Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Алтын өндіру және автоөнеркәсіп: Шығыс Қазақстан облысы 2018 жылы қалай дамыды

15 ақпан 2019, 14:39
Шығыс Қазақстан облысы
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан өңірлерінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға, оның ел ішіндегі экономикалық ілгерілеуін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде іске асырылып жатыр. Аталған бағытта Шығыс Қазақстан облысында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.

Шығыс Қазақстан облысы 1932 жылы құрылған, республиканың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 1997 жылы өңір аумағына Семей облысы қосылды. Облыс аумағы 283 мыңнан астам км² құрайды. Әкімшілік орталығы — Ертіс және Үлбі өзендерінің қосылатын жерінде орналасқан Өскемен қаласы. Облыста 15 ауылдық аудан, 10 қала, 730 ауылдық және кенттік елді мекен, 239 ауылдық округ бар. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс халқы 1383,6 мың адамды құрайды.

 

Өнеркәсіптік өнім көлемі 1,8 трлн теңгені құрады


2018 жылдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,2% құрады. Өткен жылы 1,8 трлн өнеркәсіптік өнім (өсім – 9,3%) шығарылды. Ақтоғай тау-кен байыту комбинатында 48,6%-ға өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен мыс кенін өндіру 7,4%-ға, мыс концентраттарындағы мыс көлемі 13,8%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде өңделмеген және жартылай өңделген немесе ұнтақ түріндегі алтын өндірісінің 114,1% өскені байқалады, бұл «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС тау-кен-байыту кешенінің іске қосылуымен байланысты; сондай-ақ, «Азия Авто» АҚ жеңіл автокөліктер өндірісінің 18 250 бірлікті құрайтын өндіріс көлемінің артуына орай автокөлік құралдары, трейлерлер мен ашық тіркемелер өндірісінің – 159,9%-ға; азық-түлік өнімдерінің 107,7%-ға ұлғайғаны белгіленген.

Облыс экономикасына 488 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, бұл 2017 жылғы көрсеткішке қарағанда 5,5% артық. 2018 жылы мемлекеттік бюджетке 303 млрд теңгеден астам салық және басқа да міндетті төлемдер немесе болжамның 107% түсті.

 

АӨК дамыту: бір жылда ет өндіру көлемі 4,2% өсті

 

Облыстың экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің бірі — аграрлық сектор. 2018 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,2% артып, 506 млрд теңгеден астам сомаға өндірілді. Облыс республика өңірлері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі бойынша төртінші орында тұр.

Облыстың ауыл шаруашылығының жетекші саласы — мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. 2018 жылы ет өндірісі көлемі – 4,2%-ға, сүт – 4,3%-ға, жұмыртқа шығару – 0,6%-ға артты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы елімізде сүт өндіруде 1 орында болса, ет өндіруде – 2 орында. Ірі қара мал басы 6,4%-ға, жылқы саны – 12,3%-ға, шошқа – 0,7%-ға, құс – 0,9%-ға өсті.

Сонымен қатар, инновациялық тәжірибені енгізу және тарату бағдарламасы аясында мал шаруашылығы, ара шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы салаларында 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Облыстың шаруашылықтарында спутниктік навигациялық жүйелерді (GPS) пайдалана отырып, дәлме-дәл егіншілік элементтері енгізіліп жатыр, бірыңғай электронды база құру арқылы ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу және ауыл шаруашылығы алқаптарының электрондық карталарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде пайдаланылатын егістік жерлерінің 100%, жайылымдардың 53%, шабындықтардың 41% цифрландырылған.

Бұған қоса, сүт өндіру көлемін ұлғайту мақсатында 2015 жылдан бастап 37 сүтті-тауарлы ферма енгізілді, 55 сүт қабылдау бекеті құрылды. Бұл жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жұмыс көлемін 29%-дан 75%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Шетелдік серіктестермен бірлесіп ет өнімдерін қайта өңдеу және әлемдік нарықтарға экспорттау бойынша екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл — Семей қаласында жылына 30 мың тоннаға дейін өнім шығаратын ет өңдеу комбинаты және Аягөз ауданында 50 мың басқа арналған ет өңдеу өндірісі мен бордақылау алаңының құрылысы.

Бұдан өзге, 2019 жылы ҚХР-ға өнім жеткізудегі техникалық кедергілерді шектеу мақсатында қытайлық стандарттармен аккредиттелген зертхана ашылады. 1 млрд теңгеге оның жабдықтарын қытай тарапы өтеусіз негізде жеткізеді.

 

Жаңа әлеуметтік нысандар 18 мыңнан астам жұмыс орнын ашты

 

Нақты секторда жаңа өндіріс орындаорының ашылуы, шағын бизнестің дамуы және жаңа әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі есебінен өңірде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артық.

Халықтың атаулы ақшалай табыстары 16,8%-ға өсті, орташа айлық жалақы 133 мың теңгеден асты, жеке тұлғалардың депозиттері 10,2%-ға ұлғайды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, ең төменгі жалақының 1,5 есеге артуы облыстың бюджеттік саладағы 38 мың қызметкеріне тікелей қатысты, олардың еңбекақысы орта есеппен 35%-ға өсті. Облыстың 24 ірі кәсіпорны өз қызметкерлерінің жалақыларын ұлғайтты, жалпы алғанда 32,5 мың компания еңбекақыны көтеруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» (БЖК) бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады, оның негізгі индикаторлары бойынша облыс елімізде жетекші орынға ие. Соңғы үш жылда БЖК тетіктері арқылы 14,5 млрд теңгеге 826 жобаға қолдау көрсетіліп, 1,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.

«Даму» қорымен бірлесіп, экономиканың басым секторларында жалпы көлемі 3,3 млрд теңге болатын «Ақ ниет» жеңілдікті несие берудің өңірлік бағдарламасы іске қосылды. 3,7 млрд теңгеге 67 жоба қаржыландырылды.

Сонымен қатар, индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы құны 1,3 трлн тұратын 15,2 мың жұмыс орнын құрумен 71 жоба енгізілді, оның ішінде 808,9 млрд теңгені құрайтын республикалық маңыздағы 3 жоба бар.

2010 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде өңірде 572,1 млрд теңгеге 41 жоба енгізіліп, 7,2 мың жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 40 жоба 100% жүктемемен жоспарлы қуаттылыққа жетті, 1 жоба бойынша 2019 жылдың екінші жарты жылдығына өнім өндіруді бастау жоспарланған.

2018 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасының 6 жобасы жүзеге асырылды, оның жалпы сомасы — 135,7 млрд теңге, 1200-ден астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде инвестициялар көлемі 133,8 млрд теңге, өнімділігі жылына 2 млн тонна кенді құрайтын Бақыршық тау-кен байыту комбинаты пайдалануға берілді.

 

Туризм саласын дамыту: өңірдің ЖӨӨ-де туризм үлесін 3% дейін жеткізу көзделген

 

Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы — Жолдаудың алтыншы бағыты аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын іске асыру жалғасуда. 2017–2021 жылдар аралығында бағдарламаны іске асыруға 80 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, соның ішінде соңғы екі жылға — 52 млрд тг, оның 20,4 млрд теңгесін бюджеттен тыс қаражаттар құрайды.

Президент Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бағдарламаны іске асыру жалғасады, әсіресе археология саласында Тарбағатай ауданында «Елеке сазы» қорымында және Қатон-Қарағай ауданында «Берел» қорымында жұмыстар жалғасады.

Шығыс Қазақстан туризм саласын дамыту әлеуетіне ие. Жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесін 3%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алакөл көліне басымдық беріледі, мұнда туристер санын жылына 1 млн адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Үш жылда жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеге әуе және теміржол қатынасы ұйымдастырылды, жағалау абаттандырылды, жолдар салынды. Алакөл көлінің жағасын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан өзге, Мұзтау тауы, Марқакөл көлі, Бұқтырма су қоймасы, Киін-Керіш шатқалы, Ақбауыр табиғи-тарихи ескерткіші, Жидебай-Бөрілідегі Абай Құнанбаев музей үйінің мемориалды кешені, Қозы Көрпеш–Баян Сұлу, Еңлік–Кебек кесенелері, Ырғызбай ата ескерткіші де туризм саласына қызығушылықты тудыратын нысандар.

 

«Нұрлы жер» аясында 410 мыңнан астам м² тұрғын үй пайдалануға берілді

 

Тұрмыс сапасының маңызды көрсеткіші, экономика дамуының факторы — халықтың баспанамен қамтамасыз етілуі. 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 22,7 млрд теңге инвестициялар көлемімен 740,4 мың м² тұрғын үй құрылысы жүргізілді, оның ішінде 410,5 м² тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім 8% құрады. Жалпы 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 3,7% ұлғайды.

Бұдан өзге, 1,8 мыңнан астам пәтер «7–20–25» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді және өткізуге дайын тұр, бұл неғұрлым тиімді шарттармен және ұзақ мерзімге ипотекалық несие алу мүмкіндігін беретін бағдарлама.

«Баспана» АҚ ақпаратына сәйкес, биылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша облыста екінші деңгейлі банктер 3,4 млрд теңгеге 392 өтініш қабылдады, оның ішінде 2,3 млрд теңгеге 252-і мақұлданды.

Бұдан өзге, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2018 жылы Өскемен және Семей қалаларының аулаларын көркейтуге 1,6 млрд теңге бөлінді. 2019 жылы бұл мақсаттарға аудан орталықтарын, облыстық маңыздағы қалаларды және 100 ауылдық округті қамтуға 4,2 млрд теңге бөлінді.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2018 жылы жалпы құны 31,7 млрд теңге болатын, орталықтандырылған сумен жабдықтау және су тартуға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 50 жоба іске асырылды, оның ішінде 18 нысан 8,4 млрд теңгеге пайдалануға берілді. Шығыс Қазақстан облысы ауылдарының 53,7% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру аясында көліктік-логистикалық секторды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Семей қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. 2019–2021 жылдары Өскемен қаласының әуежайын жаңғыртып, Үржар ауданы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жоспарланған. Өңірлік ұтқырлықты жақсарту үшін жолдарды жөндеу жұмыстарына арналған қаражат 1,5 есеге ұлғайтылды. 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен облыстың автокөлік жолдарына 54,8 млрд теңге бағытталды, соның ішінде қалалық және ауылдық елді мекендердің көше-жол желілеріне 10,7 млрд тг бөлінді.

 

МЖӘ: 175 жоба жоспарлау және іске асыру сатысында тұр

 

Облыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) келісімшарттары мен концессиялар саны бойынша Қазақстанның өңірлері арасында көш бастап тұр. МЖӘ жобалары білім, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ), көлік және спорт салаларын қамтиды. Жалпы алғанда, облыс қоржынында 173,6 млрд теңгеге 175 жоба жоспарлау және іске асыру сатысында тұр. 2015–2018 жылдарға қол қойылған жобалардың ішінде — 32,6 млрд теңгеге 145 келісімшарт жасалды.

Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бірлескен қызметтің нәтижесінде 13 жоба бойынша 87,5 млрд теңгеге келісімшарттар мен келісімдерге қол қойылды. ЕҚДБ-мен портфельде барлығы 316 млрд теңгеге 102 жоба бар. Соның ішінде жылумен, электрмен, сумен жабдықтау, су тарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, Өскемен қаласының әуежайын жаңғырту, облыс орталығының және Семей қаласының қоғамдық көліктерін жаңғырту, қалалар мен аудан орталықтарының көшелерін жарықтандыру және Жарма ауданында күн электр станциясын салу жобалары бар.

 

Білім беру сапасын арттыру: апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелері толық шешілді

 

2018 жылы білім беру жүйесін дамытуға 122 млрд теңге бағытталды, бұл 2017 жылғы деңгейден 4,9%-ға жоғары. Облыста 2 мектеп пайдалануға берілгеннен кейін апатты мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер мәселелері толығымен шешілді. Мектеп білімімен қамтуды ұлғайту мақсатында 3 мектептің және мектепке қосымша бір корпустың құрылыс жұмыстары жалғасуда.

2018 жылы 1232 орынға арналған 16 жекеменшік балабақша ашылды. Мемлекеттiк-жекеменшiк әріптестiк келiсiмшарты аясында 66 жекеменшiк балабақша жұмыс iстейдi. МЖӘ келісімшарттары мен концессия аясында Семей қаласында 600 орынға арналған 2 балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталды, Өскеменде 500 орындық 2 балабақша салынып жатыр.

Жалпы, 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту 100% құрады. Мектепке дейінгі біліммен қамтылған 1–6 жас аралығындағы балалардың үлесі 78,7% құрайды.

Сонымен қатар, үш тілді білім берудің үш жылдық бағдарламасы жалғасуда. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысы — Кембридж жүйесі бойынша тілдерді оқытудың жаңа әдістерін қолданатын, атап айтқанда, қазақ және ағылшын тілдерінде оқытатын пилоттық аймақ. Бағдарлама бойынша тілдік пәндердің барлық мұғалімдері өздерінің біліктіліктерін жақсартты, оған қоса ағылшын тілін — тікелей тіл иелерінен үйренді. 2018 жылы алғаш рет 200 пән мұғалімі халықаралық емтихан тапсыра отырып, ағылшын тілін үйренді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстың барлық толық жасақталған мектептерінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына сәйкес жабдықталған 476 жаңа оқу кабинеттері ашылды, соның ішінде 277-сі — роботты техника кабинеті. Қаржыландыру 2,8 млрд теңге көлемінде бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылды. Информатика және роботты техника кабинеттерінің негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы базалық және функционалдық дағдыларды қамтамасыз етуге бағытталған 277 АT сыныбы ашылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Білікті маман» жобасы аясында өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрларға деген қажеттілікті ескере отырып, облыс мектептерінің түлектеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алуға төлеу үшін білім гранттары бөлінді. Барлығы 2017–2018 жылдарға ЖОО-ларда 646 білім гранты, соның ішінде республика ЖОО-лары үшін 46 грант бөлінді.

«Бес әлеуметтік бастама» аясында 2018 жылы Семей қаласында 700 орынға арналған Д. Қалматаев атындағы медицина колледжінің студенттеріне және электротехника колледжінің студенттеріне арнап екі жатақхана ашылды. Келешекте 4,2 мың орынға арнап тағы 11 жатақхана салу көзделген.

Облыста денсаулық сақтауды дамытудың негізгі қағидаты — бүкіл кәсіптік қызметте үздіксіз медициналық білім беру. Үш жылда онкология, қан айналымы жүйесінің аурулары, ана мен бала, травматология және хирургия саласы бойынша жетекші еуропалық клиникаларда медицина қызметкерлерін оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы аясында 153 маман оқытылды. 2020 жылға қарай облыстың 300 медицина қызметкері біліктілік деңгейін халықаралық деңгейге дейін арттырады.

Облыстың клиникаларын әлемдік жарақтандыру стандарттарына сәйкестендіру үшін әр түрлі қаржы көздерінен 18,8 млрд теңге салынды. 2019 жылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын 100% жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған.

2018 жылы Өскеменде бірегей Роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығы ашылды, Алтай мен Аягөз қалаларында заманауи жабдықтармен, соның ішінде компьютерлік томографтармен жабдықталған ІІ деңгейлі инсульт орталығы ашылды.  

Жалпы алғанда, іске асырылып жатқан барлық іс-шаралар облысты дамыту міндеттерін сапалы шешуге, адами капитал сапасын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Атқарушы мемлекеттік органдар қызметінің басымдығы — Мемлекет басшысының Жолдаулары, «Бес әлеуметтік бастамасы» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру тұрғысынан экономика мен қоғамдық сананы жаңғыртудың стратегиялық міндеттерін тиімді іске асыру.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз