Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астананың дамуы: әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және Жастар жылындағы жаңа жобалар

16 ақпан 2019, 13:28
Астана
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған негізгі бағдарламаларды іске асырудың маңыздылығы мен жаңа әлеуметтік саясатқа басымдық берді. 2018 жылы 20 жылдығы аталып өткен Астананы дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы РrimeМinister.kz материалынан оқыңыздар.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша, индустрияландыру, құрылыс, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 2018 жылы көзделген даму көрсеткіштеріне қол жеткізілді.

 

Елорданың 20 жылдағы басты жетістіктері

 

Өткен жыл елорда үшін мерейтойлық жыл болды. Астана Қазақстанның елордасы ретінде қалыптасудың 20 жылдық жолын еңсерді. Елорда әкімдігінде айтылғандай, осы кезең ішінде қаланың аумағы 3 есеге, салынған тұрғын үй көлемі 19 есеге ұлғайып, халық саны 4 еседен астам өсті. Егер 20 жыл бұрын орташа жалақы тіпті 10 мың теңгеге жетпесе, қазір ол 230 мың теңгеден асады. 1998 жылдан бастап жұмыссыздық деңгейі 12,8%-дан 4,5%-ға дейін төмендеді.

Әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының ауқымды бағдарламасының нәтижесінде 20 жыл ішінде 20-дан астам республикалық және қалалық денсаулық сақтау нысандары, 300-ден астам балабақша мен мектеп салынды.

20 жылда Астананың жалпы тұрғын үй қоры 4 еседен астамға артып, 20 млн м2 асты, оның ішінде коммерциялық құрылыс салушылар есебінен, бұл Астанаға сапалы тұрғын үймен қамтылу деңгейі бойынша көшбасшы болуына мүмкіндік берді. 2018 жылы елдік көлемнің төрттен бір бөлігіне жуығы — 2,4 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді.

 

Астананы жаһандық қала ретінде дамытудың негізгі бағыттары

 

Астананы дамыту мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауына алынған. Президент алға қойған жаңа мақсаттар мен міндеттер қаланың ұзақмерзімді дамуына түзетулер енгізуді талап етеді. Сол себепті әкімдік Астананың 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеуді қолға алды.

Бүгінде басты жаһандық сын-тегеуріндердің бірі — қарқынды кенттену үдерісі. Қазіргі таңда қалалар жаһандық және жергілікті құрылымдық өзгерістердің басты платформасына айналуда. БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай адамзаттың 70% астамы қалаларда өмір сүретін болады, қазір бұл көрсеткіш 54%-ға жеткен.

Астана — елеулі демографиялық әлеуеті бар миллионнан астам тұрғыны бар қала. 2030 жылға қарай халық саны 2 млн адамға жетіп, ал 2050 жылға қарай — 3 млн-нан асады деп болжамдалған.

Мемлекет басшысы Астананы креативті адамдар, таланттар, жастар, сондай-ақ туристер мен шетелдік инвесторлар тартылатын негізгі орталық болатын жаһандық қалаға айналдыру туралы міндет қойды. Әрине, ол үшін қала құрылысына қатысты көп орталықтылыққа бағытталған заманауи урбанистикалық шешімдерді, жаңа тәсілдерді пайдалануымыз қажет.

Осы орайда елорданы жаһандық қала ретінде дамыту бірнеше негізгі бағыт бойынша жүргізіледі деп жоспарлануда.

Біріншісі – адами даму. Қаланың басты капиталы — оның тұрғындары. Таланттарды тарту, олардың шаһардан кетуін болдырмау үшін қалалық ортаны өмір сүруге барынша жағымды әрі ыңғайлы ету керек. Бірінші кезекте, бұл — қолжетімді сапалы баспана, қауіпсіз қоғамдық көлік, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының жоғары сапасы, қоғамдық қауіпсіздік.  

Екіншісі — қаланың креативті экономикасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астананы тартымды туристік дестинацияға трансформациялау арқылы оны ақылды да мейірімді қалаға айналдыру жұмыстарына көп көңіл бөлінетін болады.

Бұл — қонақжайлылық атмосферасын қалыптастыру, тұрғындар мен туристер үшін қалалық сервисті жақсарту. Астана жаһандық сауда ағындарының хабына, ең ірі тұтыну нарығына және елдің негізгі көліктік-логистикалық торабына айналуы тиіс. Тиісінше бұл – қала қазынасына түсетін қосымша салықтар.

Үшіншісі — қалалық жоспарлау. Бұл стратегиялық қалалық жоспарлаудың жаңа форматына көшуді білдіреді. Осы орайда Астананың 2035 жылға дейінгі дамуының жоспары әзірленіп жатыр. Жоспарлаудың жаңа форматы инвесторларға қала дамуындағы басым бағыттарды және ұзақ мерзімді келешекте құрылыс бағытын көруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде қаланың инвестициялық тартымдылығын артырады.

Астананың халықаралық қаржы орталығының жұмысы қалада жаңа заманауи технологияларды дамытуға, FinTech жобаларды іске асыруға аса қолайлы жағдайлар жасап, іскери туризмді дамытуға жол ашады.

Оның айтуынша, қала стратегиясы тек «құрғақ» бюрократиялық құжат болмайды. Жаңа стратегия мүдделі тұлғалардың — қала тұрғындарының, кәсіпкерлердің, сарапшылардың, оның ішінде халықаралық сарапшылардың кең ауқымды пікірін ескере отырып әзірленетін болады.

Өз қаласының тағдырына немқұрайлы қарамайтын әрбір адамның Астананы одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарын айта алатын көптеген тыңдаулар өткізіледі. Барлық талқылаулардан кейін әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа стратегияны таныстыруды жоспарлап отыр.

 

Кәсіпкерлер қаласы: әрбір үшінші адам ШОБ саласында жұмыс істейді

 

Астана еліміздің экономикалық әлеуетінде ерекше рөл ойнайды. Мұнда республиканың жалпы ішкі өнімінің 11%-дан астамы шығарылады, еліміздің негізгі капиталына салынатын инвестициялардың 10%-ы қалыптастырылады.

Бүгінгі таңда қала экономикасының жартысынан көп бөлігі шағын және орта бизнес есебінен қалыптасып, 58,5% құрайды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша елордада 8 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың жұмысы өнім шығарылымын 21,9% астамға ұлғайтты,  бұл 3,5 трлн тг құрайды.

Соңғы сегіз жыл ішінде олардың саны шамамен бес есе өсті. Әрбір үшінші астаналық кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Бюджетке түскен салық түсімінің жартысынан көбі — шағын және орта бизнестің салықтары. Астана мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналды.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әрекет етіп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2%-ға өскен, бұл — шамамен 125 мың адам.

Қала тұрғындарына бәсекелі бизнес ортаны құруға көбінесе мемлекеттік қолдау құралдары көмектеседі. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы іске асырылып жатыр, оның аясында 177,7 млрд тг сомасына 1060 жоба мақұлданды. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне шағын несие беру бойынша «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жалпы 738,2 млн тг сомасына 64 жоба қаржыландырылды.

Несие ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» КДҚ» АҚ-мен бірлесіп, 2015 жылдан бері 5 жергілікті жоба: «Астана Бизнес», «Astana ZhasStart», «Astana StartUp», «Astana Service», «Astana Retail» іске асырылып жатыр. Жүзеге асырыла бастағаннан бері 7,5 млрд теңгеге 167 жобаға қолдау көрсетілді. Бағдарламаларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық нәтижесі — бүгінгі таңға дейін 9 мыңнан астам бұрыннан бар жұмыс орны сақталып, 6300 астам жаңа жұмыс орны ашылды, бюджетке түскен салық түсімдері 25 млрд тг құрады.

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2018 жылы 11 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сәйкес белсенді шаралармен 29 мыңнан астам адам қамтылды, бұл жоспардан 18% артық.

2018 жылы қала экономикасына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. Инвестиция құрылымында оң өзгерістер байқалады. Егер бұрын тартылған инвестициялардың жартысынан астамы мемлекет бюджеті есебінен болса, қазір оның үлесі едәуір азайды.

Қала инвестицияларының 90%-ын жеке бастамалар қалыптастырады, сондай-ақ, қаланың басты инвесторы — шағын бизнес екенін атап өткен жөн. Астана шетелдік капитал үшін аса тартымды бола бастады. Өткен жылы инвестициялардың жалпы көлемінің төрттен бірі шетелден келді.

2018 жылы үш жылдық бюджетті қалыптастыру аясында бағдарламалық-мақсатты бюджеттеу қағидаттары негізінде ауқымды жұмыстар атқарылды.  Дәлірек айтқанда, бюджеттік шығыстардың негізгі бағыттары қаланың жалпы даму стратегиясына байланысты болады.

Жаңа бюджеттік цикл аясында мемлекеттік сатып алуларды алдын ала жоспарлау тетігі қарастырылған, яғни, мемлекеттік сатып алудың негізгі конкурстары қазірдің өзінде жариялануы тиіс.

Астана әкімдігінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы бюджеттің өз-өзіне жеткіліктілігінің рекордтық деңгейіне қол жеткізілді. Жалпы шығындар көлемінде жеке кіріс үлесі 63% жетті, 2017 жылы бұл 51% құраған еді.

2018 жылы кәсіпкерлікті белсенді қолдаудың арқасында бөлшек сауда саласында 5%-ға 1 171,9 млрд тг дейін өсім болды.

Бүгінгі таңда Астана қаласының аумағында мыналар қызмет көрсетеді:

  • 25 сауда базары, оның ішінде: 8 мамандандырылған, 15 әмбебап, 1 коммуналдық, 1 көтерме;

  • 9 сауда-ойын-сауық орталығы;

  • 14 сауда желісі;

  • 24 950 астам орынға арналған 280 мейрамхана, бұл 2016 жылғы сәйкес кезеңнен 4300 орынға артық (2016 жылы — 20 650 орынға арналған 233 мейрамхана), орындар 47 жаңа мейрамхананың ашылуы есебінен ұлғайтылды;

  • 34 автосалон, олардың 11-і — Mercedes-benz, BMW, Toyota секілді әлемдік брэндтердің ресми дилерлері.

Көше саудасын заманауи форматта дамыту, сондай-ақ сыртқы түрін елорданың сәулеттік келбетіне ұқсату мақсатында «1000 орын — көше саудасы» бағдарламасы іске асырылуда.

Көше саудасына мыналар жатады: дөңгелекті дәмханалар, кофеханалар, наубайханалар, балмұздақтар, көкөніс-жемістер, газеттер, гүл дүңгіршектері, кәдесыйлар дүкендері және т.б.

2018 жылы «Astana» ӘКК »ҰК» АҚ жүргізген конкурстар нәтижелері бойынша кәсіпкерлермен 563 жер телімі (202-сі — көкөніс пен жеміс-жидекке, 61-і — азық-түлікке, 185-і — жылдам даярланатын тағамдарға, 50-і — гүлдерге, 26-сы — техникалық қызметке, 4-і — тұрмыстық қызметтерге, 9-ы — газеттерге, 3-і — кәдесыйларға, 22-і — балалардың бос уақытын өткізу орындарына, 1-і — қаржылық қызмет көрсетуге) бойынша алдын ала қосалқы жалгерлік келісімшарттарына қол қойылды. Жеке инвестициялардың көлемі шамамен 1,1 млрд теңгені құрады. 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

 

Өнімді жұмыспен қамту: мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 11 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

 

Елорда ең төменгі жұмыссыздық көрсеткіші бойынша көш бастап тұр: бұл көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 0,3% тармаққа төмен.

2018 жылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен 1 888 адам қамтылды, соның ішінде: 11 155 адам жұмысқа орналастырылды (тұрақты жұмысқа – 7571, уақытша жұмысқа – 635, қоғамдық жұмыстарға – 1930, жастар практикасына – 836, әлеуметтік жұмыс орындарына – 183). Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 733 адам жіберілді.

Жаңа нысандарды өткізу, сондай-ақ әрекет етуші кәсіпорындарды дамыту мен жеке бастамалар есебінен 2018 жылы 19 987 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Астанада 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша әлеуметтік мәртебесі жоқ адамдар саны 129 163 адамды құрады. Биылғы 4 қаңтардағы жағдай бойынша 73 015 азаматтың (56,5%) әлеуметтік мәртебесі анықталған.

2018 жылы 120 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдауға ие болды, оның ішінде 80 мыңнан астамы жасы бойынша зейнеткерлер, оның ішінде 89 — Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 24 148 — мүмкіндіктері шектеулі жандар, 4 644 — мүмкіндіктері шектеулі балалар, 9 177 — көп балалы отбасылар, 4 533— «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, 3 876 — аз қамтылған азаматтар.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 924 отбасыға (4 601 адам) тағайындалған.

 

Туризмді дамыту: үш басым бағыт анықталды

 

Астана өзін еуразиялық кеңістіктегі іскери немесе MICE іс-шаралар орталығы ретінде танытып үлгерді, атап айтқанда «Ресей мен ТМД-дағы іскерлік және оқиғалы туризмнің үздік қаласы» және «Іскерлік туризмге арналған жылдың үздік дестинациясы» ретінде «BusinessTraveller» бизнес саясаты саласында  жетекші әлемдік баспа марапаттарын алды.

Астана қаласының туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиясы әзірленді, онда Астана қаласының туризмін дамытудың үш басым бағыты анықталды, олар: MICE (Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions), қалалық және медициналық туризм. Биыл 40-қа жуық ірі іскерлік халықаралық шара өткізілді. Аталған шаралар 2018 жылдың ІІІ тоқсанында туристер санын 557,1 мың адамға дейін, соның ішінде резидент еместер санын — 140,7 мың адамға, резиденттерді — 416,4 мың адамға дейін ұлғайтуға жол ашты.

Биыл қалада Астананы іскерлік туризм мен инновациялар орталығы ретінде танытуға бағытталған ауқымды халықаралық шаралар өткізу көзделген, атап айтсақ: қала туризмі бойынша UNWTO VIII дүниежүзілік саммиті, ғаламшардың ірі әуежайлары мен әуе компанияларының басын қосатын «Routes Silk Road» Орталық Азиядағы алғашқы авиа бағыттар форумы, «Comic Con» костюмді фестивалі.

Басты оқиғалардың бірі «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында Женева қаласында негізделген «Seedstars» халықаралық бизнес-акселераторымен бірлесіп іске асырылып жатқан қалалық инновациялық алаңның ашылуы болды. Бұл «Seedstars» басқаратын ТМД-дағы алғашқы коворкинг орталық болмақ, оның желісіне 70 мыңнан астам стартапшы, кәсіпкер және инвестор кіреді.

 

Өнеркәсіп: жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындар ашылуда

 

2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі 601,7 млрд теңгені құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға артық. Өңдеу өнеркәсібінде шығарылған өнім көлемі 2017 жылға қарағанда 8,8%-ға артып, 505,1 млрд теңгені құрады.

Елордада жыл сайын жаңа жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған кәсіпорындар құрылып жатыр. Импортты алмастыру мақсатында 2018 жылы «Астана – жаңа қала» №1 АЭА Индустриалды паркінің аумағында жалпы құны 10,5 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба пайдалануға берілді және шамамен 730 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде №1 Индустриялық парк аумағында 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның инвестициялар көлемі —290 млрд теңге, оның ішінде 50 өндіріс пайдалануға берілді, қалған 20 нысан іске асырудың түрлі кезеңдерінде (құрылыс жұмыстары жүргізілуде, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және жобалау сатысында).

№1 Индустриялық парк бойынша игерілген инвестициялар көлемі 161,8 млрд теңгені құрады. 2010 жылдан бастап парктің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары 1 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығарып, қызмет көрсетті. Өнім экспорты 21,3 млрд теңгені құрады. Кәсіпорындарда 4 500 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындардың қызметінен түсетін салық түсімдерінің көлемі 68,8 млрд теңгені құрады.

2019 жылы құны 27,6 млрд теңге болатын төрт индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр, ол 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 7 млрд теңге сомасына екі жобаның құрылысы басталады.

 

Қолайлы өмір сүру: «Нұрлы жер» және «7–20–25» бағдарламалары белсенді түрде іске асырылып жатыр

 

Қалалық ортаның сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы Астана қаласының 2019–2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары қабылданды. Бұл — өмірдің маңызды бағыттарын қамтитын орта мерзімді кезеңге арналған іс-қимылдар жоспары. Өзгерістер көліктік инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газдандыру және нөсер канализациясы салаларына қатысты болмақ.

Көлік инфрақұрылымы саласында автомобиль көлігі деңгейінің жыл сайынғы 8-9%-ға өсуін ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 км жол, 2 көлік жол айырығын, 3 көпір, 1 жол өтпесін, 1 туннель, сондай-ақ жеңіл рельсті көліктің бірінші кезеңін (LRT) салу көзделген.

Білім беру саласында 2023 жылға дейін астанаға келушілер есебінен мектеп жасындағы балалардың саны 124 мыңға жуық жаңа оқушы орнын құрайды. Жетіспеушілікті жою үшін 37 мектеп және 10 қосымша құрылыс салынады. Бұдан өзге, балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамтамасыз ету үшін 25 жаңа балабақша салу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласында 15 нысан салу жоспарланған. Халыққа сапалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерін ұсыну мақсатында 150 км сумен жабдықтау желісі мен 81 км су тарту желісі салынады.

2-ЖЭО реконструкциялау қосымша 2~2,5 млн м2 тұрғын үй және коммерциялық ауданды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. 3-ЖЭО бірінші кезегін салу қаланың батыс және сол жақ бөлігінде жылумен қамтамасыз етеді, ал 3-ЖЭО 418 Гкал/сағат қуатты екінші кезегін салу МЖӘ тетігі арқылы жоспарланған. Сондай-ақ, 110 кВ үш қосалқы станцияның құрылысы және 110 кВ әуе желілерін реконструкциялау жоспарланған. Бұл ЖРК, Мыңжылдық Аллеясы, Железнодорожный кентін электрмен қамтамасыз етуге және қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Газдандыру бойынша 2020 жылға қарай бірінші кезеңде ЖЭО су қыздырғыш қазандарын газға көшіру жоспарлануда,  сондай-ақ тұрғын үй алаптарындағы шағын жеке қазандықтарды көшіру жоспарланған.  Бұл зиянды заттардың ауаға тарауын 30%-ға азайтады.

Кешенді жоспар аясында нөсерлі кәріз проблемасын шешу жоспарланып отыр. 2019 жылы жер бетіндегі ағынды суды кедергісіз бұруды қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылатын болады. Жалпы су жинау көлемі 5 жыл ішінде 13 мың га-дан 23 мың га өседі, 2030 жылға дейінгі игеру ауданының 66,2% құрайды.

Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыруға алдын ала 1,5 трлн теңге қарастырылған. Кешенді жоспарды іске асыру қаланың және тұтастай ел экономикасының дамуына оң әсер етеді. 5 жыл ішінде бюджетке 7 трлн теңге түседі, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 6 трлн жоспарланған. Бұл 300 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және 3 млн турист тартуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Астана өткен жылдағыдай тұрғын үй құрылысы саласында баспана салу бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Жыл басынна беру тұрғын үй құрылысына 285 млрд тг инвестиция бағытталған, бұл 2,4 млн м2 жуық тұрғын үйді (республикалық көлемнің 21%) пайдалануға беруге мүмкіндік берді, оның 2,3 млн м2 — көппәтерлі үйлер, ол республикалық көлемнің 40% құрайды.

Бұдан өзге, биыл Астана тұрғын үйді сатып алуға жағдай жасай отырып, ипотекалық несиелендіру нарығын қалыпқа келтіруге бағытталған жүйелі шешімдерді ұсынатын «7–20–25» бағдарламасын іске асыруға белсенді түрде кірісті.

Бүгінде Астанада екінші деңгейлі банктер 22,2 млрд теңге сомасына несиені мақұлдаған, бұл 1 533 отбасыны пәтермен қамтиды.

Бұдан өзге, қосымша ынталандыру үшін азаматтарға өз үйлерін алуға көмектесетін жаңа құралдар енгізілді. Білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үйді сатып алу үшін 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетуді көздейтін бағдарлама әзірленді. Мәселен, 2018 жылы алғашқы 100 сертификат бөлінді, 2019 жылы тағы да 2 000 сертификат бөлінеді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғастырылды. Бағдарлама аясында 14,2 млрд теңге қарастырылды, олар толық көлемде орындалды.

Есепті кезеңде 635 пәтерге арналған жалпы ауданы 62,2 мың м2 болатын төрт ТҮК құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, құрылыста проблемалық мәселелердің бірі болып аяқталмаған нысандар немесе құрылыс жұмыстары тым ұзаққа созылған үйлер мәселесі сақталып отыр. Қазіргі уақытта қалада сонда 29 нысан бар. Үлескерлер проблемаларын шешу мақсатында 2022 жылдың соңына дейін барлық проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жөіндегі жол картасы әзірленді. Ол нақты экономикалық есептерге негізделген және бұл мәселе жақын арада шешілетін болады.

Елімізде, соның ішінде астанада коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендету бойынша үлкен жұмыс орындалды. Нәтижесінде — осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қала тұрғындары үшін тарифтер электр қуатына — 13%-ға, жылумен қамтамасыз етуге — 9%-ға, сумен жабдықтау мен су тартуға — 10%-ға, қатты тұрмыстық қалдықтарды, лифт қызметтері және ПИК қызметіне — 5%-ға төмендеді. Орта есеппен коммуналдық қызметтер тарифтері 10% төмендеді.

Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің департаменті қаңтар айындағы әрбір түбіртекте тарифтердің өзгеруі туралы қосымша ақпарат жазылғанын хабарлады.

Электрмен жабдықтау бойынша (ҚҚС есептемегенде)

  • Жеке тұлғалар үшін тариф: 2018 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 11,4 теңге/кВтсағ; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 10,33 теңге/кВтсағ; төмендеуі – 9,3 %.
  • Заңды тұлғалар үшін тариф: 2018 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 16,01 теңге/кВтсағ; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 14,54 теңге/кВтсағ; төмендеуі – 9,18 %. 

Жылумен жабдықтау бойынша (ҚҚС есептемегенде)

  • Жеке тұлғалар үшін тариф: 2018 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 2 304,82 теңге/Гкал; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2 074,81 теңге/Гкал; төмендеуі – 9,98 %.  
  • Заңды тұлғалар үшін: 2018 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 3 556,39 теңге/Гкал; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 3 556,39 теңге/Гкал; төмендеуі – 0 %. 

Сумен жабдықтау бойынша (ҚҚС есептемегенде):

Жеке тұлғалар үшін тариф: 2018 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 41,26 теңге/м3; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 37,13 теңге/м3; төмендеуі – 10 %.

Су тарту бойынша (ҚҚС есептемегенде):

Жеке тұлғалар үшін тариф: 2018 жылдың басынан қолданыстағы – 34,81 теңге/м3; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 31,4 теңге/м3; төмендеуі – 10 %. 

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша:

  • Абаттандырылған сектор үшін: 2012 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 252,2 теңге/бір адамға; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 246,2 теңге/бір адамға; төмендеуі – 5 %.
  • Жеке сектор үшін: 2012 жылдың басынан қолданыстағы тариф – 276 теңге/бір адамға; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 262,2 теңге/бір адамға; төмендеуі – 5 %.

Тұтынушыларға арналған толық ақпарат Астана қаласы әкімдігінің сайтында, «Астана Энеросбыт» ЖШС, «Астана-ЕРЦ» ЖШС интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында көрсетілген.

 

Әлеуметтік инфрақұрылым: көлік жүйесін дамыту

 

Президент Жолдауында адами капиталды нығайтуға баса көңіл бөлінген. Сондықтан да 2019 жылы Астана әкімдігі қаланың өмірлік маңызды салаларын дамытуды жұмыстың негізгі бағыты ретінде белгіледі.

Денсаулық сақтау және білім беру салалары бұрынғысынша міндетті түрде басымдықты қаржыландырылатын салалар болып қала бермек. Осылайша, 2019 жылы білім беру және денсаулық сақтау салаларының инвестициялық жобаларын дамытуға 23,2 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі таңда Астанада мектепке дейінгі білім беретін ұйымдарда 48,5 мың бала тәрбие алса, 146 мың бала мектепте оқиды. Жыл сайынғы өсімді есепке алына отырып, биыл 7 мектеп пен мектепке жапсарлас 5 ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, екі мектеп, мектепке жапсарлас үш ғимарат, бір кәсіби бейімдендіру мектебінің және көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған  балабақшаның құрылысы жалғасатын болады.

Әлеуметтік маңызы бар нысандарға кіру жолдарын салу және 8 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізуге 5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде қала шетіндегі көшелердің жолдары да бар. Жалпы алғанда, көліктік инфрақұрылымды дамытуға 24 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады деп жоспарлануда. Аталмыш қаражат Кіші айналма жолдың құрылысына, жолдар мен тұрғын үй алаптарындағы, № 27 көшенің Ш. Бейсекова көшесі мен Тұран даңғылының арасында жатқан бөлігіндегі инженерлік желілерді күрделі жөндеуден өткізуге бағытталмақ.

Жергілікті бюджетті жеңілдетуге келер болсақ, күрделі шығындардан операциялық шығындарға көшу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, қызметтерді орындау сапасын және бюджетті үнемдеуді арттыруы тиіс сервистік келісімшарттар белсенді пайдаланылуда. Осыған байланысты 37 МЖӘ жобасының тізбесі құрылды. Ол тамақтандыру қызметтері, тасымалдау қызметтерін көрсету, денсаулық сақтау саласына байланысты қызметтерді ұсыну: отбасылық дәрігерлік амбулаторияларды ашу, мемлекеттік мекемелердің жиһаз қорын жабдықтау бойынша сервистік қызмет көрсету және т.б.

Қаланың тұрғындарының коммуналдық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру, сондай-ақ жалпы алғанда елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту мақсатында жаңа тұтынушыларды орталықтандырылған жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосу және бос уақытты өткізуге арналған парктерді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау арқылы Астана қаласының энергетикалық және коммуналдық кешенінің нысандарын жаңғырту және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Астана қаласының нөсерлік канализация жүйесін дамыту аясында, көшелерді, жолдарды, үйлерді, аулалар мен жаяужолдарды су басуға жол бермеу мақсатында желілік қондырғылар мен нөмерлі канализация құрылыстарын салу бойынша іс-шаралар жоспары біртіндеп орындалып жатыр.

Бүгінде Астана қаласының нөсерлі кәріз жүйесі 13 тазалау қондырғысынан және 3 су жинауыш тоғаннан, 380 км магистральді нөсерлі коллектор, кәріз жүйесінің су сіңіру және науалық арық желілері 12,93 мың гектар аумақтан жер үсті суларын ағызуды қамтамасыз етеді.

2018 жылы екі тазартқыш ғимарат (Логистикалық орталық ауданы, М2 жол көлік айырығы ауданы) құрылысы аяқталды, нөсер канализацияның жеті сорғы станциясын (Ш. Құдайберді көшесі, Абылайхан даңғылы, «Мечта» СҮ ауданы, Сығанақ және Сауран көшелерінің қиылысы ауданы, Республика даңғылындағы жерасты өткелі ауданы, «Француз орамы» ауданы, «Астана-Арена») қайта жөндеуден өткізілді, нөсер канализациясының магистральді коллекторы (Алаш тас жолындағы жол көліктік жол айырығы ауданы) қайта жөндеуден өткізілді. Бұл су жинау ауданын 700 га ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл тазартқыш ғимараттардың жалпы қуаттылығын тәулігіне 12,2 мың текше метрге дейін арттыруға жол ашты. Бұған қоса, жаңа темір жол вокзалы ауданы мен Тельман кентінің перспективалық құрылыс ауданында тазартқыш құрылыстарды салу басталды.

2018 жылы қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және ағын суларды уақытылы бұру мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды.

Железнодорожный тұрғын үй кешенінен Мұстафин көшесіне дейін ұзындығы 4,6 шақырым, диаметрі 1200 мм болатын су құбырының апаттық учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Nova City коттедж алабы және Вена орамынан су ағынын қамтамасыз ететін Е 29 көшесі бойынша кәріз коллекторы құрылысы аяқталды.

Биыл ұзындығы 21 шақырым болатын 22 көшеге жол салынып, жалпы ұзындығы 17,8 шақырымды құрайтын 13 орталық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 26,92 шақырым болатын 51 көшеге асфальт жабындысы төселді.

Ұлы Дала даңғылы бойынша Тұран даңғылынан Ш. Бейсекова көшесіне дейінгі, №29 көшенің Мәңгілік ел даңғылынан Тәуелсiздiк даңғылына дейінгі, Тәуелсіздік даңғылы бойынша Ұлы дала даңғылынан №29 көшеге дейінгі, Е22 көшесі бойынша Тұран даңғылынан Е102 көшесіне дейінгі аралықтарда, сондай-ақ Әскери қалашық аумағындағы көшелерде құрылыс жұмыстары басталды. Осы нысандардың құрылысы тек қана көліктік жүктемені азайту үшін ғана емес, көршілес ғимараттардың инженерлік және көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін де жүзеге асырылады.

Сонымен бірге көлік қозғалысын жеңілдету үшін қалада Р. Қошқарбаев даңғылының бойында, Ұлы Дала және Ақжол, Ш. Бейсекова көшелерінен өтетін жалпы ұзындығы 46 шақырым болатын Кіші айналма жол салынып жатыр. 2007–2018 жылдар аралығында 25,8 шақырым жол, 9 жол айрығы, көпірлер мен жол өтпелері салынды.

Жүргізілген жұмыстар қаладағы көлік қозғалысын жақсартты. Мәселен, Сарайшық пен Ш. Бейсекова көшелерінің аралығындағы жолдың жаңа учаскесі Қорғалжын тасжолындағы жүктемені 18%-ға, Орынбор  көшесіндегі жүктемені 26 % төмендетті. 

Ақмешіт, Түркістан, №24, Бұқар жырау, Қ. Рысқұлов көшелеріндегі құрылыс жұмыстарының аяқталуы «Экспо-2017» көрмесі ауданында көліктік қолжетімділікті қамтамасыз етті.

Өз кезегінде, Ақмешіт және Түркістан көшелері Мәңгілік ел даңғылындағы жүктемені 12%,  Қабанбай батыр даңғылындағы жүктемені 9% жеңілдетті. Бұдан өзге, осы көшелердің бойында орналасқан жаңа тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсету үшін қоғамдық көліктің 2 бағдары қамтамасыз етілді.

А. Байтұрсынов пен Ж. Нәжімеденов көшелерінің салынуы арқылы «Нұрлы жол» теміржол вокзалына кіру жолымен қамтамасыз етті. Соның арқасында ескі вокзалдың аумағындағы жолдардың жүктемсі 70%-ға төмендеді. Сондай-ақ, жаңа тұрғын үй кешендері мен «Нұрлы жол» бекетіне қызмет көрсету үшін осы көшелердің бойымен жүретін 6 қоғамдық көліктің бағдары іске қосылды.

 

Білім берудің қолжетімділігі: мектепке дейінгі біліммен қамту 90% дейін ұлғайды

 

Елордалық әкімдіктің хабарлауынша, соңғы екі жылда білім беру саласында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуда оң үрдіс байқалады.

Мәселен, 2016 жылы мектепке дейінгі білім беру 70% құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 90%-ға дейін өскен. Бұл ретте жеке секторды тарту маңызды рөл атқарады. Ол қамтылған балалардың жалпы санының шамамен 30% құрайды.

Мемлекет басшысының орта білім беруді жан басына қаржыландыруға сатылап көшіруді қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап елордалық 80 мектеп (5 дарындыдан басқа) көшті.

Бұдан өзге, мемлекеттік тапсырыс 3 мың орынға 15 жекеменшік мектептің 8-іне орналастырылды, онда бір оқушыға шығын жылына орта есеппен 160-дан 250 мың теңгеге дейін құрайды. Кейін олардың саны көбейеді (Ақбұлақ-1, Ақбұлақ дамыту орталығы, Экономикалық лицей, Алпамыс, Нұрорда, Орталық экономикалық мектеп, Елордалық, Спектрум мектебі, Хейлибери). Аталған шара ата-ана төлемін төмендетуге мүмкіндік береді және мектептерге ақыны көтерестен, сапалы білім беруге жол ашады.

Жекеменшік мектептер желісін кеңейту жұмысы жандандырылды. Астанада жаңа оқу жылында 4 жаңа мектеп ашылды, алдағы 2 жылда 6-7 мың орынға арналған жаңа жекеменшік мектептер салу жоспарланып отыр, соның ішінде бұл жұмыс инвестициялар тарту арқылы да іске асырылмақ.

Астанада бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен осы оқу жылына 4 млрд теңге бөлінген. Мектеп асханаларында азық-түлік сапасына үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Мониторинг нәтижелері бойынша жосықсыз жеткізушілер анықталады.

 

Денсаулық сақтау сапасы: мамандар тапшылығын төмендету және медициналық білім беруді жаңғырту

 

Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігер жүктемесін азайту мақсатында амбулаторлық емханалар желісі қайта ұйымдастырылуда. 2018 жылы жалпы практика дәрігерінің 105 учаскесі ашылды. Осылайша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің көрсеткіштеріне қол жеткізілді және азаматтар алғашқы медициналық көмекке қол жеткізді.

Бұдан өзге, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында отбасылық «Үй жанындағы дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулаториясын ашу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қала тұрғындарына барынша қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту аясында 7 емхана ашылды.

Жоба аясында қала маңындағы аудандарға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, жеке инвестициялар есебінен Пригородный және Өндіріс тұрғын аудандарында дәрігерлік амбулатория салынды.

Медициналық қызметтер сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі — кадрлар тапшылығын азайту және медициналық білім беруді халықаралық стандарттарға көшу арқылы жаңғырту. 5 мыңнан астам адам біліктілікті арттыру курстарын аяқтады. Олардың ішінде 80 адам әлемдегі үздік клиникаларда білім алды.

«SMART медицина» жобасын іске асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, ол процестерді автоматтандыру ғана емес, сонымен қатар дәрігерлерді күнделікті құжаттарды ресімдеуден босату және медициналық құжаттаманы жүргізудің электрондық форматына көшіруден тұрады, бұл науқаспен көбірек байланысуға және диагнозды және емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Компьютерлік техникамен қамтылу 100% құрайды. Құжаттарды цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жасалды, 1 миллионнан астам медициналық құжаттар электрондық форматқа көшірілді. Қазірдің өзінде Астана тұрғындарының 95%-ында электронды денсаулық паспорты бар, ол болашақта жаңа медициналық құжаттармен жаңартылып, науқас туралы барлық ақпаратты сақтайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында халықпен, медициналық қауымдастықпен және қаланың жұмыс берушілерімен түсіндіру және дайындық жұмыстары жүргізілуде, елорда клиникалары жалпыға ортақ сақтандыру жүйесінде жұмыс істеуге дайын.

 

Цифрландыру: жаңа технологиялар жолдардағы өлім-жітімді 2 есеге азайтуға мүмкіндік берді

 

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында экономиканы дамыту мен қала өмірінің сапасын жақсартудың іргетасына айналған цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлген.

Астанада Smart Astana технологиялары қолданылуда. Заттар интернеті (Ақылды жарықтандыру), Big Data, Smart білім беру, Smart медицина, электронды ПИК жобасын іске асырудың бірінші кезеңі басталды.

Әкімдіктің iKомек бірыңғай байланыс орталығының көмегімен апта сайын жүйелік мәселелердің рейтингі қалыптастырылып, талданады. Өткен жылы азаматтардың 1 млн-нан астам өтініштері қабылданып, қаралды.

Елімізде алғашқылардың бірі болып «Сергек» бейнебақылау бойынша МЖӘ жобасы іске асырылды, Астана жолдары елімізде ең қауіпсіз жолдарға айналды. Өлім-жітім екі есеге азайды (48%). Жол көлік оқиғаларының саны 15%-ға төмендеді, ЖКО жарақат алғандардың саны 16%-ға азайды.

2019 жылы Астанада «ақылды қала» қаңқасын қалыптастыру жұмысы аяқталады.

 

Жастар жылы: Астанада мамандандырылған ресурстық орталық пен виртуалды музейлер ашылады

 

2019 Жастар жылы деп жарияланды. Қазіргі таңда «Астана жастары–2019» өңірлік жол картасы әзірленген. Құжат 11 негізгі сланы қамтитын 90 жобадан тұрады. Бұл — жастар инфрақұрылымын дамыту, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді тұрғын үй, бизнесті дамыту және қаржылық сауаттылық, талантты жастарды қолдау және басқа да маңызды бағыттар.

Осыған орай, Жастар жылы аясында елордада жастар ресурстық орталығы ашылмақ. Аталған орталық қаладағы барлық жастар ұйымдарының институционалдық қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ жастар ұйымдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, онда Азаматтық бастамалар орталығы және «Рухани жаңғыру» жобалық офисі орналасады.

Астанада алғашқылардың бірі ретінде «2019» қысқа нөмірімен байланыс орталығы іске қосылды. Ол жастарға жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік, тұрғын үй және білім беру мәселелері бойынша жан-жақты құқықтық кеңес береді.

Жастар инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2018 жылдың басында елордада 16 аула клубы жұмыс істеді, ал қазіргі уақытта — 32. Биыл аула клубтарының санын кем дегенде 50-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы тапсырмаларын іске асыру 2019 жылы да жалғасын таппақ. Елорда әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп 2020 жылға дейін Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.

Мектептерде тарихи-археологиялық қозғалыстар, бірнеше виртуалды музейлер, өлкетану музейлерін ұйымдастырып, мұрағат материалдарын цифрландыру көзделген. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп 2020 жылға дейін Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бозоқ халықаралық деңгейдегі мәдени, туристік және ғылыми-зерттеу орталығына, сондай-ақ Еуразия аймағындағы археологиялық және этнографиялық зерттеулердің ғылыми-әдістемелік негізіне айналады.

«Киелі Астана» жобасы аясында төрт археологиялық нысан аумағында тарихи ескерткіштерді зерттеу үшін экспедициялар ұйымдастырылады. Олардың нәтижелері бойынша арнайы кітаптар, журналдар мен фотоальбомдарды шығару жоспарланып отыр. Бұл шаралар астана туризмінің іскерлік бейнесін дамытуға ғана емес, сондай-ақ елорданың тарихи-мәдени әлеуетін арттыруға да ықпал етеді.

Бұдан өзге, Астанада «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» тарихи реконструкциялардың жалпы ұлттық клубы құрылады. Астанада және еліміздің басқа да өңірлерінде оның негізінде ежелгі сақтардың, ғұндардың мәдениетіне, ұлы түркі қағанаттарының дәуіріне арналған фестиваль өткізіледі.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз