Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Несиелендіру және оның мөлшерлемесі: Бақытжан Сағынтаев экономикалық өсімге кедергі келтіріп тұрған мәселелерді атады

11 қыркүйек 2018, 10:30
Фото: primeminister.kz

ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев экономикалық өсімді тежеп тұрған екі факторды атап өтті. Ол — несиелендіру және оның мөлшерлемесі.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында инфляция 2,9% құрағанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш екенін жеткізді. Жылдық инфляция тамызда өткен жылдың соңындағы 7,1% салыстырғанда 6%-ға дейін төмендеді.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, ағымдағы жылы инфляция 5–7% мақсатты дәлізінде сақталады. Дегенмен, соңғы бірнеше айда сын-тегеуріндер артып келеді, бұл Ұлттық Банк бағалаған көрсеткіштен алдағы уақытта инфляцияның баяу төмендеуіне әкеледі.

«2019 жылы инфляция 4–7% дәлізінде, яғни шамамен 6% деңгейінде анықталған мақсатты дәліздің жоғарғы шегінде қалыптасады. Бұл сыртқы факторлардың әсеріне және ішкі жиынтық сұраныстың кеңеюіне байланысты. Осыған орай, инфляцияны мақсатты дәлізде ұстап тұру үшін қосымша шараларды қабылдау қажет», — деді Д. Ақышев.

Жыл басынан бері базалық мөлшерлеме 10,25%-дан 9%-ға дейін төмендеді. Алайда, Ұлттық банк егерде инфляциялық тәуекелдерді бағалау расталған жағдайда, ағымдағы жылдың соңына дейін ақша-несие шарттары қаталдана түсуі мүмкін екенін жеткізді.

Сонымен қатар, валюта нарығындағы теңге бағамы жыл басынан бастап 10 қыркүйек аралығында 13,8%-ға бәсеңдеп, $1 — 378,11 теңгені құрағаны атап өтілді. Жыл басынан бастап ресей рублінің 22%-ға құлдырауына қарамастан, теңге бағамына долларға қатысты дамушы елдердің валюталарының айтарлықтай әлсіреу факторлары әсер етуде.

Д. Ақышевтың айтуынша, Ұлттық банк валютаға деген сұраныстың ұсынысқа қарағанда анағұрлым жоғары болуы кезінде теңгенің құлдырауын басуда, алайда фундаменталды трендке кедергі болып жатқан жоқ. Бұл қазір курстың құбылмалдылығына әкелгенімен, ұзақ мерзімде төлем балансының және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазіргі қалыптасқан жағдай банктер мен қаржылық тұрақтылыққа еш қауіп тудырмайды.

10.09.2018 жылдан бастап Ұлттық банк теңгенің ресми бағамын қалыптастыру жолын өзгертті. Енді ресми бағам қазақстандық қор биржасындағы негізгі қосымша сессияның есептеу қорытындысынан кейін белгіленеді. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге негізделген. Кешегі сауда қорытындысы жаңа тәсілдің сәтті шығып, нарық қатысушыларына қиындық туғызбағанын көрсетті.

Ұлттық банк төрағасының баяндамасын тыңдағаннан кейін Премьер-Министр экономикалық өсімді тежеп тұрған екі факторды атап өтті. Ол — несиелендіру және оның мөлшерлемесі.

«Сіз жағдай дұрыс дейсіз, бірақ салалар бойынша қарасақ, ауыл шаруашылығы, құрылыс, байланыс, сауда-саттық — бәрі теріс нәтижелер көрсетуде. Несиелер берілмейді. Несиелендіру мәселесі төмендеген. Мұның бәрі экономиканың өсуіне әсер етеді. Сіздер беретін ұзақ мерзімді несиелер артта қалды, мөлшерлемесі өте жоғары. Осыған назар аударуларыңызды сұраймын», — деді Бақытжан Сағынтаев.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз