Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында даму институттары қайта құрылады

09 қазан 2018, 11:48
Астана

ҚР Үкіметі индустрияны дамыту, жергілікті қамту және технологиялық даму саласындағы үш ұлттық даму институтының функцияларын «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ базасындағы Бірыңғай өнеркәсіптік даму орталығына біріктіреді. «ҚИДИ» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Дана Жүнісова жаңа басқарма төрағасы болып сайланды.

2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған өзінің жыл сайынғы Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Үкіметіне «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және экспортқа бағытталған индустрияландыруға бағдарланған тиімді өнеркәсіптік саясатты іске асыруға баса көңіл бөлуді тапсырды.

Аталған міндетті іске асыру үшін индустрияландыру саясатын жүргізу және қолдау құралдарын шоғырландыру мақсатында ҚР Үкіметі индустрияны дамыту, жергілікті қамту және технологиялық даму саласындағы үш ұлттық даму институтының функциялары «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ базасындағы Бірыңғай өнеркәсіптік даму орталығына біріктірілетін болады.

Қайта құру кезінде институттардың бюджеттік шығындары мен штаттық құрылымы оңтайландырылады.

Болашақ орталыққа жүктелетін міндеттерді орындау үшін биыл 8 қазанда «ҚИДИ» Директорлар кеңесінің шешімімен Дана Жүнісова жаңа басқарма төрағасы болып сайланды.

Дана Жүнісова Целиноград қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша — экономист.

Еңбек жолын «ҚТЖ» ҰК, «Астана–Финанс» АҚ, «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ, сондай-ақ жеке секторда жұмыс істеп бастаған.

2012–2015 жылдары — ҚР «Атамекен» ҰКП Тариф қалыптастыру департаменті директорының орынбасары, Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары, Өнеркәсіптік және инвестициялық саясат департаментінің директоры, Экономикалық интеграция департаментінің басқарушы директоры қызметтерін атқарды.

2016–2018 жылдар аралығында ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

2018 жылғы сәуірде ҚР ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.

2018 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер Басшыларының «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» ІІ дәрежелі медалімен, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет грамотасымен марапатталған.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз