Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Сарапшы А. Әлімбетова: Чемпионат жастарды да, оқытушы біздерді де бір серпілтті

07 желтоқсан 2018, 15:25
Фото: primeminister.kz

Елдің түкпір-түкпірінен келген үздік жастардың арасынан әлемдік деңгейде ел намысын қорғайтын «жүзден жүйрікті» анықтау оңай шаруа емес. Бес күн бойы жастардың білімі мен білігіне баға берген сарапшы Алматы облыстық тамақтандыру және қызмет көрсету инновациялық технологиялар колледжінен Шаштараз өнері бағыты бойынша сарапшы болған Айман Әлімбетова жастардың деңгейі жыл санап артып келеді дейді.  

— Биылғы өткен чемпионатттың деңгейіне қандай баға бересіз?

— Жалпы, Қазақстанда ұлттық чемпионат төртінші рет өткізіліп отыр. Еліміз World Skills International қозғалысына 2014 жылы қосылған. Содан бері жыл сайын жарыс деңгейі де, жастардың біліктілігі де артып келе жатқаны байқалады. Биылғы шараға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 30 мамандық бойынша колледждердің 350 студенті келді.

— Биылғы жастардың біліктілігі мен білімі қандай?

— Мен былтыр да сарапшылар құрамында болғандықтан, биыл жастардың дайындық деңгейі анағұрлым артқанын айта аламын. Жұмысшы мамандардың беделін арттыру үшін қолға алынған бұл чемпионат расымен де, жастарды да, оқытушы біздерді де бір серпілтті. Жарысқа қазір бәрі жауапкершілікпен дайындалып, ерекше талпыныспен жеңіске жету үшін күш салады.  

— WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионаты жастар үшін қандай мүмкіндік береді?

— Ең алдымен, мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатқанын айтқым келеді. Жұмыс берушілер белсенді қатысып, жастардың білімін тексеру үшін алаңда қажетті бар жағдай жасалғаны қуантады.  Қазір жұмысшы мамандар біліктілігімен қатар, жаңа технологияларды меңгеріп, білімін күнде жетілдіріп отыруы керек. Қазір бұрынғыдай бір оқып, үйреніп алсам жеткілікті дейтіндей уақыт емес. Жастар да бірнеше біліктілікті қатар алып жүру керектігін жақсы түсінеді. Мысалы, біздің саладағы бүгінгінің шашатаразшысы тек шаш қиып қана емес, бет әрлеуді де, тырнақ өнерін де жақсы меңгеруі керек. Жұмысшы мамандыққа негізінен көп көңіл бөліне бермейді. Алайда, мемлекет дәл осы мамандарға мұқтаж екені сезіледі. Сондықтан осындай шаралар жастар арасында, жалпы қоғамдағы бұл мамандықтардың беделін арттырып, нағыз кәсіби мамандарды даярлауға жол ашады деп сенемін.      

— Әлемдік деңгейдегі чемпионаттарда қазақстандық жастар өздерін қалай көрсетіп жүр?

— 2017  жылы Әбу-Дабиде өткен халықаралық жарыста қазақстандық құрама 77 мемлекет арасынан 24-ші орынға шықты. 2015 жылы 55-ші орында болған еліміз үшін бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын.  Былтыр WorldSkills Kazakhstan тарихында алғаш рет шаштараз өнері бойынша қазақстандық Назира Абдухалилова «Medallion for Excellence» медальонымен марапатталды. Чемпионат жастардың жарқын болашағына жол ашары сөзсіз. Келесі 2019 жылдың 22-27 тамызы аралығында Қазан қаласында өтетін дүбірлі додада біздің жастар былтырғыдан да жақсы нәтиже көрсетіп,  үздіктер қатарынан көрінетініне сенемін.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз