Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Азаматтарға Мемлекет басшысының жасампаздығы мен жігерлілігі ұнайды — сарапшылар ҚР Тұңғыш Президенті күні туралы

01 желтоқсан 2018, 10:42
Фото: primeminister.kz

ҚР Тұңғыш Президенті күні — бүкіл Қазақстан халқы үшін жалпыхалықтық мейрам, бұл күні тәуелсіз мемлекеттің мәртебесінің биіктігі паш етіліп, елдің мемлекеттік саясатының қалыптасуындағы, оның дамуы мен әлемдік аренада ілгерілеуіндегі қол жеткізген көрнекті жетістіктері үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірілетін күн.

Танымал сарапшылар РrimeМinister.kz материалында осы күннің маңыздылығы мен Тұңғыш Елбасының Қазақстанның өмірі мен дамуындағы рөлі туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Қазақстан мемлекетінің дамуының тарихи жолы тікелей Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының даналығы мен саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстан экономикалық дамуының жүйелі стратегиясын жасай алды. Н. Назарбаев тарихқа есімі егемен Қазақстанның ең керемет жетістіктерімен байланысты тұлға ретінде мәңгіліккке енді. Өркендеу жолында өз халқына қызмет ету бірінші президенттің бүкіл саяси жұмысының негізгі мақсаты және оның өмірінің мәні болып табылады.  

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары С. Көшкімбаев атап өткендей, Қазақстанның және қазақстандық көшбасшының бітімгерлік бастамалары қазақстандық сыртқы саясаттың «классикалық фирмалық мәзірі» болып табылады. Бірінші кезекте, бұл ядролық қырып-жоюға қарсы тұру, бұл орайда осы мәселеге айрықша көңіл бөлетін Қазақстан Президентінің үлесі белгілі. Қазақстан Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей сынақ ядролық полигоны жабылды, бұл бүкіл Қазақстан халқы үшін маңызды шешім болды. Дәл осы шешімі үшін Нұрсұлтан Назарбаев әлем тарихына ядролық қырып-жоюға қарсы тұруда аса қомақты үлес қосқан саясаткер ретінде мәңгілікке енді.

«Тағы бір маңызды аспект, Астананың жаһандық ауқымда аса маңызды келіссөздер алаңына айналуы болды, яғни түрлі тараптар келіссөздер жүргізетін азиялық Женева тәрізді. 11 раундтан тұрған сириялық келіссөздер өзінің нәтижелілігін көрсетті, миллиондаған сириялықты толғандыратын аса маңызды мәселелер қаралды. Осы Астанада, Қазақстанның геосаяси күш-жігерінің арқасында, келіссөздер өтіп, кепіл елдер үшін нәтижелі болды», — деді С. Көшкімбаев.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан бастапқыда таңдаған стартегияның — ынтымақтастық және диалогқа негізделген кооперациялық тәсілдің, көпбағытты дипломатияның да маңызы зор.

«Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясаты түрлі құрылымдар мен бірлестіктерде ашық форматта қатысу, диалогқа әзір болу мақсатында құрылған. Осының арқасында Қазақстан өзара қырғи-қабақ болып отырған әлемдік көшбасшылардың қарым-қатынасын орната алды», — деді С. Көшкімбаев.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы А. Жарылғапова Тұңғыш Президент Күні — Елбасының Қазақстанның дамуына қосқан айтулы үлесін атап өту мүмкіндігі деді.

«Президент бүкіл мемлекеттіліктің қалыптасуының басында тұрды. Бұл халық үшін қиын кезең еді, себебі, кеңес одағы кезінде болған жүйе енді тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз ете алмады. Тәуелсіздіктің басында Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен нөлден көптеген мемлекеттік институттар құрылып, елдің басты заңы – Конституция қабылданды, ұлттық валюта теңге енгізілді, нарықтық экономикаға көшу басталды, астана көшіріліп, жаңа елорда Астан салынды. Сол кезден бері Республиканың ішкі және сыртқы саясатында көптеген оқиғалар болды, соның арқасында Қазақстан бүгінде халықаралық аренада әлемнің  ең динамикалы дамып келе жатқан елдерінің бірі ретінде саналып отыр. Мәселен, 2018 жылы Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнесті жүргізу» рейтингінде 190 елдің ішінде 36 орынды иеленді», — деді А. Жарылғапова.

Оның пікірінше, Қазақстанның әлемдік саясатын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі Президенттің Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қоюы және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы болды. Бұл Қазақстанға бейбіт бастамаларды және жаһандық қауіпсіздіктің сындарлы мәселелерін шешуде диалогты қолдайтын мемлекет имиджін сақтауына мүмкіндік берді. Мәселен, 1992 жылы Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы аясында Азияда Өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы идеясын жариялады. Бүгінде ұйымның мүшелері құрлықтың аумағы мен халықтарының 90% құрайтын 26 мүше мемлекет болып табылады.

«Тағы бір дәлелі, елордада Сириядағы мәселелерді реттеу бойынша келіссөздердің сәтті жүргізілуі бола алады. Жақында Астана процесінің 11 раунды аяқталды. Әлем қауымының Қазақстанның және Президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметінің маңызды рөлін мойындауының дәлелі 2017 жылы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болуы бола алады. Төрағалық ету аясында жаппай қарусыздандыру және терроризммен күрес мәселелеріне ерекше назар аударылды», — деді ол.

Жалпы, А. Жарылғапованың ойынша, Президенттің жүргізіп отырған саясатының табыстылығының факторы — инновациялар мен технологиялық прогреске ашық демократиялық бейбіт қоғам құру идеясын тұрақты ұстану, сонымен қатар жақын да, алыс та шетелдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға тырысу.

Өз кезегінде әлеуметтік және имидждік зерттеулер бағдарламасының жетекшісі, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Серік Бейсембаев жиі жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық қолдауға ие болуының тұрақты жоғары деңгейін көрсетіп отырғанын мәлім етті.

«Азаматтардың ел Президентіне деген ізгі ниетінің келесі негізгі факторларын атап өтуге болады: Біріншіден, қазақстандықтар 2000 жылдардың басынан бері экономикалық өсім нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейі артқанын атап өтеді. Көпшіліктің пікірінше, бұл уақыт ішінде азаматтардың тұтынушылық мүмкіндіктері арта түскен, сонымен қатар сапалы инфрақұрылымдық өзгерістер орын алған. Қазір Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы, жалақыны көтерумен байланысты, тұрғын үйдің қолжетімділігі және жастар үшін жағдайлар жасаумен байланысты бастамалары жоғары қолдауға ие», — деді ол.

С. Бейсембаев атап өткендей, екіншіден, азаматтар үшін атап айтқанда, этникааралық қарым-қатынастарда еліміздегі саяси тұрақтылықтың маңызы зор. Қазақстандықтар еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге кикілжіңсіз даму мен еліміздегі қоғамдық келісімнің арқасында қол жеткізілгенін атап өтеді.

«Үшіншіден, президенттің қоғамдық қолдауға ие болуы оның жеке басының қасиеттерімен байланысты. Азаматтарға Мемлекет басшысының жасампаздығы мен жігерлілігі ұнайды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының кемел саяси көшбасшы қандай болуы керектігіне қатысты талаптарына сай келеді. Бұл оның іскерлік те, жеке басының да қасиеттеріне байланысты. Мәселен, президенттің ең басты имидждік сипаттамалары ретінде “дана”, “көреген”, “дипломаттық” қасиеттерін атап өтуге болады», — деді сарапшы.

Жалпы, С. Бейсембаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімнің жоғары болуы Қазақстандағы саяси жүйенің тұрақтылығының маңызды факторларының бірі болып табылады. Президент жинақтаған символдық капитал биліктің басқа тармақтарына да таралып, еліміздегі бүтін саяси конструкцияға тұрақтылық береді.

Еуропалық құқық және адам құқығы Сараптамалық институтының директоры М. Башимов Тұңғыш Елбасының әлемдік аренадағы аса маңыздылығын және Қазақстанның халықаралық саясаттағы бітімгерлік рөлін атап өтті.

«Қазақстан ұстанатын бітімгерлік саясат барлық елдермен, түркі дүниесімен де, Еуропалық одақ, Қытай, Ресей, АҚШ-пен де өзара достық қарым-қатынасқа негізделеді. Халықаралық қауымдастық Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі көшбасшы ретінде кеңінен таниды», — деді М. Башимов.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан халқы табанды да жасампаз еңбегінің арқасында дамудың дара жолын таба алды. Президенттің дана саясатының арқасында бүгінде біздің еліміздің экономикасы тұрақты әрі динамикалы дамып келеді, халықтың әл-ауқаты жақсаруда, қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы сақталған.

Еске салайық, Тұңғыш Елбасы күні Парламент Сенаты қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес 2011 жылдың желтоқсан айында белгіленді. Мереке 2012 жылдан бері елімізде аталып өтілуде. 1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесі бойынша Н. Назарбаев Қазақ КСР-інің президенті болып сайланды. Алғашқы президенттің алғашқы қадамдарының бірі 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы заңға қол қоюы болды. Ал алты күн өткен соң, 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес мемлекеттік тәуелсіздікті жариялады, бұл Қазақстанның егемен мемлекет ретінде жарияланғанын білдірді. 1991 жылдың желтоқсан айының алғашқы күндері еліміз үшін шынымен де айқындаушы кезең болды, тәуелсіз Республиканың даму жолын салып берді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз