Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев: технологиялар мен инновациялар жаңа кәсіптер мен салалардың пайда болуына — жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады

29 қараша 2018, 11:37
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада «Болашақ еңбек нарығы: жаңа мүмкіндіктер» форумы өтіп жатыр. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайларында әлемдік еңбек нарығының құбылмалы өзгерістері аясында Қазақстанда жұмыспен қамту және әлеуметтік саланы дамыту перспективаларын талқылау бойынша алғашқы тақырыптық алаң болып отыр. Пленарлық сессия кезінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерді еңбек нарығында орын алып жатқан өзгерістер және соған байланысты сын-тегеуріндер мен жаңа мүмкіндіктер мәселелеріне арналған форумда көргеніме қуаныштымын.

Бұл — қазір ең өзекті мәселелердің бірі.

2017 жылы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы жарияланғаннан бастап біз бұл мәселелерге баса көңіл бөле бастадық. Шетелдік инвесторлардың аралық сессиясында осындай мәселелер көтерілген еді, осыған дейін де бұл туралы көп әңгіме қозғадық. Біз бүгін мұнда келген, өздерінде орын алған өзгерістермен, барлық ұсыныстарымен бөлісуге әзір сарапшыларға зор алғысымызды білдіреміз.

Әлем ауқымды технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді басынан өткеріп жатыр. Олардың екпіні тұрмыс-салтқа өзгерістер әкелуде.

Біз еңбек нарығының болашағына қатысты барлық сараптамаларды мұқият қадағалап отырамыз және Дүниежүзілік банктің, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік экономикалық форумның, Азия даму банкінің баяндамаларымен таныспын.

Шынымен де, жаһандық технологиялық өрлеу адам капиталының сапасына, жұмыс күшінің біліктілігі мен құзыретіне жаңа талаптар қойып, еңбек нарығында жаңалықтар пайда болуда.

Қазақстан да ашық қоғам мен ашық экономика құруда.

Біздің даму стратегиямыз еліміздің әлемдегі аса дамыған мемлекеттердің топ-30-дығының қатарына қосылуына бағытталған. Әрине, біз жаңа жаһандық беталыстар мен ғаламдық еңбек нарығының сын-тегеуріндерімен бетпе-бет келіп отырмыз.

Біріншіден, ең алдымен, Индустрия 4.0, «ауқымды деректер», жасанды интеллект және робототехника сияқты цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жұмыс орындарының құрылымын өзгертуде.

Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға дейін шамамен жұмыс орындарының 4% немесе 140 млн-ы жойылып кетуі мүмкін. Ал 80-90% немесе шамамен 3 млрд жұмыс орны күрделене түспек.

Бұрынғы кәсіптердің жойылып, жаңа кәсіптердің күрделенуі ұлттық үкіметтердің күн тәртібіне автоматтандыру нәтижесінде жойылған жұмыс орындарының орнын толтыру, өз елдеріндегі еңбек ресурстарының жаңа дағдыларды игеру икемділігін қамтамасыз ету мәселелерін қойып отыр.

Екіншіден, технологиялар мен инновациялар жаңа кәсіптер мен салалардың пайда болуына, демек, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады.

Болжам бойынша, жаһандық еңбек нарығындағы жұмыс орындарының шамамен 10% (немесе 350 млн) жаңа кәсіптер түрінде ұсынылады. Олар дәстүрлі салалар мен инновациялар тоғысында пайда болмақ.

Үшіншіден, жаһандану және технологиялық прогресс гиг-экономиканың дамуына әкеле жатыр, ол қазірдің өзінде жұмыспен қамтудың, өзін-өзі жұмыспен қамтудың неғұрлым икемді формаларын және еңбек нарығына халықтың әлжуаз топтарын барынша тартуды талап етуде.

Еңбек нарығы өзгеруде. Былайша айтқанда, «фрилансерлердің» саны артып келеді. Жартылай немесе уақыты ыңғайлы жұмыспен қамту, бірлесіп жұмыс істеу, үйде отырып жұмыс істеу, жылдық сағаттар көлемі сияқты жаңа форматтар кеңеюде. Жұмыс күшінің инклюзивтілігі артып келеді. Әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың экономикалық белсенділігі байқалып отыр.

Бұл жаңа сын-тегеуріндер жай ғана теория емес, әлем қазірдің өзінде олардың ықпалын сезінуде.

Сондықтан, бүгінгі Форум болашақ еңбек нарығын талқылау; сын-тегеуріндерді түйсініп, оларға жауап іздеу; экономикалық қуатты және әлеуметтік жауапты мемлекет құру мақсатында жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін сарапшылардың, ірі жұмыс берушілер мен үкіметтік құрылымдардың арасында диалог орнатудың маңызды алаңына айналады деп санаймын.

Қазақстан болып жатқан өзгерістерді басқару үшін өз саясатын белсене қалыптастырып жатыр және алдын-ала жұмыстар жүргізуге тырысуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазірдің өзінде әлемдегі сын-тегеуріндерге стратегиялық жауаптарды берді. «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» институттық реформалары жоспарлы жүзеге асырылып жатыр. Халықаралық озық тәжірибелерге жуықтау үшін ЭЫДҰ стандарттары енгізілуде. 2017 жылдың басында технологиялар мен адам капиталының жаңа сапасына негізделген экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды көздейтін Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бағыты жарияланды.

Үкімет Қазақстан экономикасының өсу қарқынын әлемдік экономиканың өсімінен жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған 2025 жылға дейінгі арнайы Стратегиялық даму жоспарын әзірледі. Бұл орайда, еңбек өнімділігін 50%; шикізаттық емес экспорт көлемін $41 млрд дейін және ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 35% дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Әрине, мұндай міндеттерді шешу халықтың кәсіби дайындығы мен ынта-жігерінің өте жоғары деңгейде болуын, ұлттың адам капиталын арттыруды талап ететіні сөзсіз. Сондықтан, Елбасы азаматтарға әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру үшін жаңа инклюзивті мүмкіндіктер беруге бағытталған 5 әлеуметтік бастаманы ұсынып, жақында Қазақстан халқына арнайы Жолдауын жариялады.

Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысы қойған әлеуметтік міндеттерді іске асырудың нақты жоспарын жасады. Біз алдағы 7 жылда ұлттық еңбек нарығына колледждер мен университеттердің 2 миллионға жуық түлектері шығады деп күтіп отырмыз, олардың бәрін сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету қажет.

Сондықтан, біріншіден, біз 2025 жылға қарай бір миллионға жуық жұмыс орнын құру бойынша жұмыстар атқарудамыз. Ол үшін жобалық басқару енгізілді, базалық салаларда ғана емес, өндірістерді автоматтандыру және цифрландыру, өнеркәсіпте Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, жаңа перспективалы салалар мен сервистік экономиканы құру тұрғысында да жұмыс орындары құрылып жатыр.

Екіншіден, Үкімет Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін енгізді. Оның басты міндеті — жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты алдын-ала бағалау, мамандардың қажеттілігін анықтау және оларды даярлау, қайта даярлау үшін жүйе құру.

Қазір біз ЭЫДҰ-ның Ұлттық біліктілік жүйесін жақсарту саласындағы ұсынымдарын белсене енгізудеміз. 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасының барлық басты салаларында 550-ге жуық кәсіби стандарттарды бекітетін боламыз.

Үшіншіден, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін біз технологиялық жаңғырту нәтижесінде босап қалатын еңбек ресурстарының ағынын басқару тетігін енгіздік. Барлық өңірлерде ірі кәсіпорындармен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, еңбек нарығының икемділігін арттыру үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі алғашқы цифрлық алаң және ең үлкен бос жұмыс орындары мен резюмелер қоры — Электронды еңбек биржасы енгізілді. Оған барлық 200 мемлекеттік және 48 жеке жұмыспен қамту агенттігі, сонымен қатар бірқатар БАҚ пен онлайн-алаңдар қосылған.

Төртіншіден, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыс орындарын ашу мақсатында Үкімет жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда.

2017 жылдың басынан бері бұл мақсаттарға 190 млрд теңге бөлінген. Бұл 1 млн астам адамның, оның ішінде биыл 430 мың адамның жұмыспен қамтуға ықпал ету шараларымен қамтылуына мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар жалғастырылатын болады.

Қазақстан Үкіметі еліміздің ірі жұмыс берушілеріне жұмыспен қамту және еңбек нарығын жаңғырту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және үкіметтік бағдарламаларды қолдауға жоғары дәрежеде атсалысқандары үшін алғысын білдіреді.

Еліміздегі аса ірі инвесторлар мен кәсіпорындар қазірдің өзінде технологиялық жаңғырту бойынша жүзден астам нақты жобаларды қолға алған. Мәселен, Еуразиялық топ пен «Қазақмыс» бірқатар кен орындарында «ақылды карьерлер» технологиясын енгізуде. «Цифрлық зауыт» стандартын Евразиан Фудс компаниясы азық-түлік өнімдерін өндіруде, Химфарм – фармацевтика өндірісінде, Қазминералс — тау-кен металлургиясы өндірісінде жүзеге асырып жатыр. Құрылыс секторында BI Group тәрізді компаниялар «ақылды үй» стандарты бойынша тұрғын үйлер салуда.

Сондай-ақ біз бизнестің өз кадрларын қайта оқытуға көбірек инвестиция сала бастағанын көріп отырмыз. Полиметалл компаниясының базасында тау-кен ақпараттық технологиялары бойынша оқыту орталығы құрылған, мұнда қазақстандық және шетелдік мамандар онлайн-режимде оқытылады. Батыс Қазақстанда мұнай компаниялары кадрлар даярлайтын оқу орталықтарын құрған, олар табысты жұмыс істеуде.

Бүгін, Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші Пленарлық отырысына әзірлік аясында біз шетелдік инвесторлармен адам капиталын дамыту мәселелері бойынша аралық отырыс өткіздік. 

Біз кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту бойынша бірлескен Серіктестіктің жол картасын іске қосамыз. Сонымен қатар, «КНАУФ», ERG, CLAAS, «АрселорМиттал», «Полиметалл», «Русал» тәрізді аса ірі кәсіпорындармен бірлесіп еліміздің әр өңірінде үлгілік колледждер базасында құрылыс, тау-кен металлургиясы, аграрлық және басқа да салаларда құзыреттілік орталықтары ашылатын болады. Біз сонымен қатар бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау ісінде ең үздік шешімдерді әзірлеуде сарапшылық қолдау көрсеткен PwC, EY халықаралық компанияларына алғыс айтамыз.

Бизнеспен мұндай серіктестік технологиялық жаңғыру жағдайларында адам капиталының дамуына серпін беріп, еңбек нарығының икемділігін арттырады. Біз барлық инвесторлар мен жұмыс берушілерді бұл іске үлес қосуға шақырамыз!

Құрметті қатысушылар! Біздің диалогымыз еңбек нарығын жаңғыртудың ең өзекті мәселелері бойынша ой-пікірлерімізді ортаға салуға мүмкіндік береді деп үміттенемін.

Біз үшін сарапшылар мен практиктердің Индустрия 4.0 жағдайларында Қазақстанда кадрлар даярлау жүйесінің өзгеруі қалай іске асырылатыны, жұмыспен қамтудың жаңа формаларын қалай кіріктіру қажеттігі, әлеуметтік қорғау жүйесін қалай бейімдеу және еңбек нарығында инклюзивтілікті қалай қамтамасыз ету керектігі туралы көзқарастары аса қызық. Форумның барлық қатысушыларына жемісті еңбек, кәсіпте табыс тілеймін.

Назарларыңызға рахмет.