Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Digital Bridge форумының қатысушыларымен инновациялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады

05 қараша 2018, 18:15
Фото: primeminister.kz

Бүгін Digital Bridge халықаралық форумының жұмысы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев шараға қатысушылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді: Startup Genome бас директоры Ж.-Ф. Готьемен, AP-Swiss басқарушы директоры Ж. Ашашпен және Global Catalyst Partners инноваторы К. Элахианмен кездесті.

Кездесулер барысында цифрландыруды дамыту, инновациялар және экономиканың түрлі салаларына заманауи жобаларды енгізу мәселелері бойынша пікір алмасылып, цифрлық әзірлемелер мен автоматтандырылған жүйелер салаларында ірі жобаларды жасау және дамытуға қатысты ынтымақтастық келешегі қаралды.

Global Catalyst Partners қорының негізін қалаушы Камран Элахианмен цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған заманауи және жоғары технологиялық шешімдер тұрғысынан салаларды дамыту мәселесі талқыланды. Б. Сағынтаев атап өткендей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өршіл міндеттер қойылған: жаңа технологияларды енгізуге, цифрлық теңсіздікті төмендетуге, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтуға баса назар аударылған.  

Global Catalyst Partners — халықаралық, көпсатылы, технологиялық бағдарланған венчурлық капитал фирмасы. GCP компанияларға технологияларын дамытуға көмектесу үшін және ең бастысы, сәйкес клиенттерін сәйкестендіру үшін ауқымды стратегиялық корпоративті желіге ие. АҚШ-та кеңейтілген қоржынының болуымен қатар, компания Қытайда, Үндістанда, Израильде, Сингапур мен Жапонияда құрылған компанияларды қаржыландырады.

AP-Swiss басқарушы директоры Жозе Ашашпен екіжақты кездесу аясында Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару, көлік логистикасы және қауіпсіздік, жаңартылатын энергия көздері салаларындағы өзара іс-қимыл келешегіне көңіл бөлінді.  

AP-Swiss — швейцарлық компания, өз қызметін ғарыш технологиялары саласына арнаған. Компания міндеті — ҒЗТКЖ пайдасы бар, өзін-өзі қолдайтын өнімдерге трансформациялау. Компания желілік инфрақұрылым мониторингі, ұшқышсыз байланыс, сумен қамту инфрақұрылымы, жоғары вольтті инфрақұрылым, жүктердің интеллектуалды мониторингі және ұшақтар мен жер серіктері арасындағы байланыс тәрізді жобаларды іске асырады.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Startup Genom атқарушы директоры Жан-Франсуа Готьемен кездесуі аясында Astana Hub халықаралық технопаркі базасында нәтижелі жұмыс істейтін стартаптар экожүйесін құру тақырыбы қозғалды, себебі технопаркте бүкіл әлемнің технологиялық кәсіпкерлерін тарту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.  

Премьер-Министр бүгінде аталмыш бағыттың «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген басымдықтардың бірі болып табылатынын атап өтті.

Ж.-Ф.Готье 2014 жылы құрған Startup Genome әлеуметтік платформасында 25 елден 300-ден астам серіктес бар. Компания миссиясы перспективалық қалалардың өз стартап экожүйелерін қолдауды көздейді. Соңғы жеті жылда компания жаһандық және жергілікті серіктестердің мәліметтерін ескере отырып, стартаптар бойынша әлемдегі ең жан-жақты зерттеулерді жасау мүмкіндігін ұсынды. Startup Genome тағы бір функциясы, стартаптардың қателеріне талдау жасап, оларды түзеу жолдарын іздеуі. 15 мыңнан астам компанияның жұмысына талдау жүргізген соң Startup Genome негізін салушылар екі есеп жариялап, сонымен қатар қандай да бір стартаптың жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін арнайы қосымшаны жасады.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз