Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Педагогикалық мамандықтар үшін мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға арналған жаңа пән енгізілді — ҚР БҒМ

03 сәуір 2018, 13:20
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, 2017 жылы педагогикалық мамандықтарға инклюзивті білім берудің жаңа пәні енгізілгенін айтты.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, инклюзивті білім беруді жүзеге асыру — Білім және ғылым министрлігінің маңызды міндеттерінің бірі.

«Қазақстан Республикасының білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында орындалуы тиісті нақты көрсеткіштер бар. Жалпы, бұл көрсеткіштер орындалып жатыр. Дегенмен, мәселе мынада — тиісті білім алуды қалайтын мүмкіндігі шектеулі балаларды қандай жолмен оқытамыз?», — деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, мәселе мектептерде пандустардың болмауында ғана емес, сондай-ақ әртүрлі бағыттар бойынша көлемді жұмыстар жүргізу қажет.

«Біріншіден, мұғалімдерді дайындау керек. Екіншіден, тиісті оқулықтар қажет. Үшіншіден, қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бүгінде барлық осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Асхат Аймағамбетов.

Вице-министр жұмысты мұғалімдерден бастау керектігіне назар аударды.

«Біз болашақ мұғалімдерді мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Сондықтан 2017 жылы педагогикалық мамандықтарға инклюзивті білім беру пәнін енгіздік. Мәселен, сыныпта 25 бала болса, олардың ішінде 2 бала ерекше назар аударуды талап етеді. Аталған пәнде болашақ мұғалімдерге осы балаларға мектеп бағдарламаларын қалай ұсынуға болатыны, олармен жұмыс істеу, оларды қалай бағалау керектігі туралы үйретеді», — деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2017 жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындылары қаралды. Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев 2017 жылы балабақшалардың 15% инклюзивті білім беруге жағдай жасағанын мәлімдеді. Тоғыз өңірде бұл көрсеткіш республикалық деңгейден жоғары (Қарағанды — 34,3%, Атырау — 30,9%, Қостанай — 26,9%, СҚО — 26,9%, Павлодар — 23,4%, Ақмола — 23%, Жамбыл — 21,2%, ШҚО — 20,2%, БҚО — 18,1%).


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз