Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мемлекет басшысы Е. Досаевты ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы ретінде тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды

25 ақпан 2019, 18:28
Астана
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болып тағайындалсын», — делінген ҚР Президентінің Жарлығында.

Бұған дейін аталған лауазымды атқарған Данияр Талғатұлы Ақышев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қызметінен босатылды.

Ерболат Асқарбекұлы Досаев 1970 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы қаласының Республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын тәмамдаған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

1997 жылы «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ басқарма төрағасының орынбасары, «АТФ Банк» ЖАҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарған. 1998 жылы ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 1998 жылы ҚР энергетика, индустрия және сауда вице-министрі лауазымын атқарған. 2000 жылы ҚР қаржы вице-министрі болған.

2001 жылы Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2001–2003 жылдары ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы ретінде қызмет атқарған. 2003–2004 жылдары — ҚР қаржы министрі; Қазақстандағы Еуропа қайта құру және даму банкінің басқарушысы; ҚР Ұлттық Банкінің басқарма мүшесі.

2004–2006 жылдары — ҚР денсаулық сақтау министрі. 2006–2012 жылдары — «ҚазИнвестБанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2012 жылғы 25 қыркүйектен бастап — ҚР экономикалық даму және сауда министрі. 2013 жылғы 16 қаңтардан бастап — ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. 2014 жылғы 6 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. 2016–2017 жылдары — «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы.

2017 жылғы тамыздан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымын атқарды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз