Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимді енгізуді жоспарлап отыр — А. Мұхамедиұлы

25 қаңтар 2018, 15:57

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда визалық көші-қон режимдері саласында елеулі оң өзгерістерге қол жеткізілгенін айтты.

Мәселен, алғаш рет «Экспо-2017» көрмесін өткізу кезінде пилоттық режимде ҚХР азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит апробацияланды, олар қазақстандық әуе компанияларының Астана мен Алматының халықаралық әуежайлары арқылы үшінші елдерге ұшуы арқылы жүзеге асырылды.

Жоба өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Үш айдың ішінде ҚХР-дан 4,5 мыңнан астам азамат Қазақстанда болып қайтты, осылайша ел экономикасына әрқайсысы $250 –  $300 шамасында пайда әкелді. Аталған режим 2018 жылдың соңына дейін ұзартылды.

 «Қазіргі таңда біз мерзімді ұзартуды қолға алдық. Бұл тәжірибені одан әрі жалғастыру біз үшін өте маңызды», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр, сондай-ақ, жақын арада Үндістан үшін де осындай режимді енгізу жоспарда бар екенін атап өтті.

«Қазір біз Үндістан азаматтарына 72 сағаттық визасыз транзитті енгізу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл әлемдік тәжірибе. Өздеріңіз білетіндей, әлемнің ірі әуежайлары — экономикалық дамыған хабтар. Мемлекет басшысы Қазақстан әуе қатынасы саласында және басқа да бағыттар бойынша экономикалық хабқа айналуы керектігін әрқашан атап өтеді», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр бүгінгі таңда Үндістанның экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқанына және елге келушілер туризмі саласында көшбасшылардың бірі екеніне назар аударды.

«Егер Қазақстан Үндістан мен өзге елдер арасындағы транзиттік торапқа айналса, онда, әрине, Қазақстандағы экономикалық жағдай одан әрі жақсара түспек», — деп түйіндеді министр.

 

Анықтама: Қазақстан Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Ресей және Украина азаматтары үшін 90 күндік визасыз режимді және Аргентина, Әзербайжан, Сербия, Корея Республикасы, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим ұсынады.

2014 жылы мемлекет Қазақстан экономикасына көбірек инвестиция салған елдердің азаматтарына 15 күндік визасыз режим беру бағдарламасын іске қосты. Бұл елдер — Ұлыбритания, Германия, Италия, Малайзия, Нидерланды, АҚШ, Франция және Жапония. 2015 жылы бағдарламаға қатысушы елдердің саны 19-ға дейін өсті: олар — Австралия, Бельгия, Мажарстан, Испания, Монако, Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Швеция, Швейцария және Финляндия.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕО және ЭЫДҰ елдерінің, Малайзия, Монако, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз режимде келе алады.

Қазақстан Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимді енгізуді жоспарлап отыр — А. Мұхамедиұлы
1/3
Қазақстан Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимді енгізуді жоспарлап отыр — А. Мұхамедиұлы
2/3
Қазақстан Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимді енгізуді жоспарлап отыр — А. Мұхамедиұлы
3/3