Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Жаңа Жібек жолы» жобасын іске асыру және транзиттік-көлік әлеуетін дамыту: Маңғыстау облысы 2018 жылы қандай жетістіктерге қол жеткізді

22 ақпан 2019, 17:15
Маңғыстау облысы
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан өңірлерінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе азаматтардың әл-ауқатын, халық табысын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде іске асырылып жатыр. Маңғыстау облысында Президент тапсырмалары қалай іске асырылып жатқаны туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.

Маңғыстау облысы Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан, солтүстік-шығысында Атырау және Ақтөбе облыстарымен, батысында — теңіз арқылы Ресей Федерациясымен, Әзербайжанмен және Иранмен, оңтүстігінде — Түрікменстанмен және шығысында — Өзбекстанмен шектеседі. Маңғыстау облысының аумағы 165,6 мың м2 құрайды. Облыста 2 қала (Ақтау, Жаңаөзен), 5 ауылдық аудан, 3 кент, 39 ауылдық округ және 54 ауыл орналасқан. Бұл өнеркәсіптік өңірде Қазақстан мұнайының 25% өндіріледі.

Өңір халқының саны — 676,7 мың адам, оның ішінде қала тұрғындары — 270,8 мың адам (40,2%). Облыс халық санының өсу қарқыны бойынша 4 орында тұр (2018 жылдың басынан бері 2,7% өсім, оның ішінде ҚР бойынша орташа өсім — 1,2%). Туылу көрсеткіші жоғары. 2018 жылдың 11 айында халық санының табиғи өсуі 15 528 адамды құрады.

 

«Ақтау» және «Құрық» порттары: Қазақстанның «теңіз қақпасы» қалай дамуда

 

Облыста Қазақстанның «теңіз қақпасы» — Ақтау қаласы орналасқан, онда еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуда үлкен маңызға ие, бір аттас халықаралық транзит порты орналасқан. «Ақтау портынан» оңтүстікке өарай, Каспий теңізінің шығыс жағалауында автокөлік транзитіне жаңа мүмкіндіктер ашатын «Құрық» паром кешені орналасқан. Жалпы, көлік инфрақұрылымыy дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мультипликативтік әсерін тигізеді және ынтымақтастықты кеңейтіп, өңірдің экономикалық ңлгерілеуіне жол аша отырып, жандандырылған Жібек жолының сауда ағындарына жаңа серпін береді.

Бүгінде «Ақтау» порты — ірі қазақстандық хаб. Осы жерден көрші елдердің порттары арқылы әлемнің кез-келген жеріне жүк жіберуге болады. Порт — негізгі, құрғақ жүктерді, мұнай мен астықты толығымен ауыстырып тиеуді қамтамасыз ететін көпфункциялық заманауи кешен. Мұнда темір жолдар мен автокөлік жолдары түйіседі. Жалпы, өзінің техникалық параметрлері бойынша «Ақтау» порты халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес келеді. Порт айдыны қауіпсіз тұрақ орны ретінде, кемелерге жан-жақты қызмет көрсетуге және жүкке қатысты операцияларды жүргізуге арнайы жабдықталған. Порттың өткізу мүмкіндігі 16,5 млн тоннаны құрайды. Жоғары интеграцияланған экономика және халықаралық бағыттарды қайта бағыттау жағдайында «Ақтау» порты транзиттік тасымалдарды дамытуға бет алды.

Теңіз инфрақұрылымын дамытудың және өңірдің жүк айналымын ұлғайтудың негізгі басымдықтарының бірі — Каспий бассейні порттары арасында контейнерлік тасымалдар көлемін арттыру және жүктердің жаңа түрлерін тарту. Қазіргі таңда Қазақстан, Қытай, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия, Түркия және Оңтүстік Еуропа елдерінің арасында жүк тасымалдарын қамтамасыз етуге бағытталған Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қазақстанның транзиттік стратегиясын дамыту нәтижесінде «Ақтау» портына елеулі транзиттік жүктерді тартуға мүмкіндік беретін көлік бағдарлары әзірленді. Соңғы 5 жылда Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік жүктердің ағымы шамамен 100 есе өсті. Қазіргі уақытта Қытайдан «Ақтау» порты арқылы «Баку» портына, Кавказ елдеріне, Батуми, Поти және Түркия порттарына өтетін орталық мультимодальдық бағдар әзірленіп жатыр.

«Ақтау» порты осы бағыттың маңызды түйіндерінің бірі ретінде саналады. Бағдардың әлеуеті өте жоғары — жылына 300 мың контейнерге дейін. Сол себепті де Қазақстанда Солтүстік теңіз терминалы мен «Құрық порты» қосымша құрылды. «Ақтау» порты жаңа мамандандырылған техниканы сатып ала отырып, осы объектілерге қарқынды түрде дайындалуда, мұнда контейнерлеуде үлкен перспектива бары байқалады. Бүгінгі таңда порттың қуаты жылына 40 мыңға дейін контейнерді қабылдауға және өңдеуге мүмкіндік береді, дегемен стратегиялық міндеттер әлдеқайда жоғары — 75–100 мың контейнер.

2018 жылы жүк тиеудің жалпы көлемі 3 554 мың тоннаны құрады. Соның ішінде: мұнай және мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу — 2 089 мың тонна, өткен жылғы көлем — 1 437 мың тонна, металл ауыстырып тиеу көрсеткіші — 188 мың тонна, басқа жүктерді ауыстырып тиеу — 358 мың тонна, астықты ауыстырып тиеу — 823 мың тонна, паром жүктерін ауыстырып тиеу — 96 мың тонна.

Сонымен қатар, «Құрық» порты Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға қуатты серпін береді және «Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асыруға өз үлесін қосады. Порт Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне теңіз, темір жол және автокөлік жолдары арқылы жүктерді ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Құрық портының айдынына темір жолдар мен автокөлік магистральдары байланыстырылған, Орта Азия, Қытай, Кавказ, Түркия және Еуропа елдерінің арасында халықаралық тасымалдар қамтамасыз етілген.

Айта кеткен жөн, «Құрық» паром кешені бір уақытта 4 паромды, тәулігіне 8 паромға дейін өңдеуге мүмкіндік беретін 4 айлақпен жабдықталған темір жол және автокөлік құрауыштары бар, заманауи инфрақұрылымдық нысандармен жарақтандырылған. Порттың ыңғайлы географиялық орналасуы паромдардың жолда болу уақытын Әзербайжаннан 4 сағатқа қысқартады. Порт аймағында жүктерді жедел өңдеуге арналған, заманауи техникамен жабдықталған және барлық жаңа технологиялармен жарақтандырылған әмбебап кедендік ресімдеу ғимараты жұмыс істейді. Мұнда «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Бір жерде барлық мемлекеттік қызметтер — кеден, шекара қызметі, фитосанитария, ветеринария, порт қызметтері орналасқан.

Порт пайдалануға берілгеннен бері жүкті ауыстырып тиеу 3 млн тоннадан асты, оның ішінде 2017 жылы — 1 млн 476 мың тонна, 2018 жылы — 1 млн 611 мың тонна. Жүктерді импорттау 1,3 млн тоннаны құрады, 1,8 млн тоннасы экспортталды. «Құрық» порты арқылы транзитпен түрлі жабдықтар, электроника, тоқыма, химия саласының өнімдері, металл бұйымдары және т.б. бағытталады.

 

2018 жылы мұнай өндіру көлемі 18 млн тоннаға дейін ұлғайды

 

Маңғыстау облысы еліміздегі мұнай өндіретін көшбасшыларының бірі. Өңірде қазақстандық мұнайдың 25%-дан астамы өндіріледі. 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 18 млн тоннаға дейін өсті, сондай-ақ, техникалық қызмет көрсетудің — 12,8%-ға өскені байқалды. Бұған қоса, 2018 жылы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 101,4% құрады.

Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2947,9 млрд теңгеге өнім шығарды. Өнеркәсіп өндіріс көлемі 4%-ға, тау-кен өндірісі өнеркәсібінде 1%-ға өсті. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 12%-ға артып, 228,4 млрд теңгені құрады. Машиналар мен жабдықтар өндірісінде — 1,3 есе, машина жасауда — 11%-ға, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде — 23,8%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде — 1,2 есе, былғарыдан жасалған және соған қатысты бұйымдар өндірісі — 3,4%-ға өскен.

Электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, бу және ауаны кондициялау саласында 120,3 млрд теңгеге өнім өндірілді, өндіріс өсімі шамамен 6% құрады.

 

Бұдан өзге, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсімі бойынша оң қарқынға қол жеткізілді, ол 6,5%-ды құрады. Бұл өсім бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру (шамамен 28,5 млрд теңгеге жуық сомаға 130-дан астам жоба) және жобалық басқару аясында жобаларды іске асыруесебінен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, өңірде шикізаттық емес өндірістерді дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағын жоғары технологиялық экспортқа бағытталған өндірістермен толтыру жұмыстары қолға алынған. 2019–2020 жылдары жалпы құны 40,7 млрд теңгені құрайтын, 700 жуық жұмыс орнын ашатын, 8 жобаны іске асыру жоспарланған. АЭА-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында аумақтың инфрақұрылымын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Ауыл шаруашылығын дамыту: 2018 жылы АӨК субъектілеріне 2 млн-нан астам теңгеге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді

 

Өңірдің экономикалық дамуының негізгі салалары мұнай өндіру және мұнай сервистері қызметтері болып қала берсе де, облыста экономиканы әртараптандыруға үлкен мән берілуде. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жұмыс жүйеге келтірілуде.

2018 жылдың қорытындысы бойынша АӨК субъектілеріне 2,8 млн-нан астам теігеге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді (субсидиялау — 756,8 млн теңге, шағын несиелердіру — 1 244 млн теңге).

Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі 16,6 млрд теңге көлемінде өндірілді, саладаға өндіріс көлемінің өсімі 4%-ды құрады. Мәселен, мал басының өскені байқалады, атап айтсақ: ірі қара мал — 12,3%-ға (18,9 мың бас), түйе — 11%-ға (60,5 мың бас), жылқы — 11,4%-ға (72,9 мың бас) .), қой мен ешкі — 6%-ға (387,2 мың бас).

Сонымен қатар, облыстың барлық қалалары мен аудандарында 20 ауыл шаруашылық кооперативі бар. 2018 жылы жергілікті бюджеттен түсімділікті арттыру және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуды субсидиялауға — 80 млн тг, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге және сатуға қолдау көрсетуге 50 млн теңге бөлінді.

Бұдан өзге, 2018 жылы агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды инвестициялық субсидиялауға республикалық бюджеттен 636 млн теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы 8 инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде мал шаруашылығы саласында — 4, өсімдік шаруашылығында — 2, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында — 2.

Өңірде жалпы ауданы 23,76 гектарды құрайтын 41 жылыжай бар, оның ішінде 6-уы — өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай және 35-і — фермерлік үлгідегі жылыжай.

Сондай-ақ, электрондық алқаптар мен жайылымдарды цифрландыру жұмыстары қолға алынған. Өсімдік шаруашылығындағы цифрландырудың бірінші кезеңі — егіс және жайылым алқаптарының электрондық карталарын құрастыру. Мәселен, Маңғыстау облысында 1,2 мың гектардан астам егістік алқаптары және 2,7 млн гектардан астам жайылымдық жерлер цифрландырылған.

 

Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы: бір жылда 35 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

 

Өңірде жыл сайын мыңдаған жұмыс орындарын құратын, экономиканың түрлі секторларындағы шағын және орта кәсіпкерліктің өскені байқалады. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әрекет етуші ШОБ субъектілерінің саны 51,1 мың бірлікті құрады, бұл өткен жылғыдан 8,7% артық.

Сонымен бірге, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес, екінші деңгейлі банктер шағын бизнес субъектілеріне 30,2 млрд теңге көлемінде несиелік қаражат берген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 есеге көп. Халыққа шағын несие беру «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау бөлімшесі, «Атамекен» шағын қаржы ұйымы» ЖШС, «Маңғыстау» несиелік серіктестігі арқылы жүзеге асырылып жатыр.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2018 жылы 100 млн теңгеге 88 жоба мақұлданды, соның нәтижесінде 450-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өз кезегінде, «Еңбек» 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында барлық шағын несие беру ұйымдары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жыл басынан бері жалпы сомасы 2158,6 млн теңгеге 421 шағын несие берді, бұның нәтижесінде 569 жаңа жұмыс орны құрылды. «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасына сәйкес 818,9 млн теңгеге 42 шағын несие берілді.

2018 жылы халықты жұмыспен қамту аясында «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыруды ескере отырып, 35 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына — 28 978 адам, маусымдық жұмыс орындарына — 4 050 адам, қоғамдық жұмыстарға жергілікті бюджет есебінен — 3148 адам жұмысқа орналасты.

Бұдан өзге, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру шеңберінде электрондық еңбек биржасы табысты жұмыс істеп тұр. Соның нəтижесінде, жұмысқа орналасу процесі екі есе қысқарып, ал орналасу рәсімінің өзі айқынырақ бола бастады. Қазіргі таңда биржада 1,2 мыңнан астам жұмыс беруші, 4,5 мыңнан астам жұмыс іздеуші тіркелген. 4 мыңдай бос жұмыс орны туралы хабарландырулар мен 9 мыңнан астам түйіндеме орналастырылған. Enbek.kz порталы арқылы облыстың 4 мыңға жуық тұрғыны жұмыс орнына орналасқан. Порталға 3 жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері қосылған.

 

Қолжетімді баспана: пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің өсімі 40% құрады

 

Президенттің өңірдегі тұрғын үйге қолжетімдікті арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында шағын аудандарды кешенді салуды көздейтін белсенді құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыстың 1 тұрғынын баспанамен қамту — 23 м2 құрайды. Тұрғын үй құрылысының жылдық өсу қарқыны 10% деңгейінде болған жағдайда 2025 жылға қарай тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші бір адамға 30 м2 құрайды. «7–20–25» бағдарламасы аясында Ақтауда қоса алғанда 4 ірі қалаға 25 млн теңге көлемінде несиенің максималды мөлшері анықталған. Екінші деңгейлі банктердің қарауына несие алуға 412 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 2 079 млн теңге сомасына несие беруге 254 өтінім мақұлданды.

Ақтау қаласында жеке құрылыс салушылар (22 құрылыс салушы қатысады) 15 тұрғын үй кешенінде (III және IV санатты жайлылық) құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы алғанда, облыста 2018 жылы жалпы ауданы 1 173,2 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, немесе бұл 2017 жылғы деңгейден 40,8% артық. Негізгі көлем — 89,8% жеке құрылыс салушылардың өз қаржыларына тиесілі.

«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы республикалық бюджеттен 6 632,7 млн теңге бөлінді. «Сатып алу құқығынсыз арендалық баспана» бағыты бойынша үш нысанның құрылысы аяқталды. Қарақия ауданының Құрық ауылында 4 төрт қабатты тұрғын үй құрылысы жалғасуда.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желісі бойынша Ақтау қаласындағы ұлттық компаниялар арқылы тұрғын үй салу бағытына сәйкес ауданы 50 мың м2 болатын 812 пәтерге арналған тұрғын үй құрылысы аяқталды.

Бұған қоса, 2018 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға республикалық бюджеттен 2 457,1 млн теңге бөлінді. 4 жоба іске асырылып жатыр.

 

«Нұрлы жол»: облыстық және аудандық маңызға ие автожолдардың 92% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда

 

Өңірдің стратегиялық географиялық орналасуына байланысты мұнда көлік және логистика қарқынды дамып келеді, әртүрлі салаларда индустриялық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Құрық портында паром кешенін іске қосумен қатар, өңірді жалпы бүкіл республикамен біріктіретін «Бейнеу – Ақтау» магистралінің (300 км) бөлігі — «Шетпе – Бейнеу» автокөлік жолын (60 км) реконструкциялау жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар, 2019 жылы жалғасатын жобалар — «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан Республикасының шекарасы (Нүкіске қарай)» (84 км), «Жетібай – Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» (73 км) республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау жобалары.

Облыстық маңыздағы автокөлік жолдарынан «Қияқты – Тұщықұдық» автожолында (22,5 км) реконструкциялау жұмыстары аяқталды және «Ақтау –Қаламқас» және «Таушық – Шетпе» автожолдарындағы жасанды құрылымдар қайта жаңғыртылды.

2019 жылы «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала төңірегі» (29,6 км), «Ата жолы» (50,4 км) және «Құрық – Құрық порты» (22 км) жолдарын қайта жөндеу жұмыстары аяқталады.

Жалпы алғанда, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 92% құрайды.

Көліктің барлық түрлерінің жүк айналымы 8,5 млрд тонна/км немесе 2017 жылдағы көрсеткіштің 100% құрағанын атап өткен жөн.

 

ТКШ жаңғырту: жылу желілерінің жоспарланған жөндеу жұмыстары 100% орындалды

 

Өңірде Президенттің еліміздің кез-келген елді мекенінде жайлы өмір сүруге жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары орындалып жатыр. Бүгінде Маңғыстау облысының ауылдық елді мекендерін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 69% құрайды. Алайда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 75,4% құрайды.

Жалпы, 2018 жылы 324 км сумен жабдықтау желісі мен 18,4 км су тарту желісі жаңартылды. 2019 жылы 348,6 км сумен жабдықтау желісін және 69,3 км су тарту желісін жаңғырту жоспарланып отыр.

