Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Нұрлан Ермекбаев ҚР қорғаныс министрі болып тағайындалды

07 тамыз 2018, 17:40
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Президенті Нұрлан Ермекбаевты ҚР қорғаныс министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.  

«Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалсын, ол ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінен босатылсын», — делінген Жарлық мәтінінде.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының Жарлығымен Сәкен Әділханұлы Жасұзақов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Мемлекет басшысының Өкімімен Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы қызметіне тағайындалды. Еске сала кетейік, бұған дейін Университет басшысы Асхат Рыспаев болды, ол Мемлекет басшысының Өкімімен лауазымынан босатылды.

Нұрлан Ермекбаев 1963 жылы 1 қаңтарда Шымкент қаласында дүниеге келген.

1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген. 1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Түрлі жылдары коммерциялық кәсіпорындарда, Сыртқы істер министрлігі құрылымында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет еткен.

Нұрлан Ермекбаев ҚР Президентінің Кеңесшісі — ҚР Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі (2006–2007 жж.), сыртқы істер министрінің орынбасары (2007–2010), ҚР Президентінің көмекшісі (2010–2012 жж.), ҚР Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Корея Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы (2012–2014), ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы (2014–2016), ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі (2016 ж.– 2018 ж. сәуірге дейін) болып еңбек еткен.

2018 жылғы сәуірден бастап қазіргі таңға дейін ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы лауазымын атқарды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз