Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жастарды қолдау ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қосады — сарапшы Жолдау-2019 туралы

08 қараша 2018, 10:58
Фото: primeminister.kz

Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында аталған басымдықтардың бірі — жастарды жаппай қолдау. Президент келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады.

РrimeМinister.kz-ке берген сұхбатында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Стратегиялық әзірлемелер орталығының директоры Бақытгүл Қамбар жастар буынын қолдаудың маңыздылығы туралы сарапшылық пікірімен бөлісті.

Б. Қамбар ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қосатын өзекті мәселе уақытылы қозғалды деп есептейді.

Ресми деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда жастардың саны шамамен 4 млн адамды құрайды, олардың ішінде 2,3 млн — қалада, 1,7 млн — ауылды жерлерде тұрады.

«Жастардың қоғамның энергияға толы бөлігі екенін және экономика болашағына салынған инвестиция екенін ескерсек, бүгінде әлемдік қауымдастықта жастар саясатын дамытуға, соның ішінде жастардың еңбек нарығына үлкен назар аударылып жатыр», — деді сарапшы.

Аталған мәселенің маңыздылығын түсіну үшін ол бірнеше мысал келтірді. Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сәйкес, еңбек нарығына бейімделе алмаған жастар алдағы уақытта қарқынды әрі талап етуші еңбек нарығындағы тұрақтылық пен қабілеттіліктің төменгі деңгейін сезінеді. Сондай-ақ, Economist-те жарияланған зерттеу жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі мен олардың болашақтағы кірістері арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. Атап айтқанда, олар бір жыл ішінде жұмыссыз жүрген 23 жасқа дейінгі ер азаматтар 10 жылдан кейін өздерінің жұмыс істеп жүрген құрдастарынан 23%-ға азырақ жалақы алатынын атап өтті.

Осыған орай, Б. Қамбар Қазақстанның БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) енгізу және жүзеге асырудағы міндеттемелерін қабылдауының маңыздылығын және уақытылы екенін атап өтті. Бұл қоғамның әр мүшесінің әл-ауқатын жақсарту үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, ОДМ қол жеткізу көп жағдайда жастар еңбек нарығының проблемаларын шешуге байланысты, бұл әр елден жастарды жұмыспен қамту саясатын жетілдіруді талап етеді.

«Меніңше, әлеуметтік лифтілердің кең платформасын құру еңбек нарығындағы жастардың мүмкіндіктерін арттыруда үлкен рөл атқарады», — деді Б. Қамбар.

Сарапшы жастарды жан-жақты қолдау саясатын тиімді іске асыру келешекте Қазақстан қоғамының тұрақты қозғалысын қамтамасыз етумен қатар, еліміз үшін елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер бере алатынын атап өтті. Сонымен қатар, негізгі факторлардың бірі — ел жастарының белсенді қатысуы екенін ұмытпау керек. Бүгінде елімізде 549 жастар ұйымы тиімді жұмыс істеп тұр, олардың 10-на республикалық маңызы бар мәртебесі берілген. Жастардың мүдделерін ілгерілету үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырылған. Осы мақсатта елімізде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Волонтерлік қызмет туралы» заңдар және Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз