Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты

02 ақпан 2018, 19:01
Фото: primeminister.kz

Бүгін Алматыда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты.

Отырысқа Армения Республикасының Премьер-Министрі — К. Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі — А. Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі — С. Исаков, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі — Д. Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты.

Үкіметаралық кеңес отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шағын құрамда интеграциялық өзара әрекеттесудің өзекті мәселелері қаралды. Негізгі мәселелердің бірі — Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру барысын және келісілген саясатты жүргізу тетіктерін талқылау болды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұсыныстары мен негізгі интеграциялық жобалар да ЕҮАК отырысына орайластырылған «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумында белсенді түрде талқылануда.

Бұған қоса, шағын құрамдағы үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі аясында міндеттемелердің орындалуын талқылады.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста қатысушылар ЕАЭО-ға мүше елдердегі макроэкономикалық жағдай мәселелерін және тұрақты экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарастырды. Сондай-ақ 2017 ж. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда жағдайы, АӨК дамытудың бірлескен болжамдары, Одаққа қатысушы елдердің 2017–2018 жылдарға арналған ауылшаруашылық өнімдеріне, азық-түлікке, зығыр талшығына, тері-былғары шикізатына, мақта талшығына және жүнге сұранысы мен ұсынысының теңгерімі талқыланды.

Бакытжан Сагинтаев ЕМПС Алматы

Кездесу алдында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қабылдаушы елдің Үкімет басшысы ретінде өз баяндамасында ЕАЭО-ның қызметін дамытудағы бірқатар тәжірибелік нәтижелерді мәлім етті. Мәселен, Одақтың шарттық-құқықтық базасы құрылып, үнемі жетілдіріліп тұрады.

«ЕАЭО қалыптастыру жұмысы жалғасуда. Біздің үш жылдық жұмысымыздың оң нәтижесі бар. Біз Одақтың қазіргі және келешектегі дамуымен байланысты бірқатар маңызды құжаттарды қабылдадық. Бұған дәлел ретінде ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексінің 1 қаңтарда күшіне енуін айтуға болады. Осылайша, кедендік ресімдеудің жедел өтуі үшін жағдайлар жасалды», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан ЕАЭО шеңберінде де, үшінші елдермен сауда саласында да тауар айналымы өсімінің оң қарқынын сақтап қалды. 2017 жылы ҚР экономикасында айтарлықтай өсім байқалды, алдын-ала деректер бойынша 4%-ға артты.

Анықтама: 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы $15,6 млрд құрады және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға ұлғайтылды. Олардың ішінде ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттерге өңделген тауарлар экспорты 34,4%-ға өсті.

Сондай-ақ, экономиканың барлық секторларын, тауарлар мен қызметтер нарығын, еңбек және капитал нарығын цифрландыруға қатысты өзекті мәселелер көтерілді.

«Экономиканы цифрландыруға жоспарлы көшудің салдарынан жұмыстан босатылған еңбек күшін жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар мәселе өзекті болып тұр. Біздің азаматтарымыз жаңа жұмыс орнын, соның ішінде Одақ аумағында да, салыстырмалы түрде жылдам табу мүмкіндігіне ие болуы керек», — деді Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан мен Ресей президенттерінің деңгейінде өткен Бірыңғай интеграцияланған Еуразиялық электронды еңбек биржасын құру және қызметкерлерге қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын әзірлеу жөніндегі талқылауды еске сала отырып.

Бақытжан Сағынтаев алдағы жұмыстар туралы айта отырып, «биылғы жыл интеграциялық бірлестіктің жұмыс істеуіне байланысты өзекті мәселелер мен жаңа бастамаларды жүзеге асырудың аса маңызды жылы болады» деген пікір білдірді.

Сонымен бірге, Одақты одан әрі дамыту үшін шешілуі қажет бірқатар факторларға назар аударылды. Олардың ішінде — кеден процестерін автоматтандыру мәселесі бар.

«Бірыңғай кедендік аумақ жағдайында экспорт кезіндегі кедендік декларацияларға, теміржол көлігін уақытша әкелуге қатысты интеграция жоқ. Осыған байланысты Комиссияның шешімдеріне, сондай-ақ көлік саласындағы халықаралық заңнамаға өзгертулер енгізу бойынша бірлескен жұмысты жүргізу қажет деп есептеймін», — деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстарын ілгерілетіп, көлік құжаттарындағы кедендік белгілерді электронды түрде ұсыну мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонымен бірге, Қазақстан БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесе отырып, экспорттың кедендік рәсімі мен кедендік транзит табысты декларацияланатын «Астана-1» ақпараттық жүйесін біртіндеп енгізеді.

ЕуразЭО шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасады.

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша 14 құжат қабылданды, олардың ішінде — ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағында тауар айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған және премьер-министрлердің тапсырмасы бойынша әзірленген, Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісім.

Бұдан өзге, өнеркәсіп саласында мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ереже бекітілді.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қызметкерлерін Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жүзеге асыру, Одаққа мүше елдердегі макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар, ЕАЭО мүшелері арасындағы өзара сауда және АӨК дамыту болжамдарына қатысты мәселелер бойынша Үкіметаралық кеңестің өкімдеріне қол қойылды.

Отырыс қатысушылары Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшесі ретінде Қырғыз Республикасының өкілін тағайындады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын Минскіде (Беларусь) өткізу жоспарланып отыр.