Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Т. Чжанмен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

16 мамыр 2018, 12:23
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін XI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық валюта қорының басқарушы директорының орынбасары Тао Чжанмен кездесті.

Кездесу барысында ХВҚ-мен тұрақты экономикалық өсімге жәрдемдесу бойынша ынтымақтастықты кеңейту және одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Қордың ақша-несие және бюджеттік саясатты жетілдіру, қолайлы бизнес ортаны қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің күшті орта тобын құру, инвестициялық саясат, инновацияларға бағдарланған «цифрлық дәуір» өнеркәсібін құруға бағытталған индустрияландыру, технологиялар трансферті және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға көмектесу секілді мәселелер бойынша жәрдемдесуінің және қолдау көрсетуінің перспективалық бағыттары қаралды.

Қаржы хабына және инвестициялық белсенділік орталығына айналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысты мәселелер қозғалды.

 

Анықтама: Қазақстан ХВҚ-ға 1992 жылғы 15 шілдеде мүше болды. 2010 жылдың күзінен бастап Қазақстан ХВҚ-ның Швейцария, Польша, Сербия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдері кіретін Швейцариялық кіші тобына қосылды (бұған дейін Қазақстан Бельгия кіші тобының құрамында болды).

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристин Лагард ханым Чжан мырзаны ХВҚ басқарушы директорының орынбасары лауазымына тағайындау кезінде Т. Чжанның халықаралық экономика саласында тәжірибесі бар екенін, ол мемлекеттік сектордағы экономикалық саясатты әзірлеу және жүргізу дағдыларымен және дипломатиялық дағдылармен сәтті үйлесетінін айтқан еді.

«Сондай-ақ, оның халықаралық қаржы ұйымдарында үлкен тәжірибесі бар, ол жақсы қарым-қатынас орнату мен келіссөздер жүргізу дағдыларына ие, сонымен қатар ХВҚ-ның саясаты мен рәсімдерін жақсы меңгерген», — деген еді Кристин Лагард.

Өзінің мансабында Чжан мырза Қытай ұлттық банкінде әртүрлі лауазымдарда еңбек еткен, оның ішінде Қаржылық тексеру және статистика департаментінің бас директоры лауазымын, кейінірек Халықаралық департаменттің бас директоры қызметін атқарған.

Бұдан өзге, Чжан мырза Дүниежүзілік банкте (1995–1997 жылдары) және Азия даму банкінде (1997–2004 жылдары) жұмыс істеген. Калифорния университетінен (Санта–Круз) халықаралық экономика магистрі және докторы дәрежелерін алған, сондай-ақ Бейжіңде Цинхуа университетінен электр техникасы саласының бакалавры және қаржы магистрі дәрежелерін алған.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз