Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Женевада Қазақстанға модельдік инвестициялық келісімді әзірлеуге қолдау көрсету туралы мәселелер талқыланды

28 ақпан 2018, 20:10
Фото: primeminister.kz

ҚР ИДМ вице-министрі Арыстан Қабыкеновтың жұмыс сапары аясында Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің қолдауымен, 27 ақпанда Женевада ЮНКТАД инвестициялар және кәсіпкерлік бөлімінің директоры Джеймс Джанмен кездесу өткізілді.

Кездесу барысында ЮНКТАД тарапынан Қазақстанға модельдік инвестициялық келісімшартты әзірлеу бойынша техникалық және консультациялық қолдау көрсету,  инвестициялық келісімдер бойынша тренингтік семинарлар өткізу мүмкіндіктері және Ұлттық инвестициялық стратегияны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

ЮНКТАД Инвестициялар және кәсіпкерлік департаменті халықаралық инвестицияларды ілгерілетуге және дамытуға мамандандырылған, сондай-ақ БҰҰ жүйесіндегі инвестициялық мәселелер бойынша үйлестіру орталығы ретінде қызмет етеді. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту бойынша саясатты талдау мен халықаралық зерттеулер тұрғысынан 40 жылдық тәжірибесі бар, үкіметаралық бәтуаластықтың қалыптасуына ықпал етеді және 160-тан астам елге техникалық көмек көрсетеді.

Сондай-ақ, департамент мемлекеттік тапсырыс негізінде келесі бағыттар бойынша техникалық көмек көрсетеді:

1) Инвестициялармен байланысты реттеуді, стратегияларды және саясатты әзірлеу мен іске асырудағы әлеуетті арттыру.

Департамент атқарған техникалық көмек көрсету мысалдары:

• Сербия, Молдова және Гондурасқа инвестициялар тарту стратегияларын әзірлеуде консультациялық қолдау көрсету;

• Гаити мен Доминикан Республикасына индустриялық аймақтарды кеңейту бойынша, Ямайкаға — жаңартылатын энергия көздері саласына инвестициялар тартуға ықпал ететін арнайы экономикалық аймақтар бойынша кеңес беру;

• Үндістан мен Кенияға күн энергиясы саласындағы экономикалық тұрғыдан тиімді инвестициялық жобаларды дамыту бойынша консультациялық қолдау көрсету.

2) Инвестицияларды тарту жөніндегі агенттіктерге көмек көрсету, шетелдік инвестицияларды тарту және инвестицияларды сақтауға қажетті институционалдық тетіктер мен тиімді басқаруға қатысты мәселелер. Агенттіктер қызметіндегі инвестициялар тарту бойынша озық тәжірибелер туралы ақпаратты қамтитын инвестицияларды дамыту агенттіктеріне шолу.

Департамент атқарған техникалық көмек көрсету мысалдары:

• Замбияның Инвестицияларды тарту агенттігіне клиенттермен жұмысты жақсарту бойынша тренингтер өткізу және кеңес беру, сондай-ақ аталған Агенттікке клиенттік келісімшарт жасау;

• Жібек жолы аймағы бойынша инвесторларға жолсілтеме шығару.

3) Халықаралық инвестициялық келісімдерге (ХИК) мониторинг жүргізу, ХИК бойынша келіссөздер жүргізудің нұсқаулықтарын әзірлеу, сондай-ақ, ХИК негізгі мәселелеріне сараптамалық кеңес беру.

4) Өңірлік және ұлттық деңгейлерде ХИК бойынша кәсіби даярлау және әлеуетті нығайту бойынша тренингтерді ұйымдастыру.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз