Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев: Су тасқынының алдын алу – ерекше бақылауда

20 ақпан 2018, 12:47
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев су тасқыны кезеңіне уақытылы дайындықты қамтамасыз ету бойынша міндеттердің орындалуына қатысты нақты тапсырмалар берді.   

Үкімет отырысында 2018 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы Ақмола облысы әкімі М. Мырзалин, Қызылорда облысы әкімі — Қ. Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі — Қ. Ақсақалов, Алматы облысы әкімі — А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысы әкімі — Д. Ахметов, Қарағанды облысы әкімі — Е. Қошанов, Қостанай облысы әкімі — А. Мұхамбетов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі — Ж. Түймебаев баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге Жол картасын жалпы үйлестіруді және іске асыруды, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке тасқын су мен еріген қар суын жинау және бөлістіру бойынша Жоспардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының жаңа су қоймаларын салу бойынша тапсырмаларын орындау, сондай-ақ су тасқыны қаупін жою бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша облыс әкімдеріне жүктелген зор жауапкершілік туралы еске салды.