Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды

24 желтоқсан 2018, 16:45
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елімізде қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.  

Кеңеске селекторлық режимде министрлер, өңірлердің әкімдері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің және полицияның аумақтық департаменттерінің басшылар құрамы қатысты.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздегі криминогендік жағдай, ұрлықтарға қарсы қабылданып жатқан іс-қимыл шаралары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыстылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндады.  

Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының негізіндегі міндеттер мен Қазақстан Республикасының 2019-2021 жж. арналған ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының іс жүзіне асырылуы бойынша шаралар талқыланды.

Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын-алу, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, тұрғындарды тіркеу, әкімшілік және қылмыстық-процессуалдық қызметтерді цифрландыруды енгізу, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту бойынша комиссия қызметінің мәселелері жөнінде өңірлердің әкімдері мен полиция департаменттерінің басшылары тыңдалды.

Учаскелік полиция инспекторларының рөлін арттыруға, тұрғын үймен жапсарлас учаскелік полиция пункттерін салуға, мектеп инспекторларының институтын одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлінді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз