Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Туристік сала әлеуеті және ауыл шаруашылығы экспорты: Алматы облысы 2018 жылы қалай дамыды

07 ақпан 2019, 18:30
Алматы облысы
Фото: primeminister.kz

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екені айтылған. Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамуды одан әрі қамтамасыз етудің кешенді шараларын қабылдап жатыр. Алматы облысында Елбасы тапсырмалары қалай іске асырылып жатқаны туралы РrimeМinister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

Алматы облысы Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аумағының ауданы 223,9 мың км² құрайды, онда 777 елді мекен орналасқан. Облыс халқының саны — 2 037 393 адамды құрайды (2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша). Облыс орталығы — Талдықорған қаласы.

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, 2018 жылы облыс экономикасының дамуы барлық салаларда оң қарқынмен сипатталады. Жалпы өңірлік өнім өсімі — 3,5% шамасында.

 

Экспортты кеңейту және сауда-логистикалық хаб құрылысы: ауыл шаруашылығы қалай дамуда

Дәстүрлі түрде Алматы облысы ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы жоғары деңгейімен танымал, республика төңірегінде бұл өңір жеке ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтылу тұрғысынан көш бастап тұр. Бұдан өзге, агроөнеркәсіптік кешен облыс экономикасының драйвері болып саналады. Облыс бүгінде ауыл шаруашылығы бойынша жалпы республикалық өнім көлемінің 16% береді.

Мұнда өсімдік шаруашылығы белсенді түрде дамытылуда, қант өндірісі қалыпқа келтіріліп, кеңейтілуде, бағбаншылыққа және өнімдерді өңдеуге баса көңіл бөлінген. Мұның барлығы қосымша инвестициялар тартып, облыс тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын құруда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуда, әсіресе, сүтті мал шаруашылығы мен картоп өсіру шаруашылығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігін жандандыру көзделген.

Жоспарланған шаралардың барлығын іске асыру 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін шамамен 200 млрд тг өсіруге жол ашады, яғни 1,3 есе өсімге қол жеткізілмек.

АӨК әлеуетін толық көлемде пайдалану үшін 9 басым бағыт белгіленген өңірлік бағдарлама дайындалды (етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, қант қызылшасын өсіру, май-тоң май, бағбаншылық, картоп өсіру, жылыжай және су шаруашылықтары).

Алқаптарды әртараптандыру аясында қант қызылшасы (2000 га), жүгері (1453 га), мал азықтық дақылдар (1215 га) және көкөніс (707 га) алқаптарының көлемі артты.

Қант қызылшасының жалпы жиыны 32% өсіп, 440 мың тоннаны құрады. Жекелеген шаруашылықтар бір гектардан 700-800 центнерден жоғары өнім алды, ал жалпы облыста орташа өнімділік — 400 центнер. Екі қант зауыты 42 мың тонна қант өндіреді деп жоспарланған, бұл ретте облыстың қантқа деген сұранысы — 30 мың тонна. Алдағы уақытта тағы екі қант зауытын іске қосу көзделіп отыр, бұл бағытта әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Жүгері өсіруде озық технологияны қолданудың арқасында соңғы 27 жылда рекордтық өнім алынып, оның көлемі 532 мың тоннаға жетті.

Мәселен, Панфилов ауданының фермерлері тамшылатып суару әдісін қолданудың нәтижесінде бір гектардан 120 центнерге дейін өнім алуда, бұл облыс бойынша орташа өнімділіктен 2 есе көп. Жаңғырту жұмыстарынан кейін Жаркент крахмал-сірне зауытының қуаты 10 мыңнан 135 мың тоннаға дейін артты, жүгеріні қалдықсыз өңдеу жүйесі жолға қойылып, өнімнің 27 түрі шығарылатын болды.

2018 жылы интенсивті бақтардан алғашқы өнім жиналды, мұндай бақтардың ауданы бүгінде 2,4 мың гектарға жетті (бақтардың жалпы алаңы — 24,2 мың га). Ал жеміс-жидектің жалпы жиыны 126 мың тоннаны құрады, оның 65 мың тоннасы — алма.

Облыс жаңа бағыт — өнеркәсіптік картоп өсіруді дамыта бастады. Кеген және Райымбек аудандарында картоптың элиталық сорттары 100 гектарға себілді, 21 бірлік техника сатып алынып, 2 сервистік-дайындық орталығы құрылды. 2020 жылға қарай алқап көлемі 4,5 мың гектарға жеткізіледі, картоптың жоғары өнімділікті сорттарынан 135 мың тонна тұқымдық материал жиналып, ол қалған алқаптарға себілетін болады. Картоптың жалпы жиынын 722 мыңнан 800 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған, бұл өз кезегінде іске қосу жоспарланып отырған картоп өңдейтін «Фарм фритц» (жылына 70 мың тонна өнім) зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығында мал саны мен оның өнімін өндіру орта есеппен 3,7% артты. 97 мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді, сиыр етін өнідіру 7% өсті, 1 мың тонна экспортқа шығарылды. Жалпы қуаттылығы 91 мың тонна болатын 5 ет комбинатының құрылысы жүргізіліп жатыр («Империя Фуд» — 8 мың тонналық, «Лунюань Жетісу» және «Қайыңды» әрқайсысы — 16 мың тонналық, Inalca — 21мың тонналық және «Бауман» — 30 мың тонналық).

Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 2018 жылы 7 отбасылық сүт-тауарлы фермасы (СТФ) құрылды, мұндай фермалар саны — 70, оларда облыс бойынша сүттің 20% өндіріледі. 2021 жылға қарай отбасылық СТФ құру есебінен сүт зауаттарын сапалы сүтпен толық көлемде қамтамасыз ету жоспарланған.

Соя, күнбағыс, уыт, крахмал өнімдері, балық пен балық өнімдері экспортының артуы есебінен АӨК өнімінің экспорты 37% өсті ($57 млн). Қытайға «Лепсі өнімдері» брендімен бал экспорттау жолға қойылды, «Грин Лэнд Алатау» ЖШС-ның жылыжай көкөністері Ресей нарығына жөнелтілуде.

Күніне 1000 жүк көліктерін өткізетін қуаттылықтағы, инвестициялар көлемі 32,3 млрд теңге болатын сауда-логистикалық хабының құрылысы бойынша «Ранжис» француз компаниясы өкілдерімен кездесу өткізілді. Олар Алмат өңірінің тауар өндірушілерінен өнімдерді делдалсыз сатып алып, өңдейді. Жоба 2019 жылы жүзеге асырыла бастайды.

Жалпы АӨК бағдарламасын жүзеге асыру Президенттің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен аграрлық саладағы өңделген тауарларды экспорттауды 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. (2017ж. еңбек өнімділігі — 1534 мың теңге, 2022 ж. — 3834 мың теңге.).

 

Азық-түлік өнеркәсібі: Алматы облысының кәсіпорындары жалпы еліміздің қажеттілігін қамтамасыз етуде

Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 1,1% артып, 884 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдан 88 млрд теңгеге артық.

Өңдеу өнеркәсібінде тең жартысына жуығы — азық-түлік пен сусындар өндірісі. Мәселен, «Фудмастер», «Адал», «Райымбек Агро», «Данон», «JLC Сүт» компанияларының сүт өнімдері республиканың барлық өңірлерінде жоғары сұранысқа ие. Алты ірі өндіруші жылына 1 млрд литрге жуық табиғи шырын мен алкогольсіз сусындар шығарады, бұл өз кезегінде Алматы қаласының қажеттілігін толық жабуға және жалпы республика бойынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2017 жылы 40 кәсіпорын жаңғыртылудан өткізіліп, соның нәтижесінде экспорттық тауар айналымын 23,5% ($274,2 млн) арттыруға жағдай жасалды. Экспортпен барлығы 21 кәсіпорын айналысады, дегенмен олардың саны артып келеді. Мысалы, еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі алғашқы 10-дықтағы импорт тауарларының жетеуін Алматы облысының кәсіпорындары шығара алады.

Жолдауда айтылған өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға берілетін 1 трлн теңге қосымша қаржы кәсіпорындарға экспорт көлемін одан әрі арттыруға, импортты алмастырумен айналысуға мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика өсімінің нақты құралы болып есептеледі. Бүгінде Алматы облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, портфельде 5,7 трлн теңгелік, 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құратын 306 инвестжоба бар. Олардың ішінде 9 жоба — Трансұлттық компаниялардың, 44-і — шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылады. Бұл Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге тікелей жауап береді.

2018 жылдың тамыз айында Қазақстанда тұңғыш рет WILO неміс компаниясының сорғы құралдарын шығаратын кешені ашылды. Бұдан өзге, Индустриаландыру күнінде «Ролтон» брендімен өнім шығаратын, өзінің логистикалық және қоймалық инфрақұрылымы бар «МаревенФуд» зауыты іске қосылды. Жылдық өнім көлемі — 21 млрд теңге. Өнімдерін 80%-ке дейін Орта Азия елдеріне экспорттайтын болады.

Майлау материалдарын шығаратын ресейлік «Лукойл» компаниясының зауытында іске қосу жұмыстары басталды, зауыт толығымен «ақылды» қойманың және өндірістік желінің автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда іске қосу мен жөндеу жұмыстары басталған.

Бұл кәсіпорындар толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген алты индустриалық аймақта орналасады. Мұнда құны 341 млрд теңге болатын, 4,6 мың жұмыс орны құрылатын 49 жоба жүзеге асырылады.

Облыс экономикасына «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА ерекше серпін беріп отыр. Ол Қытай, Орта Азия елдері мен Еуразиялық одақ елдері арасындағы тауарлық лек тоғысындағы аса ірі көліктік-логистикалық Хаб болып саналады. АЭА аумағында 470 млрд теңгелік, шамамен төрт мың жұмыс орны құрылатын 12 жоба жүзеге асырылуда.

2018 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 574,3 млрд теңгені құрады, оның 80% — бюджеттен тыс қаржы (460 млрд теңге).

 

Өнімді жұмыспен қамту: 31 мың жұмыс орнын құру және төменгі жалақы алатын жұмысшылардың еңбекақысын арттыру

Шағын және орта бизнесте бүгінгі күні облыстың әрбір төртінші тұрғыны жұмыс істейді. Олар жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шығарады, ал салық түсімінің көлемі 1,5 есеге (66-дан 97 млрд) өскен.

2018 жылы облыс басшылығы сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында қуаттылығы әртүрлі 100 жаңа нысан ашуға жауапкершілік алды. Бүгінде 100 нысанның барлығы іске қосылып, онда 2034 жаңа жұмыс орныы ашылды.

Мемлекет кәсіпкерлерге бизнесін табысты жүргізуге зор қолдау көрсетіп отыр. «Бизнестің Жол картасы» аясында 4,4 млрд теңге бөлініп, 228 субъектіге қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1339 адам жалпы құны 6,2 млрд теңге болатын шағын несие алды.

2018 жылы облыста 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Президент Жолдауын іске асыру аясында облыстағы барлық кәсіпорындарда жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда 43503 кәсіпорындағы 79,4 мың жұмысшы төмен жалақы алады).

Қазірдің өзінде 14 мыңнан астам жұмыс беруші 32 мың жұмысшысының жалақысын көтеруге дайын екендін айтты. Бюджеттік ұйымдардың 41 мың жұмысшысының жалақысы орта есеппен 35% өседі. Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 133,5 мың адам Президенттің салықтық жүктемені азайту туралы бастамасынан кейін жоғарылатылған жалақы алуда.

Жыл басынан бері облыста орташа айлық жалақы 5% өсті. Халықтың нақты ақшалай кірісі 0,8% өсті.

 

Туризм саласындағы әлеует

Алматы облысында туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл қорытындысы бойынша туристер саны 2 млн адамға жетті, соның ішінде 1 млн — Алакөлде демалушылар. Бұған Алакөлге апаратын көлік қатынасының қолжетімділігі, шетелдік нысандардан кем түспейтін демалыс орындарының көптеп салынуы ықпал етті.

Мемлекет басшысының 2018 жылғы мамыр айында облысқа келген жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Жағалауды одан әрі дамытудың жоспары әзірленген. Ұшу-қону алаңын реконструкциялау, жағалауды бекіту жұмыстары, сол сияқты сумен қамту және кәріз жүйелерінің құрылыстары жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінде мәлімделгендей: көлік қатынасын реттеу туристерді тартудың негізгі көзі екенін Алакөл көлінің үлгісінде көруге болады. Бұл орайда Көлсайға, Шарын шатқалына апаратын жолдар салынды, Балқаш көліне дейінгі 140 шақырымдық жолды жаңғырту бойынша ірі жоба қолға алынды.

 

Инфрақұрылымдық даму: қолжетімді баспана және сапалы жолдар

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс аумағында әлемдік стандарттарға сай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (304 км), «Алматы – Талдықорған» (260 км) жолдары салынды. Жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысы мен жөндеуіне жыл сайын 30 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018 жылы Алматы облысында 72 тұрғын үй пайдалануға берілді (жалпы алаңы — 34,3 мың м2 және 468 пәтер). Облыста барлығы 713,2 мың м2 тұрғын үй берілді.

«7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 26 алап белгіленді, онда жалпы алаңы 3,8 млн м2 болатын 2509 тұрғын үй салу жоспарланған (103,7 мың пәтер).

Бастапқы жарнасын төмендету үшін жыл сайын медицина қызметкерлерінің, мұғалімдердің, полиция қызметкерлерінің тұрғын үй сертификаттарына 1 млрд теңгеден бөлу жоспарланып отыр.

«Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудың 2025 жылға дейін созылуы орталықтандырылған су жүйесімен 100 % қамтуға, жолдардың сапасын 77%-дан 90%-ға дейін жақсартуға, 1 адамның тұрғын үймен қамтылуын 26 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі — азаматтарымыздың қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасап, елді мекендерді, аулаларды көркейту. 

Бұл мақсаттарға жыл сайын 11 млрд теңге бөлінеді, бұл жұмыс әлі де жалғаса бермек. Мәселен, Талдықорған және Қапшағай қалаларында екі жыл ішінде 89 аула абаттандырылды.

 

Газдандыру: 142 елді мекен табиғи газға қосылған

Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, газдандыру бойынша Талдықорған қаласында қалаішілік жүйелерді жүргізудің құрылысы жалғасуда, Текелі қаласына дейінгі газ құбыры іске қосылды, жеткізгіш газ құбырлары бар 3 автоматтандырылған газ тарату бекеттерінің (Бақанас, Үштөбе, Сарыөзек) құрылысы аяқталуға тақап қалды.

Жалпы облыста газдандыру жұмысы 14 ауданда жүріп жатыр. Таратушы газ жүйесінің құрылысы жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. 2018 жылы бюджеттен 13,9 млрд теңге бөлініп, 36 млрд теңге жеке инвестиция тартылды, яғни бюджет қаржысының 1 теңгесіне жеке қаражаттың 3 теңгесі сәйкес келеді.

Табиғи газбен қамтылған елді мекендердің саны 142-ге жетті, газдандыру деңгейі 30%-дан асты.

 

Қолжетімді білім: үш ауысымды білім беру мәселесі қалай шешілуде

Мемлекет басшысы білім берудің, денсаулық сақтаудың қолжетімділігін арттыру, әрбір отбасының жайлы да қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету туралы міндеттер қойды.

Алматы облысының білім беру саласында үш ауысымды мектептерді болдырмау мәселесін шешуге ерекше маңыз беріліп отыр. 2018 жылы 9 мектеп салынды, соның 2-еуі – әрқайсысы 1200 орындық мектептер, соның біреуі Талдықорған қаласында АТ мектеп-лицейі ретінде ашылды. Сонымен қатар, облыс орталығында жеке концерт залы бар, 300 орынға арналған балаларға арналған музыкалық мектептің жаңа ғимараты салынды.

Облыста балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту міндеті сәтті жүзеге асырылуда. 2018 жылы 139 жекеменшік балабақша ашылып, қамту деңгейі 98% жетті. Жалпы облыстағы 730 балабақшаның 547-сі – жекеменшік (75%).

Балалар өмірінің қауіпсіздігін ескере отырып, бүгінде 1092 немесе 69% білім мекемелерінде бейнебақылау камералары қойылған, 2019 жылы 100% қамтамасыз етілетін болады.

Президенттің бастамалары аясында колледждерге арнап 7 жатақхана салу үшін жер телімдері анықталып, жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

 

Денсаулық сақтау жүйесі цифрлық форматқа көшірілуде

Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Бұл мәселе өңір үшін өте өзекті саналады, себебі облыстағы халықтың 80% ауылдық жерлерде тұрады.

Облыста 15 нысан салынып, 5 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 2018 жылғы желтоқсанда Талдықорғанда республикада тұңғыш рет қатерлі ісік ауруын ерте кезеңінде анықтау жөніндегі Ситуациялық орталық ашылды және Позитрондық эмиссиялық томография орталығын реконструкциялап, пайдалануға беру жобасын жүзеге асыру көзделген.

Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу аяқталып, 1,5 млн электрондық денсаулық паспорты тіркеліп, халықты қамту деңгейі 83% құрады. 2018 жылдан бастап «Көмек 103» жүйесі іске қосылды, бұл жедел жәрдемнің ауылдық жерлерге жету уақытын 15 минутқа дейін, қалаларда жеті минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік беруде.

Жолдау аясында жалпы еліміз бойынша кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін (ДСК) салу тапсырылған. Облыста алты ДСК салынды, 2018 жылы тағы жетеуінің құрылысы жүрген, оның екеуі іске қосылды, бесеуінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз