Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету кезінде әлеуметтік сала нысандарына басымдық беріледі

26 қыркүйек 2017, 10:40
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық жерлердегі білім беру және денсаулық сақтау нысандарын кең жолақты Интернет желісімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ауылдарды Интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске асыру кезінде республикалық бюджетке біржолғы жүктемесіз мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасын пайдалану туралы шешім қабылданғанын айтты. Бұл үшін сервистік келісімшарт моделі — ұзақмерзімді қызметті сатып алу таңдалды. Мұндағы мемлекеттік қолдау шарасы — тұтынудың ұзақмерзімді кепілдемесі болады.

Конкурсты жеңіп алған инвестор үш жыл ішінде тоқсан сайын желілерді іске қосады және 1 800-ге жуық ауылды желімен қамтамасыз етеді, ал мемлекет 14 жыл ішінде қызметтердің кепілдендірілген сатып алуын қамтамасыз етеді деп болжанған.

ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қазіргі таңда интернет білім беру жүйесін дамытудың маңызды элементі екенін айтып өтті. Бүгінде Қазақстан мектептерінің басым бөлігіне цифрлық оқыту ресурстары қолжетімді — бұл 80 мыңнан астам материал, олардың ішінде үш тілде интерактивті және мультимедиялық сабақтар, видеолар бар.  

Олар оқыту процесін толықтыратын материалдар, әсіресе шағын жинақты мектептер үшін өте қажет. Сондай-ақ, электронды күнделіктерді тұтастай пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Осының барлығы үшін жоғары жылдамдықты интернет керек.

Бүгінде интернетпен қамтамасыз ету жағдайы қанағаттанарлық екені аталып өтті. Жалпы республика бойынша 6 956 мектеп немесе 98% желіге қосылған, алайда секундына 4 мегабитпен кең жолақты интернетке тек 34%-ы қосылған. Соңғы екі жылда аталған көрсеткіш 9%-ға ұлғайтылған. Сондықтан да осы жобаны іске асыру білім беру жүйесін дамыту үшін маңызды демеу болады.   

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау желісін 6 030 нысан құрайтынын, сонымен қатар қалалар мен аудан орталықтары деңгейінде Интернетке 100% қосылғанын, дегенмен шалғайда орналасқан елді мекендерде интернетке қолжетімділікке қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін мәлімдеді. ҚР-да 166 аудандық және ауылдық аурухана мен емхана бар, олардың 85% желіге қосылған, ал 50-ден 800-ге дейінгі адам тұратын елді мекендерде медпунктердің интернет желісіне қосылуы 4%-ды құрайды.

Осылайша, денсаулық сақтау жүйесінде желіге қосылмаған нысандар саны 3 715-ті құрайды. Сондай-ақ, ұсынылған жоба аясында кең жолақты интернетке 1 700 нысанды (50%-ын) қосу жоспарда бар. Осыған орай, қалған нысандарды қосу үшін байланыстың өзге тәсілдерін, соның ішінде телефон операторлары қызметтерін қарастыру көзделген.

Үкімет отырысы аясында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндамаларымен таныстырды.