Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жылдық есеп қаралды

02 мамыр 2018, 16:30
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жылдық есеп аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ҚР Үкіметінің тапсырмаларын іске асыру мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы есептіліктің және қызметті талдамалық бағалаудың бірыңғай әдіснамалық тәсілдері бекітілгенін, ол тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есепті дайындау кезінде пайдаланылатынын атап өтті.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін мемлекеттік органдардың ұсыныстары пысықталып, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырыстарында қаралды. Алыс және таяу шет елдердің заңнамасына талдау жүргізілуде.

Мемлекеттік органдардың ақпараты бойынша 2017 жылы тұтынушылардың 23 мыңнан астам өтініші түскен. Өтініштердің басым бөлігі Ұлттық банкке 13 100 (55, 24%), Ұлттық экономика министрлігіне 4294 (18,11%), Денсаулық сақтау министрлігіне — 5096 (21,49%) түскен.

Мәселелердің сипаты бойынша өтініштердің басым бөлігі қаржылық қызметтер – 13 148 (55,45%), денсаулық сақтау — 5020 (21,16%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы — 4000 (13%), бөлшек сауда — 1798 (7,58%) салаларына тиесілі.

Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің мәліметтері бойынша 2017 жылы оларға тұтынушылардың құқықтарын бұзушылықтар туралы азаматтардың 23 673 өтініші келіп түскен. Қызмет салалары бөлінісінде көпшілігі тұрмыстық қызмет көрсету — 8404 (36%), бөлшек сауда — 5181 (22%), байланыс қызметтері — 5353 (22%), ТКШ қызметтері — 2064 (9%) құрайды.

«Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес 2017 жылы тұтынушылардың 50 мыңға жуық өтініші түскен, оның ішінде мемлекеттік органдардың үлесіне өтініштердің 47,6%-і, қоғамдық бірлестіктерге 47,5%-і, жергілікті атқарушы органдарға 4,9%-і тиесілі», — деді Т. Сүлейменов.

Медициналық қызметтер тұрғысынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша 8,891 млн теңге сомасына 430 әкімшілік хаттамалар жасалды. Өткен жылы 229 жеке тұлға, 87 лауазымды тұлға және 23 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2017 жылы 439 материал құқық қорғау органдарына жіберілді.

«Өнімдердің қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша 1300-ден астам ұйғарым берілді, 1024 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, 415 сот шешімі қабылданды, сауда кәсіпорындарында 40 тоннадан астам өнім сатылымнан алынып тасталды, жалпы сомасы 19,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұлдар салынды», — деп атап өтті Е. Біртанов.

Министрдің айтуынша, 34 мыңнан астам тамақ өнімдерінің үлгілері тексерілді, оның ішінде техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеуі бойынша 2624 сынама анықталды, ол 8,3%-ті (2016 жылы — 10,4%) құрады.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атап өткендей, халықтың тұтынушылық сауаттылығын арттыру мақсатында БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы өнімдердің қауіпсіздігін мониторингтеу нәтижелері туралы ақпарат үнемі жарияланып отырады.

Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары А. Лукин және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Р. Жүнісов баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сақтандыру проблемалары бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Оларды Ұлттық банкпен бірлесе отырып реттеу керек. Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көтерілген барлық мәселелерді пысықтауды тапсырды.

Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз