Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

БҚО-дағы өңдеу өнеркәсібінің 11,4%-ға өсуі және білім беру мен медицина сапасын жақсарту жөніндегі шаралар

19 қаңтар 2019, 11:48
Батыс Қазақстан облысы
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпті тиімді дамыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Президенттің тапсырмасы Батыс Қазақстан облысында қалай орындалып жатқаны және жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы PrimeMinister.kz шолуынан оқыңыздар.

Батыс Қазақстан облысы — еліміздің солтүстік-батысында орналасқан Қазақстанның ең шалғай аймақтарының бірі. Облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік саласы қарқынды дамып келе жатқан 12 аудан бар.

 

Өнеркәсіп экономикалық дамудың қозғаушы күші ретінде

Аймақтық экономиканың ең ірі салаларының бірі өнеркәсіп саласы екенін айта кету керек. БҚО — елдің жалпы өнеркәсіптік көлеміне қосқан үлесі бойынша төртінші (Атырау, Маңғыстау, Қарағанды ​​облыстарынан кейін) аймақ.

Облыстың өнеркәсіптің түрлі салаларын дамытуға мүмкіндік беретін айтарлықтай ресурстық әлеуеті бар. Аймақтың жалпы өңірлік өніміндегі өнеркәсіп үлесі 2018 жылдың 9 айында 54%-ды құрады.

2018 жылы 2471,2 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Бұл ретте 2018 жылдың үшінші тоқсанында өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 8,9%-ға артып, бір адамға шаққанда 4534,5 мың теңгеге жетті.

Өнеркәсіп өнімінің негізгі бөлігі кен өндіру өнеркәсібіне (89,4%) тиесілі. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі өткен жылы 11,4%-ға (200,4 млрд теңге) өсті. Негізгі үлес машина жасау саласында (20,1%): аталмыш сала кәсіпорындары 40,2 млрд теңгеге өнім өндірді, бұл 2017 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артық көрсеткіш.

Батыс Қазақстан облысының қолданыстағы машина жасау кешені мұнай мен газ саласындағы машина жасау, оның ішінде мұнай мен газды өндіру және тасымалдау, қорғаныс өнеркәсібінде қайықтар мен кемелерді, энергетикалық жабдықтарды, ауылшаруашылық техникасын, газдық компрессорлы стансиялар мен стандартты емес өнімдер, яғни ұсақтаушы шарлар, сұр темір арматуралары және басқа да өнімдерді өндіруді дамытуға әлеуеті бар. Салада «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Уральскагрореммаш» ЖШС, «УТЗ» ЖШС және тағы басқа ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Сондай-ақ, дайын металл бұйымдарын өндіруде 1,7 есе, резеңке және пластмасса өнімдерінде — 1,5 есе, металлургия өнеркәсібінде — 21,2%, азық-түлік тауарларында 16,8%-дық өсім байқалады.

Аймақтағы жиһаз өндірісі жаңа деңгейге көтерілді. Жиһаз заманауи технологияларды қолдана отырып, Еуропаның үздік өндірушілерінің жабдықтарында («Квант», «Каризма» және т.б. компаниялар) жасалады.

 

ИИДМБ: ұлттық кластерді дамытуды көздеу

2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында ұлттық кластерді дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Мұнай және газ өнеркәсібіндегі машина жасау» суб-кластерін дамытудың жол картасы жасалды.

ИИДМБ бойынша алғашқы бесжылдықта жалпы сомасы 257,5 млрд теңгеге 30 жоба іске асырылды, 1813 жұмыс орны ашылды.

ИИДМБ-ның екінші бесжылдық жоспарымен облыста 1715 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген жалпы сомасы 95,4 млрд теңгелік 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. 2015-2017 жылдары 81,1 млрд теңгелік 22 жоба іске қосылып, шамамен 1100 тұрақты жұмыс орны ашылған.

II бесжылдықтың жобалары аясында 2018 жылы 55,2 млрд теңгеге өнім шығарылды.

2018 жылы 297 жұмыс орны ашылған 10,2 млрд теңгелік 10 жоба енгізілді:

1. Сэндвич-панельдер өндірісі («Агран» ЖШС);

2. Химиялық өндіріс базасының құрылысы («Топан» ЖШС);

3. Жануарлар қалдықтарын қайта өңдеу цехын салу («Кублей» ЖШС);

4. Кондитерлік өндіріс цехын жаңғырту («Хасанов» ЖК);

5. Бетон араластыру түйіні («Global Procurement» ЖШС);

6. Май комбинатын жаңғырту («Теректі май комбинаты» ЖШС);

7. Құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру («КазСтройМаркет» ЖШС);

8. Сыраны өндіру (құю) желісі («Нұржанар» АҚ);

9. Азаматтық құрылысқа арналған мыс кабелін өндіру («ОК Орал Кабель» ЖШС);

10. Көкөніс өңдеу цехы («DMD Production» ЖШС).

2019-2020 жылдары жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, бұл 287 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 

Агроөнеркәсіптік кешен — азық-түлік қауіпсіздігін және импортты алмастыруды қамтамасыз етудің негізгі саласы

2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өніміндегі облыстың үлесі 3,2%-ды құрады. Мұнда мал шаруашылығын дамытуға климаттық жағдай ерекше қолайлы.

Облыс еліміздегі асыл тұқымды мал шаруашылығындағы ірі аймақтың бірі болып саналады. Мұнда қазақтың ақбас және герефорд тұқымдас ірі қара мал етінің, еділбай етті-майлы бағыттағы және ақжайық етті-жүнді қой тұқымының, жылқылардың күшімдік тұқымы мен қазақтың бактриан түйе тұқымының бірегей бағалы гендік қоры бар.

Өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығымен 234 шаруа қожалығы айналысады. Оның ішінде 191 шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қара мал өсірсе (39205 бас асыл тұқымды ірі қара мал), 22 шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсірумен айналысады (27768 бас), 20 шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы (9593 бас), 1 қожалық қазақ бактриан тұқымды түйесін өсіреді (277 бас).

2018 жылы ауыл шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында облыстың ауыл шаруашылығын қолдауға бюджеттен 11,3 млрд теңге бөлінді, оның ішінде өсімдік шаруашылығына — 0,4 млрд теңге, мал шаруашылығына — 3,5 млрд теңге, инвестициялық салымдар субсидиясына — 2,7 млрд теңге, өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікке — 4,1 млрд теңге және басқа да қызмет түрлеріне 0,6 млрд теңге бағытталған.

Етті бағыттағы ірі қара малдың өнімділігін арттыру және экспорттық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылады.

Өткен жылы облыста 92,6 мың тонна ет (тірі салмақта) немесе 2017 жылдың тиісті кезеңіндегі 108,1%, 234,6 мың тонна сүт (101,3%), 172,3 млн бірлік (106,4%) жұмыртқа өндірілген.

2018 жылы 2419,1 тонна ет және ет өнімдері экспортталды (121%), оның ішінде 164,7 тонна ірі қара мал еті мен 673,3 тонна ет өнімдері және тірі салмақта 1581,1 тонна ет экспортталған. Сонымен қатар, 643,3 (352,4%) тонна қой еті шегара асқан.

2017 жылдың соңында енгізілген саланың жобалары белсенді дамып келеді. Мысалы, құс еті зауытының жобалық қуаты жылына 6,2 мың тонна құс етін («Жайык Агро ЛТД» ЖШС), макарон өнімдерін өндіретін фабрика — сағатына 2 тонна («Желаевский КХП» АҚ), өңдеу цехтары — жылына 182 мың дана ірі қара малдың және 624 мың дана ұсақ қара малдың терісін («ПОШ Руно» ЖШС) өндеуге қауқарлы.

Үздіксіз өндіріс кәсіпорындарын құруды көздейтін инвестициялық жобалар ерекше қызығушылық тудырып отыр. Мысалы, Орал қаласында «Кублей» ЖШС малды союдан бастап малдың қалдықтарын өндеуге дейінгі толық циклды жоба жүзеге асырылды. Жоба құны — 551,6 млн теңге. Зеленов ауданының Трекино ауылында «DMD PRODUCTION» ЖШС жылына 1000 тонна жеміс-жидекті консервілеу цехын ашты. Жобаның құны — 135 млн теңге.

Биылғы жылдың көктемінде голланд технологиясы бойынша 5 гектар алаңды алатын жылыжай кешенін салу жобасы іске асырылмақ. «Оралдық жылыжай комбинаты» ЖШС жылына 3 мың тоннаға дейін көкөніс өсіретіндей кәсіпорын қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Жоба іске асса, облыстың көкөніс өнімдеріне деген импорттық тәуелділігі айтарлықтай төмендейді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары аясында 2018 жылы 20 ауыл шаруашылық кооперативі құрылды, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға арналған 18 әлеуметтік-кәсіпкерлік кәсіпорны бар. Ал, екеуі өсімдік шаруашылығына бағытталған.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға несие беру үшін 4014,5 млн теңге бөлінді. 2018 жылы 1151 шағын несие берілген.

 

ШОБ өнімді жұмыспен қамтуды арттыру құралы ретінде

Өңірде экономика салаларын дамыту бойынша қабылданған барлық шаралар түбінде жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту деңгейінің өсуі кәсіпкерлікті дамытумен де тығыз байланысты. Жергілікті органдарының міндеті — бизнес шығындарын төмендетіп, оларға қолайлы жағдай жасау.

2018 жылы барлығы 17438 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес 1104 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жібреліп, 1723 адам жастар тәжірибесінен өткен.

2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру арқасында 1102 шағын несие берілді.

2018 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру үшін облыс жеке кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нысаналы трансферттер бөлді. Мысалы, мемлекеттік қолдау шаралары арқасында кәсіпкерлердің 26 жобасы мақұлданды, оның ішінде 5 субсидиялау келісімшартына қол қойылды. Бұдан басқа, 30 мемлекеттік грант тағайындалды.

Бизнесті дамыту саласында әкімшілік кедергілерді азайту бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. 2011 жылмен салыстырғанда бақылау және қадағалау органдарының кәсіпкерлерге жүргізетін тексеріс саны үш есе азайған. Бизнес-қоғамдастықтың өкілдері облыстың 33 консультативтік-кеңесші органының, соның ішінде құрамында 50% бизнес өкілдері бар облыстың өңірлік үйлестіру кеңесінің жұмысына ат салысады.

Кәсіпкерлердің мүддесін қозғайтын кеңес беру органдарының отырыстары онлайн режимінде өтеді. 12 аудан мен Орал қаласы электронды карталармен қамтамасыз етілді, онда елді мекендердегі бос жер телімдері туралы, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуды қалайтын азаматтардың кезегі, сондай-ақ жосықсыз жер пайдаланушылар мен қолдануға рұқсат берілмеген жер телімдері туралы ақпарат жинақталған.

Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында аптасына бір рет «бір терезе» қағидаты бойынша нысандарды салу үшін жер теліміне қажетті рұқсат беруде коммуналдық қызмет, жергілікті атқарушы орган өкілдері қабылдау өткізеді. Мұның барлығы бизнесті дамытуға оң септігін тигізуде.

 

Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру — басым бағыттардың бірі

Табиғи және минералды ресурстардың болуы, географиялық орналасуы мен жағымды бизнес климат инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай туғызады. 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 453 млрд теңгені құрады немесе бұл 2017 жылдың тиісті кезеңінің 102,7%-ы. Жалпы республикалық көлемдегі облыс үлесі — 4,1%.

Инвестицияларды қаржыландыру көздері құрылымында мемлекеттік бюджет салымдары 12,6% болды, кәсіпорындардың меншікті қаражаты, оның ішінде шетелдік кәсіпорындардың қаражаты – 86%, банктердің несиелері және резиденттердің қарыз қаражаты 1,4%-ды көрсетті.

Облыста шетелдік инвестиция қатысуымен шамамен 156 млрд теңгеге 7 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

 

Көліктік-логистикалық саланың әлеуеті және автожол жабынын жаңғырту

2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында көлік саласы бойынша жүк айналымы 3 083,5 млн т/км құрады, бұл 2017 жылғы тиісті кезеңіне қарағанда 0,2%-ға артық. Жолаушылар айналымы 1,7%-ға артып, 8,7 млрд ж/км болды. Облыста 5 халықаралық (Самара, Орынбор, Тольятти, Саратов, Бузулук), 2 облысаралық (Атырау, Ақтөбе), 28 қалалық, 32 облыс ішіндегі, 37 ауданаралық автобус маршруттары бар. Тұрақты автобус маршруттарына 30 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді.

«Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша Жымпиты, Жаңғала ауылдарында жолаушыларға қызмет көрсететін 2 бекет пен аудан орталықтарында 7 такси тұрақтары ашылды.

28 қалалық бағыт бойынша «BusReport» диспетчерлік жүйесі енгізілді. 620 автобустың GPS-навигаторлармен жабдықталуының арқасында олардың жүру кестесін қадағалауға мүмкіндік бар.

Облыс арқылы халықаралық байланыстағы жолаушылар пойыздары өтеді. Орал қаласының әуежайында бес әуекомпания: «Эйр Астана» АҚ (Астана, Алматы, Франкфуртқа), «Бек Эйр» ЖШС (Астана, Алматы, Ақтауға), «Қазақ Эйр» АҚ (Атырауға), «СКАТ» АҚ (Ақтау, Шарм-эль-Шейхқа), «Сібір» (Мәскеуге) жолаушыларды тасиды.

Автожол саласында 2018 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 33,8 млрд теңгеге 279,4 км жол жөнделді, оның ішінде 14,2 млрд теңге (112,7 км) республикалық маңызы бар, 6,8 млрд теңге облыстық маңызы жолдар (58,7 км) болса, 2 млрд теңге аудандық жолдарды (19,2 км) жөндеуге жұмсалған.

Жайлылық — тұрғын үй қолжетімділігінде

Мемлекет басшысының қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыстың жергілікті атқарушы органдарының басты міндеттерінің бірі «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыру болып табылады.

«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру арқасында 2018 жылы 432,2 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім 10,2 пайыз болды. Бұл – 6 көп пәтерлі тұрғын үй және ауылдағы 83 тұрғын үй (барлығы 881 пәтер). 20 көп пәтерлі үй мен 21 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан басқа, 29 нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге 3,3 млрд теңге бөлінді. 4 жылу нысаны (4 944 км) және 1 су құбыры (1,467 км) қалпына келтірілуде. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда облыстың 203 ауылдық елді мекені немесе 46,0%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

Облыстың 314 ауылдық елді мекені немесе 71,2%-ы газдандырылған. Газбен қамтылған облыс тұрғындарының үлесі — 95,4%.

 

Мамандардың бәсекеге қабілеттілігі — аймақтағы білім беру жүйесі қалай дамуда

Білім беру сапасын арттыру үшін, ең алдымен, оқу үдерісіне жағдай жасау қажет. Облыстағы білім беру ұйымдарының желісі 381 күндізгі (101948 оқушы), 3 кешкі мектеп (295 оқушы), 3 арнайы түзетуші мекемесі (609 оқушы), 36 колледж (18598 студент), 57 қосымша білім беру ұйымы (54244 бала), 4 жекеменшік мектеп (88 оқушы) бар. Мектепке дейінгі ұйымдар желісі — 507 бірлік.

2018 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. 2018 жылы 5 білім беру нысаны пайдалануға берілді, Зачаганск ауылының Сарытау ықшамауданында 900 орындық мектептің, Қазталов ауданы Казталовка ауылында музыкалық мектептің құрылысы аяқталды.

Теректі ауданының Сары Өмір ауылында 48 орындық сауықтыру лагерінің құрылысы жалғасып жатыр.

2016-2019 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуды көздейді.

Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметтерімен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100%-ға қамтылған. Облыстағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 78,9%-ға қамтылған. Орал қаласы мен облыстың барлық аудандарында мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұрудың автоматтандырылған жүйесі бар.

172 мектепке Kundelik.kz электронды журналын енгізу білім сапасын 15%-ға жақсартуға мүмкіндік берді және жұмыс қағазсыз құжат айналымына көшті. «BilimLand» білім беру порталының жоғары сапалы материалдарын ұсыну үшін барлық 225 (100%) шағын жасақталған мектепке 612 «Bilimbook» компьютерлік-трансформері орнатылды.

Мұғалімнің әлеуметтік жағдайы мен беделін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. 2018 жылдың басынан бастап облыстағы мұғалімдердің 85,2%-ы жаңартылған білім бағдарламасын үйреніп, жалақылары 30%-ға өсті. Бұдан басқа, 2 387 мұғалім (19,4%) жаңа модельмен аттестациядан өтіп, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалақысына қосымша 30%-дан 50%-ға дейін сыйақы алады.

57 мекеме қосымша білім берудің қолжетімді болуын қамтамасыз етіп отыр (43-і ауылдық жерлерде орналасқан, ал 14-і Орал қаласында).

Облыстағы 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 18598 адам оқиды. Кадрлар мен мамандарды даярлау 71 мамандық және 135 біліктілік бойынша жүргізіледі. ТжКБ ұйымдарының профессорлық-оқытушылық құрамының саны — 852 адам, оның ішінде 274 өндірістік оқыту шебері бар. 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған ТжКБ-нің 3419 түлегінің 2672 түлегі немесе 78,1%-ы оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасқан.

2018-2019 оқу жылында 6695 адам ТжКБ ұйымына оқуға түскен, оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерләктә дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 4 291 адам, республикалық бюджеттен 767 адам түскен.

2018 жылы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 1300,7 млн теңге бөлінді.

 

Денсаулық сақтау саласының сапасы: цифрландыру және медициналық инфрақұрылымды жетілдіру

Облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдар желісі 39 заңды ұйымнан тұрады (барлығы 386 нысан). Аймақта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қызмет көрсететін 15 жекеменшік ұйым бар. 1 682 дәрігер жұмыс істейді, 10 000 тұрғынға шаққанда 25,9 дәрігер мен 6122 орта медицина қызметкерінен келеді, қамтылу деңгейі — 94,3.

2018 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 4,2 млрд теңге, медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға 1,2 млрд теңге бөлінді. 2018 жылы 21 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті.

Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі бойынша 3 жоба жүзеге асырылды: «Облыстық клиникалық аурухана» РМҚК үшін магнитті резонанстық томографияны лизингке алу»,«Облыстық клиникалық аурухана» РМҚК үшін техникалық жабдықтарды ауыстырып, жөндеуден өткізу арқылы асхананы жалға алу» және  «Шыңғырлау ауданыны Лубенка ауылында бір ауысымда 35 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы» жобасы.

2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 1 295,6 млн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 957,3 млн теңге қарастырылған.

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мәселесі бойынша 35 медициналық ұйым қазіргі уақытта қағазсыз құжат айналымымен жұмыс істейді. Электрондық денсаулық төлқұжаты енгізілді (аймақ тұрғындарының 100%-ында), k-vrachu мобильді қосымшасы қолданылады.

Барлық қалалық емханалардағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында кезек санын азайту үшін «Электронды табло» электронды кезекті басқару бағдарламасы енгізілді.

Жедел медициналық жәрдемді басқару автоматтандырылған жүйесі жаңғыртылып, облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі онлайн режимде жұмыс істеуі үшін ахуалдық орталық орнатылды.

Өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мәселесіне ерекше назар аударылуда. 2019 жылғы 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 740,7 млн теңгеге 3562 отбасына (онда 16 815 адам тұрады) әлеуметтік көмек көрсетілді, ал 3 979 аз қамтылған отбасы тұрғын үй көмегін алды. Жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмдерiне сәйкес 29956 тұрғынға 837,8 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілген.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз