Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев ЕҚҚДБ-ның бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринкпен кездесу өткізді

16 мамыр 2018, 12:44
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринкпен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында тау-кен саласы, муниципалдық және көлік инфрақұрылымын қоса алғанда, экономиканың түрлі секторларындағы, «жасыл» экономика мен жаңартылатын энергетиканы дамыту, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін жақсарту мен басқа да салалардағы қазіргі және келешектегі бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

ЕҚҚДБ ынтымақтастығының 20 жылдан астам уақыты ішінде Қазақстанда жалпы құны €7,3 млрд болатын 240 бірлескен жоба қаржыландырылды. 2017 жылы құны $700 млн астам болатын 25 жаңа жобаға қол қойылды. 

Қазақстандағы ЕҚҚДБ жобаларының қазіргі қоржыны €3,1 млрд болатын 118 жобадан тұрады. Олардың қатарында «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Теміртау — Астана» бағыттары бойынша жүргізілетін «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы, «Орталық — Оңтүстік» дәлізінің «Күрті — Қапшағай» аумағын реконструкциялау» жобасы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ активтерін өткізу бойынша, автокөлік жолдарының ақылы жүйелерін енгізу бойынша, «Астана — Қарағанды — Балқаш — Күрті — Қапшағай — Алматы» автокөлік жолының «Орталық — Оңтүстік» дәлізін реконструкциялау» жобасы туралы, «Күрті — Бурылбайтал 2152-2214 шақырым (62 шақырым)», «Ақтөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының су шаруашылығы және гидромелиорациялық жүйелерін реконструкциялау» және басқа да жобалар бар. 

 

Анықтама: ЕҚҚДБ — 1991 жылы құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Ол Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі, сондай-ақ Жерорта теңізінің оңтүстік және шығыс елдерінің жобаларын қаржыландырады. 

Қызметінің басымдығы мынада: отандық және шетелдік инвестицияларға жәрдемдесу, қаржы секторына, шағын және орта бизнеске, инфрақұрылым нысандарын дамытуға үкіметтік қарыздар, мемлекеттік кепілге берілетін қарыз және мемлекеттік кепілдемесіз берілетін қарыз арқылы қолдау көрсетеді. ЕҚҚДБ, сондай-ақ, табиғи ресурстар, байланыс және агроөнеркәсіп кешені секілді салаларда белсенді жұмыс істейді. Өткен жылдың желтоқсан айында ЕҚҚДБ мекемесі ашылған 1991 жылдан бері санағанда 5000-жобаға қол қойылды. ЕҚҚДБ штаб-пәтері Лондонда орналасқан. ЕҚҚДБ президенті — Сума Чакрабарти мырза (2012 жылдан бері). Осы жылдың сәуір айынан бастап Банктің Бірінші вице-президенті қызметін Ю. Ригтеринк атқарады.

65 ел мен 2 халықаралық ұйым ЕҚҚДБ акционерлері болып табылады: Еуропалық Одақ пен Еуропалық инвестициялық банк. ЕҚҚДБ-ның барлық өкілеттілігін іске асыру Басқарушылар кеңесіне жүктелген. Оның құрамында әрбір акционер өз басқарушысын, қаржы министрін немесе соған ұқсас қызметті атқаратын тұлғаны тағайындайды.

Қазақстан 1992 жылдың 27 шілдесінен бастап ЕҚҚБД-ның мүшесі. ҚР-дағы ЕҚҚДБ-ның тұрақты өкілдігі Алматыда (1993 ж.) және Астанада (2000 ж.) ашылған. ЕҚҚДБ-ның жарғылық капиталындағы ҚР-ның үлесі €69 млн (0,23%) құрайды.

2014 жылдың мамыр айында ҚР Үкіметі (ЕҚҚДБ, Дүниежүзілік банк, АДБ, ИДБ) халықаралық қаржы ұйымдарымен 2014–2017 жылдарға арналған серіктестік туралы шекті келісімге қол қойды. Олар тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен құрылымдық реформаларды жүргізу мақсатында Қазақстанға қаржылық және техникалық қолдау көрсетеді. 2017 жылдың желтоқсан айында ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ жаңа үш жақты келісімге қол қойды. Ол серіктестік туралы шекті келісімнің жалғасы болып табылады.

Қазіргі таңда ЕҚҚДБ белсенді портфелі жалпы сомасы $3,1 млрд болатын 118 жобаны қамтиды, оның ішінде жобалардың негізгі портфелі энергетика секторына (44%) және инфрақұрылым секторына (41%) тиесілі. Жеке сектордағы инвестициялар 45%-ке жетті.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз