Құрылыс саласын цифрландыру шығындарды азайтып, жобалау кезіндегі қателіктерді болдырмайды — М. Жайымбетов

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы, инновациялық технологиялар мен қазіргі заманғы материалдарды құрылыста қолдану және құрылыс индустриясын цифрландыру бойынша ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетовпен эксклюзивті сұхбатта.

— Мемлекет басшысының Парламенттің бірлескен отырысында ұсынған 5 әлеуметтік бастамасының алғашқысы баспана мәселесіне арналған. Осы ретте, жобаны іске асыруда қандай нақты іс-шаралар көзделген?

 Өздеріңізге мәлім, Елбасының бірінші бастамасы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталады. Осы бағыт бойынша негізгі орындаушы — Ұлттық банк. Ал біз, өз кезегімізде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізетін боламыз. Ипотеканы дамыту, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша қолжетімді тұрғын үй беру тетігін әрі қарай өрбітеміз. Сондай-ақ, құрылыс көлемінің ұлғаю себебінен біршама өзгерістер көзделуде. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына айтарлықтай серпін береді. Соның нәтижесінде халық үшін баспана алудың қолжетімділігі арта түседі. 2017 жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткіш дами түседі деген сенімдеміз. 

— Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандардың интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықталуы жүзеге қалай асырылмақшы?

 Тұрмыс сапасын жақсарту және бәсекеге қабылеттілікті арттыру мақсатында E-SHANYRAQ деген көпқабатты үйлерді интелектуалды басқарудың бірыңғай жүйесі іске қосылады.

Бұл жүйе — тұрғын үй-коммуналдық секторының барлық қатысушыларына арналған. Тұрғындар есептелген төлемдердің дұрыс-бұрысын тексеруге, үйдің барлық мәселелері бойынша электронды дауыс беруге және оларға қатысуға, басқарушы компанияның қызметіне мониторинг жүргізуге, үйдің шығыстары мен кірістерін бақылауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың проблемалары бойынша өтініш беруге мүмкіндік алады.

Басқарушы компаниялар есептік ақпаратты бірыңғай электронды форматта орналастыруға мүмкіндік алады, ал жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдар жүйеде орналастырылған ақпараттың негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік алады.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» мекемесіне қарасты республикалық ахуалдық орталық құрылатын болады, ол мемлекетке саланың мұқтаждылығы мен проблемаларын аңғаруға, желілердің апаттылығына, тұрғын үй қорының тозуына және коммуналдық кәсіпорындардың жағдайына уақытылы шара қолдануға мүмкіндік береді. E-SHANYRAQ жүйесінің жанында барлық туындайтын сұрақтарға жауап беру үшін Call–center қызмет ететін болады. Электронды платформа іске қосылғаннан кейін тұрғын үй қатынастарының көп жылдық мәселелері шешіледі деген сенімдеміз.

Аталған жобаны пилоттық режим ретінде мамыр айында Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларында іске қосу жоспарланған. Негізгі мүдде — қаражаттарды жұмсау мәселелерінде пәтер иелерінің кооперативі қызметінің ашықтығын, айқындығын қамтамасыз ету.

— Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу жұмыстары түбегейлі жүзеге асса, құрылыс сапасының да жақсарары сөзсіз. Осы бағытта қандай шаралар атқарылуда және жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіз.

 Мемлекет басшысының Жолдауында құрылыстың жаңа әдістерін және жобалауда басқа тәсілдерді қолдану көзделген. Осыған байланысты Еурокодты енгізу және нормативтік базаны жетілдіру жұмыстары аяқталуда. Бұл шетелдік инвесторлар үшін тосқауылды жояды және ғимараттардың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, инновациялық технологиялар мен қазіргі заманғы материалдарды енгізу және қолдану қажет.

Қазіргі таңда, біз BIM-технологияларын енгізіп жатырмыз — ол ақпараттық моделдеу технологиялары. Бұл құрылыс объектісінің жобалау, құрылыс салу және пайдалану кезеңдерінде оны басқаруға мүмкіндік береді. Инновациялық артықшылықтың бірі — ол энерго тиімді жобалауды қолдану, яғни жобалау сатысында объекті пайдалану шығындарын білетін боламыз. Бұған дейін құрылыс салу құжаттарын дайындау мерзімі 2–3 айға созылып кетсе, бүгінде бұл үрдіс құрылыстың күрделілігіне орай 6–15 күнді құрайды.

Құрылыс индустриясын цифрландыру аясында сараптама жүргізу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманы 100% электрондық түрде қабылдау көзделген. Сингапур, Британия, Скандинавия елдерінің озық тәжірибелерін қолдану арқылы біраз жетістікке жетеміз деген ой бар.

— Астана мен Алматы қалаларынан өзге, республикадағы басқа өңірлерде апатты жағдайдағы үйлер мәселесі шешімін қалай табуда?

 Республикада жергілікті атқарушы органдар деректері бойынша 1 383 апатты жағдайдағы көп пәтерлі тұрғын үй бар. Заңнамаға сәйкес тұрғын үйді авариялық деп тану үшін меншік иесінде ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру құқығына тиісті аттестаты бар сарапшының не құрамында аттестатталған сарапшылары бар аккредиттелген ұйымның қорытындысы болуы қажет. Аталған қорытындыны алғаннан кейін меншік иесіне тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгінеді. Бұдан әрі әкімдік апатты үй-жайды бұзу бойынша іс-шараларды ұйымдастырады.

Айта кететін жайт, Алматы, Атырау, Қызылорда қалаларында үлкен тәжірибе бар. Жер телімдерін инвесторларға беріп, апатты үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Ал, Астана қаласында біраз тозығы жеткен апатты үйлер «Елорда Даму» ЖШС арқылы салынып жатыр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу