымдық берілуде. Мәселен, 2018 жылы күріш егістері 3 мың гектарға қысқарды, ал майлы дақылдарды, атап айтқанда, мақсары егу 2013 жылғы 1659 гектардан 2018 жылы 8404 гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл мақсары майының өндірісін ұйымдастыруға және 2018 жылы алғашқы рет осы өнімнің 50 тоннасын қытай нарығына шығуға мүмкіндік берді. Қытайға жыл сайын кемінде 2,4 мың тонна мақсары майын жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Осының арқасында өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының 28% өсуін қамтамасыз етуге болады.

2018 жылдан бастап өңірде соя және жемшөп дақылдары — судан шөбі, бал құмай секілді жоғары өнімді дақылдарды енгізу бойынша жұмыстар басталды.

2019 жылы күріш егістігін тағы 2171 гектарға қысқартып, оның орнына 4068 га жемдік дақылдардың және 1293 гектар картоп, көкөністер және бақша дақылдарын өсіру алаңдарын ұлғайту көзделген.

 

Арал балығы: балықты өнеркәсіптік өндіру көлемі артып жатыр

Кіші Аралда және оның төңірегіндегі көл жүйелеріндегі балық шаруашылығының қайта қалпына келуіне «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңін іске асыру ықпал етті. Балықшылардың ұмытылып кеткен дерлік кәсібі қайта жанданды — жағалауға жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары қайтадан теңізге шыға бастады, балықтарды өнеркәсіптік өндіру көлемі артып келеді. Өңірде балықты өңдеумен айналысатын 8 зауыт бар, олар өз өнімдерін таяу және алыс шетелдерге экспорттайды. 2018 жылы Арал маңында ауланған балық көлемі 8 мың тоннадан асты.

Ауланған балықтардың басым бөлігі өңірдегі балық өңдеу зауыттарында өңделеді. Аталған зауыттардың жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асады.

Бұдан өзге, төрт кәсіпорында өнімді Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін «Еурокод» экспорттаушының есеп нөмірі бар. Өткен жылы Польша, Голландия, Германия, Литва, Грузия, Украина, Ресей және Қытай секілді елдерге 3802,8 тонна балық өнімдері экспортталды.

Айта кетейік, 2018 жылы облыс алғаш рет Қытайға 80 тонна балық өнімін экспорттады.

 

Өнімді жұмыспен қамту: бір жылда жұмыссыздар мен өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 70% жұмысқа орналасты

2018–2020 жылдар өңірде жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша әрекет етіп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-дан астам өсті. Сонымен қатар, рейтинг нәтижесі бойынша, Қызылорда облысы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша үздік өңір болып танылды және «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталды.

Өткен жылы Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін әзірленген кешенді жол картасының аясында әр түрлі көздерден 32 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Осылайша, мыңнан астам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жалпы 4,3 млрд теңгеге шағын несиелер алды, 1 мыңнан астам шағын бизнес жобалары іске асырылды, бұл 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, олардың тіркелген субъектілер қатарындағы үлесі 75%-дан 83%-ға дейін өсті. Бұдан өзге, айналымы жылына 2 млн теңгеден асатын ШОБ субъектілерінің саны екі есеге артты.

Биыл өңірде осыған ұқсас Жол картасы әзірленді, оның аясында бизнесті дамытуға тағы 34 млрд теңге бағытталады.

Өз кезегінде ШОБ дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етті. 2018 жылдың қаңтар айында облыста аулаларды аралау жұмыстары жүргізілді, соның нәтижесінде 97,5 мың жұмыссыз бен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтар анықталды. Бір жыл ішінде жұмыссыздар мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтардың 68 мыңы немесе 70% жұмысқа орналастырылды, олардың 44 мыңы өнімді жұмысқа тартылды. Биыл қалған 30 мың адамды өнімді жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

29 738 адам жұмысқа орналастырылды, соның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 19 342 адам орналастырылды, жергілікті бюджет есебінен 6 613 адам қоғамдық жұмыстармен қамтылды, жастар тәжірибесіне — 2 701 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына — 1 082 адам тартылды. 2018 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында 11 384 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 10 925-і — тұрақты жұмыс орны. 2018 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 107% құрады.

Тұрғын үй құрылысы: баспананы пайдалануға берудің жылдық көрсеткіші 2,6 есеге өсті

Облыста 6 жыл ішінде шамамен 3 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тек облыс орталығында 2013–2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынған. Баспананы пайдалануға берудің жылдық көрсеткіші 2,6 есеге өскен: егер 2013 жылы 270 мың м2 пайдалануға берілсе, 2018 жылы — шамамен 700 мың м2.

Тұрғын үйдің елеулі үлесі халықтың өз қаражаты есебінен салынуда. Мәселен, былтыр 614 мың м2 салынды, жеке тұрғын үй 2017 жылға қарағанда 36,4%-ға көп. Өткен жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым ЖТҚ 4,5 мың учаскесіне жүргізілді, соңғы 4 жылда бұл көрсеткіш 28,5 мыңнан асты. 2019 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін тағы 3384 жер теліміне коммуникация жеткізіледі.

2018 жылы облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 70 тұрғын үй (1790 пәтер) салынды, оның ішінде 56-сы (1222 пәтер) пайдалануға берілді.

Жақын арада халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаты: көпбалалы отбасылар, мүмкіндіктері шектеулі жандар, жетім балалар және т.б. үшін тұрғын үймен қамтамасыз етудің арнайы өңірлік бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, өңірде экономиканың барлық салаларында МЖӘ-нің 118 жобасы жүзеге асырылып жатыр, құрылыс салуға бағытталған инвестициялар көлемі 34 млрд теңгеден асады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 93,3 млрд теңгені немесе 2017 жылғы тиісті кезеңнің 122,1% құрады.

699,6 мың м2 тұрғын үй немесе 2017 жылдың тиісті кезеңінің 114,3% пайдалануға берілді.

 

Көлік және логистика: Қызылорданың шағын аудандарындағы 132 көшедегі құрылыс және жөндеу жұмыстары

2018 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында жүк тасымалының көлемі 104,5 млн тоннаны құрап, былтырғы деңгейде сақталды (100%). Жүк айналымы 14 228,7 млн ткм құрады және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,4%-ға өсті.

Облыста автокөлікпен 397,4 млн жолаушы тасымалданды немесе 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Осы кезеңде жолаушылар айналымы 6,9%-ға артып, 6,977 млн жкм жетті.

Биыл Қызылордада «Шағын жолдарды дамыту» арнайы өңірлік бағдарламасы іске асырыла бастайды, оның аясында Қызылорданың шағын аудандарындағы 132 көшеде құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған мақсаттарға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бағдарламаны іске асыру 3 жылға шақталған.

 

Білім беру: апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілді

Білім саласында апатты мектептер мәселесі шешілді, олардың орнына 37 жаңа мектеп салынды, осы жылы Жаңақорған және Жалағаш аудандарындағы апатты мектептерді ауыстыру үшін тағы 2 мектеп салынады. Мектептерде үш ауысымдық білім беру мәселесі де шешімін тапты.

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100% қамтамасыз етілді. Балабақшалардың 71%-ы — жекеменшік екенін атап өткен жөн. 2013 жылдан бастап облыста осындай балабақшалардың саны екі есеге артты.



2017 және 2018 жылдары Қызылорда қаласындағы мектеп бітірушілердің 97% ЖОО-лар мен орташа арнайы оқу орындарына оқуға түсті. Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты бойынша Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында балаларды оқыту ұйымдастырылды, 2014 жылдан бастап 520 бала аталған гранттардың иегері атанды. Алғашқы 32 түлек 2018 жылы оқуын аяқтап, қазіргі таңда облыстың кәсіпорындарында жұмыс істеп жүр, ал 42-і түлек магистратурада оқуларын жалғастырып жатыр. Биыл 123 студент оқуын аяқтайды. Сонымен бірге, 2018 жылы Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына тағы 58 қызылордалық мектеп түлектері оқуға түсті.

Бұдан өзге, 2013 жылдан бастап облыс әкімі еліміздің жоғары оқу орындарында ауылдық жерлердегі аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды оқытуға грант бөледі, 2018 жылы гранттар саны 205-ке дейін екі есеге ұлғайтылды, бүгінде 900-ге жуық жігіттер мен қыздар — осы гранттардың иегерлері.

 

Денсаулық сақтау: медицина мамандарының тапшылығын азайту шаралары қабылданып жатыр

2018 жылы облыс әкімінің 30 жалпы практика дәрігерін даярлауға арналған арнайы гранттары тағайындады. Бұл шаралар медицина мамандарының жетіспеушілігін төмендетуге бағытталған.

2016 жылдан бастап Қазақстанның бес жетекші жоғары оқу орнында облыстық әкімдіктің гранты бойынша 42 резидент білім алып жатыр. Биыл өңірге қажетті мамандықтар бойынша алғашқы 16 білікті дәрігер оқуын тәмамдайды.

Бұдан өзге, 2018 жылы 720 дәрігер мен 767 маман өздерінің білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды.

Өткен жылы Қызылорда облысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропа елдерінде енгізіліп жатқан алдыңғы қатарды технологияларды қолдауға, денсаулық сақтаудың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға және алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) бойынша әлемнің үздік тәжірибелерін өңірге бейімдеуге мүмкіндік беретін «Өңірлер денсаулықты қолдайды» еуропалық желісіне елімізде бірінші болып қосылды.

Сондай-ақ, 2018 жылы Қызылорда облысында денсаулық сақтау нысандарының 86% жаңартылды. 6 жыл ішінде апатты ғимараттардың орнына 49 денсаулық сақтау нысаны салынды, ал қалған 8 нысанның құрылысын алдағы екі жылда аяқтау көзделген. Соңғы 5 жылда облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының 63% жаңартылды.

2018 жылы Арал ауданының Бекбауыл ауылында, Қазалы ауданының Өркендеу ауылында, Сырдария ауданының Ақжарма ауылында 3 ауылдық дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Арал және Қазалы орталық аудандық ауруханалары пайдалануға берілді. Шиелі орталық аудандық ауруханасының құрылысы аяқталуға таяп қалды, жақында Жалағаш аудандық ауруханасының құрылыс жұмыстары басталады.

Бұдан өзге, 300 орынға арналған көпбейінді аурухана салу жобасы әзірленіп жатыр, оған Қызылорда қаласының онкологиялық бөлімі де кіреді. Жобаны облыс орталығының сол жағалауында МЖӘ аясында жүзеге асыру жоспарда бар.

 

Әлеуметтік саланы цифрландыру: 29 жоба іске асырылды

Қызылорда облысы — қауіпсіздік саласын цифрландыру бағытында «112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі» жобасы бойынша пилоттық өңір. Жоба аясында өртке қарсы қызмет, полиция, шұғыл медициналық көмек, апаттық газ қызметі және төтенше жағдайлар қызметі секілді облыстың барлық жедел қызметтері біріктірілген. Осылайша, бір қоңырау арқылы қажетті қызметтерге жүгінуге болады.

Жалпы алғанда, 2018 жылы цифрландыру бойынша өңірде экономиканың әр түрлі салаларында 29 жоба іске асырылды. Мәселен, «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесі енгізілді, бұл ата-аналарға балабақшаға баланы қабылдау кезегін бақылауға мүмкіндік береді. Ал медициналық көмекті қолжетімді ету үшін Damumed жобасы жүзеге асырылған, оның аясында үйден шықпай-ақ, дәрігердің қабылдауына жазылуға немесе дәрігерді үйге шақыруға болады, сондай-ақ тағайындалған рецептілерді және зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көре аласыз.

Бұдан өзге, 2018 жылы облыста цифрлық технологиялардың облыстық басқармасы құрылды. Қазіргі уақытта өңірде цифрландыру бойынша 52 жоба іске асырылып жатыр.

 

Мәдениет және спорт: Қорқыт ата мұрасын насихаттау

Мәдениет саласында облыс үшін маңызды оқиға — Қорқыт атаның рухани мұрасын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне енгізу болды. Бұл шешім 2018 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында қабылданды. Аталған жұмыс өңірде бастау алып, Түркия мен Әзербайжанмен бірлесіп төрт жылға созылды.

2018 жылы дене шынықтыру саласында Қызылорда облысында 12 спорт кешені салынды. Оның ішінде МЖӘ аясында жеке инвесторлар қаражаты есебінен Жалағаш ауданының Таң ауылында, Шиелі ауданының Бестам ауылында, Шиелі ауданының Төнкеріс ауылында, Жаңақорған кентінде және Жаңақорған ауданындағы Сүттіқұдық ауылында 5 спорт кешені салынды.

2018 жылы Қызылордада Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионды реконструкциялау жұмыстары басталды.

2018 жылы облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 1343 медаль (441 – алтын, 421 – күміс және 481 – қола), Азия және Әлем чемпионаттарында 131 медаль (47 – алтын, 43 – күміс және 41 – қола) жеңіп алды. Спорт түрлері бойынша ҚР ұлттық құрама командасына облыстың 470 спортшысы қосылған. «Қайсар» футбол командасы ҚР чемпионатының премьер-лигасында 5-орынға ие болды.

2019 жылы Қызылорда облысында алғаш рет ерлер арасында бокс бойынша ҚР чемпионаты, сондай-ақ 10 мемлекет, соның ішінде АҚШ қатысатын парадзюдо бойынша халықаралық турнир өтеді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз