Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жарты миллионнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар биыл өңірлерде еңбекпен қамтылады — Н. Әлтаев Президент тапсырмаларының орындалуы туралы

02 наурыз 2018, 10:40
Фото: primeminister.kz

Биыл 9 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ресімдеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Аталған бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы РrimeМinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтып берді.

— Мәселені талқылауға тікелей кіріспестен бұрын, «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген кімдер?» екенін анықтап алуға рұқсат етіңіз.

— Негізінен, Халықаралық еңбек ұйымы мен қазақстандық заңнама бойынша халықаралық қоғамдастықта қабылданған тұжырымдамаларда «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» ұғымында өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар — өздерін жұмыспен қамтамасыз еткен адамдар, заңды тұлғалардың құрылтайшылары. Акционерлік қоғамдардың акционерлері деген секілді.

Бұл қандайда бір ұйымда жекелеген еңбек шартында тұрмайтын және біреуге жалданып жұмыс істемейтін адамдар. Яғни, ол өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді, ол қандай да бір кәсіпорынның ірі акционері де болуы мүмкін. Ол ауылда тұратын, бірнеше сиыры бар адам да болуы мүмкін. Ол осы сиырларды сауып, сүтін бір жерге сатады, осылайша сол тапқан қаражатына өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, олар өздерін-өздері жұмыспен қамтыған, ешкіммен еңбек қатынасында тұрмайтын, өз өмірлеріне өздері ақша тауып жүрген түрлі адамдар.

— Сонда мәселенің мәні неде?

— Бізде Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — жұмыссыздарға жақын адамдар деген теріс түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде бұлай емес. Олардың бір бөлігі — өздерін-өздері жұмыспен қамтыған, бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысатын жағдайы жақсы адамдар. Бірақ, әрине, олардың ішінде де тұрақты табысы жоқ көптеген адамдар бар. Оларды тиімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деуге болады. Мемлекет басшысының бұйрығы осындай адамдармен тікелей байланысты, бұндай адамдар экономикаға тартылуы тиіс. Олар тұрақты еңбекақы төленетін жұмысқа орналасуы керек немесе қандай да бір кәсіпкерлікпен айналысуы қажет. Әрине, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар да бар. Біз оларды экономикаға тартып, жұмыспен қамтамасыз етуге тиіспіз. Мұндағы қызықты бір сәт: Қазақстанның барлық дерлік кәсіпорындары, бүкіл бизнес оларға адамдардың жетіспейтінін, мамандар тапшылығы бар екенін айтады. Екінші жағынан қарасақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз адамдар санының көп екенін байқаймыз.

— Қазақстанда қанша жұмыссыз адам бар?

— Бізде ресми статистика бойынша 400 мыңнан астам жұмыссыз бар. Жалпы алғанда, бұл – жұмыссыздықтың төменгі пайызы. Мәселен, әлемдегі дамыған елдерде бұл пайыз біздегі жұмыссыздар санына қарағанда әлдеқайда жоғары. Бізде шамамен 4,9% деңгейінде. Екінші жағынан, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар саны көп. Егер оларды жұмыссыздармен қосып санасақ, бұл 2 млн-ға жуық адам.

— Орын алған мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

— Біз әрбір өңір бойынша әкімдіктермен адамдарды қалай еңбекпен қамтудың және оларды қалай тарту жолдарының нақты жол карталарын әзірледік. 2018 жылы Қазақстанда 700 мыңнан астам бос жұмыс орны болатынын көріп отырмыз. Біз жұмыссыздарды сол бос орындарға жұмысқа орналастыруымыз керек. Аталған жол карталарында әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды аралау тәсілімен анықталған, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар базасындағы 500 мыңнан астам адам осы бос жұмыс орындарына жұмысқа тұрғызылады деген ортақ келісімге келдік.

Бұдан өзге, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік жол картасы іске асырылуда. Онда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз адамдарды бизнес жүргізуге оқыту көзделген. Бұл қазіргі таңда жақсы тренд. Оларға бизнеспен айналысу үшін сондай-ақ шағын несиелер ұсынылады.

Әрине, бұл шағын несиелердің саны аса көп емес екенін көріп отырмыз. Қаржыландыру әзірге аз, бірақ біз шағын несиелендіруге бағытталған қаражат ағымдағы жылы ұлғайсын деген бастаманы ұсынып отырмыз. Біз биыл 30 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды «Бизнес-Бастау» бағдарламасы арқылы бизнеске оқытуды жоспарлаудамыз.

— Нұржан Бауыржанұлы, өзін-өзі қамтыған халықты рәсімдеу не береді?

— Өздеріңіз көріп отырғандай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында негізі жұмыс істейтін адамдар көп. Олар жұмыс істейді, бірақ еңбек келісім-шарттарынсыз, жұмыс берушімен өзара еңбек қартынастарынсыз жұмыс істейді. Олар «көлеңкеде», еңбекақыны конвертпен алады. Сонымен қатар, ешқандай әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылмайды. Бұл негізі үлкен мәселе. Себебі, егер ол адамға ертең бірдеңе болса, ол ауырып немесе әлеуметтік бір жағдайға ұшыраса, мемлекет оған көмектесе алмайды, себебі ол кезінде аударым жасаған жоқ. Егер адам зейнетақы жасына келсе, ол ешқандай зейнетақы төлемдерін алмайды, себебі ол кезінде зейнетақы төлемдерін жасамай, қолма-қол ақшаны конвертпен алған. Бұл заң бұзушылыққа жатады. Біз ағымдағы жылы «Кәсіпорын мұндай адамдарды неге көлеңкеде ұстайды?», «Оған жалақы неге конвертпен төленеді?» дегендей сұрақтардың шешімін табу үшін шаралар қолданамыз. Барлығы айқын — олар сәйкес салық жүктемесінен және әлеуметтік жарналар бойынша жүктемеден қорқады. Біз ағымдағы жылы Парламентке заң жобасын ұсынбақпыз, олар адамдарды жасырмауы үшін онда шағын бизнеске арналған салық жеңілдіктері қарастырылады.

Тағы бір бағыт — тұрғындардың көбісі —200 мыңға жуық адам расымен өз бизнесімен, шағын кәсіпкерлікпен айналысады, бірақ кәсіпкер ретінде тіркелмеген, ешқандай әлеуметтік жарналар төлемейді. Олар салық жүктемесінен қорқады. Біз сондай-ақ осы жобада ағымдағы жылы оларға ынталандырушы шаралар мен салық жеңілдіктерін жоспарлаймыз, сонда олар кәсіпкер ретінде тіркелуге қорықпайды. Мысалға, бұл мобильді қосымша арқылы төлеуге болатын бірыңғай аз ғана төлем болуы мүмкін. Сонда кәсіпкерлер өздерін ресми тіркеуден қорықпайтын болады, өздерін заңдастырып, өз бизнесімен әрі қарай айналыса алады. Ағымдағы жылы бұл проблеманы шешеміз деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз