Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев Канаданың парламенттік делегациясымен кездесу өткізді

20 қаңтар 2017, 12:50
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қауымдар палатасының Сыртқы істер және халықаралық даму комитетінің төрағасы Роберт Нолттың басшылық етуімен, Канаданың парламенттік делегациясымен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Канаданың әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі салаларындағы ынтымақтастық келешегі, соның ішінде ауыл шаруашылығы, аграрлық өнеркәсіп, мәдени-гуманитарлық байланыс, азаматтық авиация, аэроғарыш және әскери-өнеркәсіптік салалардағы мәселелері талқыланды.

Кездесуде басты назар 2016 жылы құрылған Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесі аясындағы екі елдің бизнес құрылымдарының өзара іс-қимылына аударылды. Тараптардың пікірінше, кеңес қызметі екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Канаданың Қазақстанның маңызды серіктесі екенін айтып өтті. Екі елдің де жаһандық экономикалық сын-тегеуріндерді еңсерудегі әрекеттері инфрақұрылымға инвестициялардың өсуі мен өңірлік және жаһандық экономикалық ықпалдастықты есепке алғанда сәйкес келетінін айтты.

Премьер-Министр Б. Сағынтаев канадалық компаниялардың Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне белсенді қатысуы және жаңартылмалы энергия саласында тәжірибе алмасу екі елдің қарым-қатынасын дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Анықтама:

2016 ж. қаңтар-қарашада ҚР-ның Канадамен тауар айналымы  $327,3 млн-ды құрады. Қазақстан экспортының өсімі байқалды, соның нәтижесінде 2016 ж. 11 айында сауда теңгерімі ҚР үшін оңтайлы болып, $134 млн-ды құрады.

2016 ж. 1-жартыжылдығында Канададан ҚР-ға тікелей инвестициялар ағымы $70,0 млн-ды құрады. Канаданың СІМ-нің мәліметінше, 1994 ж. бастап ҚР-дағы инвестициялар көлемі шамамен $16 млрд-ды құрады (2010-2014 жж. $10,98 млрд.). Канада инвесторлар арасында 11-ші орынға ие.

Бақытжан Сағынтаев Канаданың парламенттік делегациясымен кездесу өткізді
1/1