Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді — ҚР ҰЭМ

20 желтоқсан 2018, 11:45
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Елбасының 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын орындау аясында тарифтерді төмендету және тариф қалыптастыру айқындығын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.  

С. Жұманғарин 2018 жылғы 12 қарашадан бастап барлық өңірлерде халықпен кері байланысты ретке келтіру жұмысы ұйымдастырылғанын, оның нәтижесі бойынша халықпен БАҚ, әкімдік, «Атамекен» ҰКП, «Нұр Отан» партиясы, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен басқа да қызығушылық танытушылардың қатысуымен ТКШ саласындағы проблемалық мәселелерге қатысты 102 қоғамдық қабылдау өткізілгенін айтып өтті. Аталған қабылдаулар жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысты.

Қоғамдық қабылдауларға келуге мүмкіндігі жоқ тұтынушыларға «жедел желі» телефондары ұйымдастырылған.

«Келіп түскен өтінімдер мен арыз-шағымдарды қарау қорытындысы бойынша, сондай-ақ, монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтап, оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында монополистерді жоспардан тыс 55 тексеру жұмыстары басталды. 15 жоспардан тыс тексеріс басталу сатысында тұр», — деді С. Жұманғарин. 

Вице-министрдің айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, барлық өңірде коммуналдық қызметтердің: сумен жабдықтау, су тарту, электрмен жабдықтау, жылумен және газбен қамту тарифтерін төмендету көздеген.

Жылумен жабдықтау саласы

ҚР ҰЭМ ақпаратына сәйкес, биылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша, үш өңірдің тұрғындары үшін жылу тарифтері төмендетілген:

  • Ақмола облысы – 36,8%-ға (116,1-ден 73,4 теңге/м2 дейін);

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1,1%-ға (114,7-ден 113,4 теңге/м2 дейін);

  • Шығыс Қазақстан облысы (Семей қ.) – 2,8%-ға (70,1-ден 68,2 теңге/м2 дейін).

Бұдан өзге, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған 14 өңірдің халқына тарифтер төмендейтіні болжанған: Қарағанды облысында 2,2%-дан Түркістан облысында 15,3%-ға дейін. Соның нәтижесінде халықтың жылумен қамту қызметтерінен үнемдейтін сомасы шамамен 6 млрд тг құрайды.

«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті тарифтер аясында барлық өңірде қызметтің бес түрі бойынша (сумен жабдықтау, су тарту, электрмен жабдықтау, жылумен қамту және газбен қамту) тарифтердің ұлғаюы жоспарланған еді. Уәкілетті органның жергілікті атқарушы орнандармен бірлесіп табиғи монополиялар субъектілерімен жүргізген жұмысының нәтижесінде 1 қаңтардан бастап тарифтер ұлғаймай, төмендейді деп көздеп отырмыз», — деді С. Жұманғарин.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақтөбе облысының халқына жылу тарифін 10%-ға (129,25-тен 116,33 теңге/м2 дейін) төмендету көзделген. Оған қоса, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ жылу энергиясын өндіру қызметіне өтемдік тарифтің бекітілуіне орай, жылу тарифі 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап қосымша 10%-ға (116,33-тен 104,7 теңге/м2 дейін) төмендеуі күтілуде. Осылайша, жалпы 2019 жылы Ақтөбе облысының халқына жылу тарифі 19%-ға (129,25-тен 104,7 теңге/м2 дейін) төмендейді деп болжанған.

Сумен жабдықтау саласы

2018 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша Жамбыл облысында халық үшін су тарифі 22%-ға (52,3-тен 40,8 теңге /3-ке дейін) қысқартылды.

Бұдан басқа, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған 16 аймақта тұрғындар үшін тарифтер 3%-дан 22,7%-ға дейін төмендемек.

Су тарту саласы

Бүгінгі күні Жамбыл облысының халқы үшін су бұру тарифі 0,4%-ға (16,4-тен 16,3 теңге/3-ке дейін) төмендеді. Сонымен қатар, С. Жұманғарин елдегі ең төмен тариф Жамбыл облысында екенін атап өтті.

Бұдан басқа, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған 16 аймақтың халқы үшін тариф деңгейі 3%-дан 11,4%-ға дейін (54,07-ден 47,91 теңге/м3-ге дейін) төмендейді.

«Соның нәтижесінде халықты сумен жабдықтау және су тарту қызметтеріне кететін қаржыны үнемдеу көлемі 2 млрд теңгеден асады», — деді ұлттық экономика вице-министрі С. Жұманғарин.

Газбен жабдықтау саласы

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап болжамды бағаның төмендеу деңгейі 3,3%-дан 17,5% аралығында болмақ. Сонымен бірге, Алматы халқы үшін газ бағасы 12%-ға төмендемек (29,8-ден 26,2 теңге/м3), Шымкент қаласы мен Түркістан облысында — 6% (30,7-ден 28,9 теңге/м3), Жамбыл облысында — 6% (24,3-тен 22,8 теңге/м3). Нәтижесінде газбен жабдықтау қызметтеріне халық қаражатының шамамен 5 млрд теңгесі үнемделмек.

Электрмен жабдықтау саласы

«Кеше ғана Энергетика министрлігі станциялардағы бағаның төмендегені туралы ақпаратты жариялады. Жүргізілген жұмыстардың арқасында тізбекпен энергиямен жабдықтаудың түпкілікті қызметтері үшін бағаны төмендету мүмкін болды. Өйткені электр энергиясының бөлшектік бағалары бойынша станциялардың үлесі 60%-ға дейін жетеді», — деді С. Жұманғарин.

Ұлттық экономика министрлігі электр энергиясын жеткізу тарифтерін төмендету бойынша жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, С. Жұманғаринның айтуынша, айиақаралық деңгейде электр энергиясын жнткізетін «KEGOC» АҚ-ның 2015 жылы бекітілген тарифі бес жылдық лимит аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12%-ға (2,4-тен 2,8 теңге/кВтч) дейін өсуі керек болатын. Сонымен қатар, ҚР ҰЭМ-нің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті «KEGOC» АҚ-мен бірге тарифті өсірмей, сол қалпында 2,4 тг/кВтч деңгейінде қалдыру туралы уағдаласты.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық үшін электр энергиясына арналған бағаны төмендету Республиканың барлық өңірлерінде күтілуде. 2018 жылдың 20 желтоқсандағы жағдай бойынша халық үшін электр энергияның бағалары Жамбыл облысында 3,6%-ға (13,35-тен 12,86 теңге/кВтс дейін) және Қызылорда облысында 4%-ға (14,51-ден 13,93теңге/кВтс дейін) төмендетілді.  

Халық үшін бөлшек бағаны болжамдық төмендету 1,7%-дан 22,32%-ға дейін құрайды. Нәтижесінде халықтың қаражатын үнемдеу жалпы электрмен жабдықтау қызметі үшін 7,8 млрд теңгеге жуық құрайды.   

Сондай-ақ, заңды тұлағалар үшін электр энергиясына арналған бөлшек бағаларды төмендету 8 өңірде 1,7%-ден 18% күтілуде. Бұл ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, бизнеске оң әсерін береді.

Жалпы тұтынушылардың қаражат үнемдеуі электрмен жабдықтау қызметі үшін шамамен 14,5 млрд теңгені құрайды.  

«Айта кету керек жоғарыдағы тарифтерді төмендету нәтижесінде айына халықтың коммуналдық қызметке орташа төлем чегінің көлемін төмендетуге (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау) жол ашылады», — деді С. Жұманғарин.  

Осылайша, мәселен, ауаданы 60 м2-ы 2 бөлмелі пәтерде тұрып жатқан үш адамнан тұратын отбасының орташа есеп шотының төмендеуі мынадай мөлшерлерді құрайды: Алматы қаласында орта есеппен коммуналдық қызметтер үшін 14 483 теңге төлейді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа төлем 13 128 теңгені құрайды немесе 1 353 теңгеге төмендейді. Осылайша, коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу шамамен 9 700 теңгені құрайды. Астана қаласында орта есеппен коммуналдық қызметтер үшін төлем 10 666 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы алғанда орташа 9 604 теңгені құрайды немесе 1 062 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу 9 000 теңгені құрайды.

«Қазіргі таңда біздің және әріптестеріміздің атына айтылған сынға қатысты белгілі бір қорытынды жасалды, табиғи монополиялар субъектілерімен тиісті жұмыстар жүргізілді, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап республика бойынша сумен жабдықтау, су тарту, энергиямен жабдықтау, жылумен және газбен қамту қызметтеріне тарифтер төмендейді деп жоспарлап отырмыз», — деп түйіндеді С. Жұманғарин. 

Шымкент қаласында орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі 13 788 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем 12 447 теңгені құрайды немесе 1 340 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу шамамен 10 000 теңгені құрайды.

Ақтөбе қаласында орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі 11 405 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем 10 336 теңгені құрайды немесе 1 068 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу 9 000 теңгені құрайды.

Өскемен қаласында орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі 6 654 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем 6 341теңгені құрайды немесе 313 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу 3000 теңгені құрайды.

Тараз қаласында орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі 10 471 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем 9 665 теңгені құрайды немесе 806 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу5 500 теңгені құрайды.

Орал қаласында орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі 10 910 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем 9 875 теңгені құрайды немесе 1 035 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу 8 600 теңгені құрайды.

Қызылорда қаласында 9 153 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем8 288 теңгені құрайды немесе 865 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу 7 000 теңгені құрайды.

Петропавл қаласында орташа есеппен коммуналдық қызметтер төлемі 10 857 теңгені құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа жалпы төлем 10 474 теңгені құрайды немесе 383 теңгеге төмендейді. Коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу 4000 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, вице-министр С. Жұманғарин жергілікті атқарушы органдар ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) қызметтеріне, қоқыс шығару, лифт қызметтері және автобустық тасымалдарға тарифті төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Өңірлерде ПИК қызметтеріне тарифтерді Павлодар облысында 2,2%-дан Жамбыл облысында 20%-ға дейін төмендету көзделген. Қоқыс шығару қызметтеріне Түркістан облысында 2,1%-дан Павлодар облысында 24,7% дейін. Лифт қызметтеріне 3%-дан 50%-ға дейін. Автобус тасымалдарына Түркістан облысында тарифтерді 10%-ға төмендету жоспарда бар. 

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді — ҚР ҰЭМ
1/3
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді — ҚР ҰЭМ
2/3
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді — ҚР ҰЭМ
3/3