Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

АХҚО-ны ресми таныстыру 2018 жылғы 5 шілдеде өтеді

20 ақпан 2018, 14:57
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов айтып берді.

Астанада а. ж. 5 шілдеде Қазақстан елордасының 20-жылдығын мерекелеуге арналған «Астана» Халықаралық қаржы орталығын ресми таныстыру өтеді.

Қайрат Келімбетов хабарлағандай, іс-шара ЭКСПО Конгресс орталығының ғимаратында өтеді. Салтанатты іс-шараға қатысуға ірі халықаралық компаниялардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының басшылары шақырылған. Ресми ашылудың қарсаңында АХҚО дамуының стратегиялық бағыттары бойынша пленарлық сессиялар өтеді. Айтулы оқиғалардың қатарында 14-ші Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, Назарбаев Орталығында құқықтық мәселелер бойынша АХҚО алғашқы халықаралық конференциясы өтеді.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті инфрақұрылым мен АХҚО органдары құрылды», - деді Қайрат Келімбетов.

АХҚО нормативтік-құқықтық және реттеуші базасында жалпы қолданудың 30 актісі, қаржы қызметтерін реттеу бойынша 17 акт жасалды және содан кейін АХҚО органдары қабылдады. Жалпы, АХҚО қызметінің заңнамалық базасы 50-ге жуық акттен тұрады.

Қазіргі таңда АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті Қытай мемлекеттік даму банкін қоса алғанда 10 компанияны АХҚО қатысушысы ретінде тіркеді.

«Жалпы 2018 жылдың соңына дейін шамамен 100 компания тіркеледі», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов.

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, АХҚО әлеуетті инвесторлардың арасында белсенді қызығушылық тудырып отыр. АХҚО тікелей, сондай-ақ шетелдік қоржындық инвестицияларды тарту үшін барлық қажетті шарттарды ұсынатын жағымды хұкіметі бар заманауи жоғары технологиялы инфрақұрылым ретінде қалыптасқан.

Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында АХҚО Биржасы алаңында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ұлттық компанияларын IPO-ға шығару бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде. «Қазақтелеком» АҚ-ын 2018 ж. IPO-ға шығару бойынша жол картасы бекітілді. 2018 ж. «Қазатомпром» ҰАК» АҚ,  «Эйр Астана» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компанияларының сәйкес жол карталарын бекіту жоспарланған.

Халықаралық арбитраж орталығының жұмысына 18 халықаралық төреші тартылды, сондай-ақ оларды арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2018 жылы дауларды шешуден бөлек, АХҚО-ның екі органы, оның ішінде Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясы, ұлттық университеттердің қатысуымен бірқатар білім беру іс-шаралары мен конференциялар өткізуді жоспарлайды.

«Инвесторлар тексеріп, елімізге келуі үшін мазмұнмен толтыру қажет. Сондықтан, біз ұлттық және жекеменшік компаниялардың IPO мәніне, Ұлттық қордың басқарушы компанияларын оқшаулауға, Астананың инвестициялық резиденттігін және көлікке қолжетімділікті енгізуге баса назар аударамыз. Мұның бәрі АХҚО-ның өңірлік қаржы Хабы ретінде белсенді және тиімді қалыптасуы үшін негіз болмақ», - деді Қайрат Келімбетов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев АХҚО Қазақстан үшін өте маңызды жоба және оның негізгі мақсаттары инвестициялар тарту және инвестициялық қызметті ынталандыру үшін сәйкес жағдайлар жасау болып табылатынын атап өтті, және министрліктерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Сыртқы істер, қаржы, ұлттық экономика, ішкі істер, инвестициялар және даму министрліктеріне, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі мен «Астана-ЭКСПО» компаниясына АХҚО-ны ресми таныстыруды өткізуге дайындық барысына қажетті жәрдем беру тапсырылды.

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігіне Қазақстанда, сондай-ақ одан тыс АХҚО-ны тұрақты түрде ілгерілету мақсатында ақпараттық қолдау көрсету тапсырылды.

Сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне, Астана әкімдігіне ҰҚК шекара қызметімен бірге ЭКСПО-орталығының жұмыс жасауына жәрдемдесу шеңберінде Астана мен жетекші қаржы орталықтары арасында тікелей әуе қатынастарын кеңейту бойынша АХҚО қатысушылары үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу процедураларын жеңілдету бойынша қолайлы жағдайлар жасау шараларын қабылдау жүктелді.

Еске салсақ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру еліміздің экономикасын әртараптандыру мен қаржы саласын дамытуға бағытталған «Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының басты қадамдарының бірі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 19 мамырдағы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан елордасында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы құрылып, 2018 жылдың басынан бастап толық көлемде жұмыс істеп келеді.