Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Үкіметі мемлекеттік статистика және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңдардың жобаларын мақұлдады

20 желтоқсан 2017, 16:54

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралып, мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік статистика туралы заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша екі заңнамалық актіге түзетулер енгізіледі, олар: «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Мемлекеттік статистика туралы» заңдар.Тимур Сулейменов

«Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибені, халықаралық стандарттар мен қағидаларды ескере отырып, институционалдық деңгейде статистикалық процестер мен өнімдердің сапасын қамтамасыз ету», — деді Тимур Сүлейменов.

Заң жобасын әзірлеу кезінде Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Австрия, Италия секілді дамыған елдердің тәжірибесі зерттелді, сондай-ақ ресми статистика туралы Еуропалық үлгі заңының ережелері және Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін жаһандық бағалау бойынша халықаралық институттардың ұсыныстары ескерілді.

Жалпы, мемлекеттік статистика туралы заң жобасы келесі тұжырымдамалық міндеттерді шешуге бағытталған:

1. кемшіліктерді жою және мемлекеттік статистика саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру;

2. мемлекеттік статистика органдары қызметінің ашықтығын арттыру (ресми статистикалық ақпаратты жинау, өңдеу және тарату процестері);

3. жиналатын деректердің сапасын арттыру және ресми статистикалық ақпараттың жоғары сапасын қамтамасыз ету;

4. респонденттер мен пайдаланушыларға кері байланыс ұсыну;

5. қайталанатын көрсеткіштерді жинауды жою арқылы респонденттерге жүктемені азайту.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң жобасын таныстырды.Тамара Дуйсенова

«Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, алдымен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Осыған байланысты заң жобасында азаматтардың, отбасы мүшелерінің, жеке сектордың және ҮЕҰ-лардың әлеуметтік қызметтерге мемлекетпен бірдей деңгейде қатысуын қарастыратын нормалар бар», — деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан өзге, МЖӘ тетігін және ынталандырушы тарифтік саясатты қолдана отырып, әлеуметтік қызмет көрсету түрлері мен нұсқалық формаларын енгізу, сондай-ақ ұсынылатын қызметтердің адрестілігін күшейтуге бағытталған критерийлерді, жаңа қызмет стандарттарын әзірлеу көзделген.

Екіншіден, ұсынылатын қызметтердің адрестілігін күшейтуге бағытталған критерийлерді, жаңа қызмет стандарттарын әзірлеу көзделген. Түзетулер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын тұлғалардың санаттарын, төлем тәртібін және Әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар сомасының көлемін нақтылауды қарастырады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында шағын отанға қолдау білдіру үшін қайырымдылық көмек көрсету тәртібін заңдастыруға мүмкіндік беретін «Қайырымдылық туралы» заңға түзетулер енгізілуде.

Тамара Дүйсенова атап өткендей, заң жобасы ауылдық жерлерде жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандарына қолдау шараларын ұсыну жөніндегі норманың төрт заңнамалық актісін сәйкестендіруді қарастырады.

Жалпы, әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң жобасы бойынша 16 заңнамалық актіге, соның ішінде 3 кодекске түзетулер енгізу жоспарланып отыр.