Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері тағайындалды

02 мамыр 2019, 15:08
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ержан Жұматұлы Жылқыбаев ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметіне, Ақмәди Әділұлы Сарбасов ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Е. Жылқыбаев 1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Леңгір қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Экономика департаментінің бас маманы болып бастаған. Түрлі жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан 2019 жылдың наурызы аралығында Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі лауазымын атқарған. Биылғы 26 наурыздан бастап қазірге дейін — ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

А. Сарбасов 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы – ҚР  бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымын атқарды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз