Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Видеодайджест: Бақытжан Сағынтаевтың Атырау облысына жұмыс сапары 13.04.2018

14 сәуір 2018, 18:00

13 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болып қайтты.

Сапардың мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу.

Бақытжан Сағынтаев алдымен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағын тексеріп, онда полиэтилен өндіретін «Полимер Продакшн» зауытымен және газ турбиналы электр стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Махамбет ауданында Қазақстандағы алғашқы ешкі өсіру және ешкі сүтін өңдеумен айналысатын «Сарайшық АШК» мал шаруашылығы кешенін аралау барысында өңірде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі Атырау музыкалық колледжінің салынып жатқан студенттер жатақханасын тексеру арқылы өңірде Мемлекет басшысының студент жастардың жатақханада тұру жағдайларын жақсарту бойынша үшінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысымен танысты.

Бақытжан Сағынтаев Д. Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжінің бас ғимаратында облыстың студент жастарымен кездесіп, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін талқылады.

«Ембімұнайгаз» офисінде ҚР Премьер-Министрі зияткерлік кен орны жүйесімен, «Цифрлық кен орны» жобасы бойынша перспективалық жоспарлармен және жұмыс істеу қағидаларымен танысты.

Облыстың жұмыс активімен және бизнес өкілдерімен кездесуде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері, Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру барысы мен облыстың экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев Атырау қалалық емханасында «ҚазМедАқпарат» электронды жүйесін қолдану арқылы облыстың денсаулық сақтау саласын цифрландыру барысымен танысты. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, соның ішінде МЖӘ қағидаларын қолдану арқылы жеке медицинаны дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарымен танысты.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз