Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді

19 желтоқсан 2018, 17:51
Фото: primeminister.kz

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыс аясында Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасының 2013–2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы қаралып, сондай-ақ, Кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс кестесі бекітілді.

Экологиялық жағдайды одан әрі жақсарту және жасыл экономикаға сапалы көшуді қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев баяндады. Мәселені талқылауға «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» КЕАҚ басшысы Р. Жошыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Қазақстандық KazWaste қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастығының атқарушы директоры В. Мұстафина, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директры Б. Есекина, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы С. Рахымбекова, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрайымы А. Соловьева қатысты.

Бұдан өзге, отырыс жұмысына бейнеконференция байланысы режимінде ҚР Президентінің көмекшісі Е. Жамаубаев, министрлер, өңірлердің әкімдері, сондай-ақ, халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, атап айтқанда Орталық Азиядағы қоршаған орта жөніндегі БҰҰ бағдарламасының директоры О. Атымтаев, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары В. Времиш, Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты даму және урбанизация департаментінің директоры Р. Жәмпейісов қатысты.  

Қазіргі таңда атмосфера ауасын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты анықтайтын негізгі құжаттар — ҚР Экологиялық кодексі және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасы. Үкімет Жалпыұлттық жоспардың биылғы 5 қазанда жарияланған Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша тармақтарын орындау аясында белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Әзірленіп жатқан жаңа Экологиялық кодекстің жаңашылдықтарының бірі үздік қолжетімді технологиялар қағидасына көшу болады, оған сәйкес қондырғылардың операторлары қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету мақсатында технологиялық процестерді жетілдіру арқылы атмосфераға зиянды қалдықтардың таралуын төмендету бойынша алдын алу шараларын жүзеге асырады.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз