Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Мәжілісі 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

18 қазан 2017, 15:00

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында Үкімет әзірлеген, 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері қаралды.

Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы биыл тамыз айында мақұлданған республиканың 2018–2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде қалыптастырылған.  

Республикалық бюджеттің жоспарлы кезеңге арналған негізгі параметрлері 2018 жылы — 8578,3 млрд теңге (ЖІӨ-ге 15,3%), 2019 жылы — 9190,2 млрд теңге (15,1%), 2020 жылы — 9566,2 млрд теңге (14,6%) түсімдерінен тұрады. 2018 жылы шығындар 9217,9 млрд теңге (ЖІӨ-ге 16,5%), 2019 жылы — 9798,2 млрд теңге (16,1%), 2020 жылы — 10 219,7 млрд теңге (15,6%) көлемінде жоспарланған.

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі, ол 2018 жылы 44,6%-дан 2020 жылы 47,4%-ға дейін артады. Ақшалай мәнінде бұл 13 401 млрд теңгені құрайды, сондай-ақ, 2018 жылы — 4108,6 млрд теңге.

Аталған шығыстар блогының негізгі көлемі әлеуметтік қамсыздандыру мен ел азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге тән. Жоспарлы кезеңде бұл бағытқа 8707,5 млрд теңге қарастырылған. Олардың ішінде ағымдағы жылы 473 млрд теңгеге немесе 22,1%-ға өсіммен 2018 жылы 2612,9 млрд теңге қарастырылған.  

Сонымен қатар аталған шығыстардың негізгі үлесін әлеуметтік төлемдер құрайды. Үш жылдық кезеңде оларды қаржыландыруға 8508,7 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылы — 2547,9 млрд теңге бөлінеді. 

Биылғы жылмен салыстырғанда 2018 жылы зейнетақы төлемдерінің артуы бірқатар себептер мен бастамаларға байланысты. Бұл — алушылар санының ұлғаюы, зейнетақы мөлшерлерін жыл сайынғы индекстеу, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібінің өзгеруі, сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымының өзгеруі. 

Бұдан өзге, 2018 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% деңгейінде көмек көрсету критерийін қосу арқылы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіледі.

2018–2020 жылдарға арналған денсаулық сақтау жүйесінің шығыстары 3342,5 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылы — 1070,3 млрд теңге. Олардың өсімі негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға сапалы көшу мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін арттыруға байланысты.  

2018–2020 жылдарға арналған бюджет жобасында білім және ғылым жүйесін дамытуға 1123,1 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2018 жылға – 340,6 млрд теңге.

Жоспарлы үш жылдық кезеңде орта білім беру саласында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша қолданыстағы «пилоттық жобаны» кеңейту жоспарда бар.  

Осылайша, 2018 жылғы қыркүйектен бастап Астана қаласының барлық 85 мектебін көшіру көзделген. 2019 жылы жобаға 239 мектебімен Алматы қаласы қосылады. 2020 жылдан бастап еліміздің барлық толық жиынтықты мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды жаппай енгізу жоспарланған. 

Мәдениет пен спортты дамытуға арналған 2018–2020 жылдардың шығыстары 219,7 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылы — 82 млрд теңге.

Экономиканың нақты секторын дамытуға қолдау көрсету бойынша шығыстар блогында келесі бағыттар қаржыландырылады:

  • «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», индустриалды-инновациялық даму, өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламаларын іске асыруға және үш жылдық кезеңде көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 2064,9 млрд теңге, соның ішінде 2018 жылы —  854,8 млрд теңге бөлінеді.

  • Экономиканың жаңа драйвері ретінде аграрлық секторды дамыту үшін ауыл шаруашылығы министрлігіне үш жылғы кезеңге 787 млрд теңге қарастырылған, соның ішінде 2018 жылы —  275,4 млрд теңге.

  • Жеделдетілген технологиялық жаңғыртуды жалғастыру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. 2018–2020 жылдарға арналған бюджет жобасында қаржыландыру көлемі 17 млрд теңгені құрайды.

ҚР Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин отырыстың қорытындысын шығара отырып, бюджеттің ұсынылып отырған жобасы теңдестірілген сипатқа ие екенін және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған орташа мерзімді келешектің міндеттерін шешетінін айтып өтті.