697,7 км желі мен 96 трансформаторлық қосалқы станциялар бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары 100% аяқталды. Облыстағы жылумен қамту желілерінің жалпы ұзындығы 772,9 км құрайды. 8,7 км жылу желілерін жоспарлы жөндеу жұмыстары 100% аяқталды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылған жылумен қамту желілерінің үлесі 1,12%-ды, электрмен жабдықтау — 2,67%-ды, газбен жабдықтау — 1,23%-ды құрады.

Бұдан өзге, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында сумен жабдықтау бойынша 20 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен — 1,9 млрд теңге бөлінді.

 

Білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту: цифрландыру процесі қалай жүріп жатыр

 

Облыста білім беруді кезең-кезеңмен жаңғырту жүйесі қолға алынған: білім берудің қазіргі заманғы әдістері белсенді түрде енгізілуде және жалпы білім беру жүйесін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыста үш ауысымдық білім беру мәселесін шешу мақсатында орта мектептер құрылысы аяқталды. 2018–2019 оқу жылында өңірде 6 300 орынға арналған 9 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 2200 орынға арнап тағы екі мектеп және соған іргелес құрылыстар салу көзделген. Оқушылар санының артуына байланысты 18 мектепке жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отыр.

Облыстың барлық оқу орындарында 18 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, соның ішінде жалпы білім беретін ұйымдарда — 12 мыңнан астам мұғалім, мектепке дейінгі ұйымдарда — 4 мыңнан астам педагог, колледждерде — 1,5 мыңнан астам оқытушы бар.

Айта кету керек, 2018 жылдың қыркүйегінен бастап жаңа аттестация ережелеріне сәйкес біліктілікті арттыру курстарынан өткен 3 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақсына 30-50% көлемінде үстемеақы төленеді; білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша білім беретін 6 мыңнан астам мұғалімге 30% көлемінде үстемеақы төленеді, жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын 400-ден астам мұғалімнің базалық лауазымдық айлығының 200% көлемінде үстемеақы төленуде.

Облыс мектептерінің барлық мұғалімдері мен оқушылары Bilim Media Group (BMG) компаниясының «BilimLand», «iTest», «iMektep» цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланады. Облыстың 143 жалпы білім беретін мектептерінде 12 мыңнан астам компьютер техникасы бар. 2018 жылы 1,5 мыңға жуық компьютер сатып алынды.

Облыста 60 мектеп — жаңа модификацияланған кабинеттермен, 65-і — физика кабинетімен (41,9%), 85 мектеп — 91 химия кабинетімен (59,4%), 87 мектеп — 97 биология кабинетімен (60,8%), 9 мектеп — 9 география кабинетімен (6,2%) жарақтандырылған. 2019 жылы 2087 компьютер сатып алу көзделген.

Қазіргі таңда облыстың барлық 143 мектебі немесе 100% кең жолақты Интернетке қосылған. Облыста 39,7 мың бала қамтылған 292 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту — 97,1% құрайды.

Жыл басынан бері 15 жекеменшік балабақша ашылды, оның ішінде МЖӘ тетігі бойынша — 1260 орынға арналған 5 балабақша.

Денсаулық сақтау саласында жұмыстың цифрлық форматына көшу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірде цифрландыруды енгізу көрсеткіші: 89 нысан интернетпен 100% қамтамасыз етілген. 2,5 мыңнан астам жұмыс орны 97% компьютерлік техникамен жабдықталған. 34 медициналық ұйым (соның ішінде 5 жекеменшік мекеме) медициналық ақпараттық жүйемен 100% қамтылған. 29 медициналық ұйымның 18-і (62%) қағазсыз құжат айналымына көшті.

Облыстың медициналық ұйымдарында цифрлық сауаттылықтың 30 посты құрылған, емханаларға барған 102 мыңнан астам адам негізгі дағдыларға оқытылған.

Денсаулық сақтауды цифрландыру арқылы дәрігерлер мен емделушілер уақытын 50% дейін үнемдеу, дәрігерге баруды 2 есе қысқарту, нәтижелерді күту уақытты 2 есе азайту, алдын-ала жазылу үлесін 30%-ға арттыру, жанды кезектерді 30%-ға дейін қысқарту, сондай-ақ скринингтер кезінде ауруларды анықтауды арттыру арқылы медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін арттыру және халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін жақсарту көзделген.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз