Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Boston Consulting Group компаниясымен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды

18 мамыр 2018, 12:38
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада XI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев The Boston Consulting Group компаниясының төрағасы Ханс-Пол Бюркнермен кездесті.

Кездесу барысында компаниямен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында экономиканы әртараптандыру мен цифрландыру жөніндегі реформаларды жүргізу тұрғысынан ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Әңгімелесу барысында жетекші америкалық компаниялармен өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының 2018 жылдың 16–18 қаңтарындағы Вашингтонға ресми сапары осындай қарым-қатынастардың жандануына ықпал етті. АҚШ Сауда палатасында екі елдің іскерлік орталарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шара қорытындысы бойынша шамамен $7 млрд сомасына 24 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Қол қойылған келісімдер көлік, авиация және ғарыш өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларындағы технологиялар трансферті секілді ынтымақтастық бағыттарын қамтиды.

Астанада АЭФ-2018 қарсаңында екінші қазақстандық-америкалық бизнес форум өткізілді, ол барлық маңызды бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты орнату үшін қажетті әлеуетті одан әрі дамытуға бағытталған.

«Халықаралық қатынастар кеңесі» америкалық коммерциялық емес талдау орталығымен бірлесіп, биыл 4 қазанда Нью-Йоркте Қазақстан бойынша ірі инвестициялық конференция өткізу мәселесі пысықталып жатыр. Конференцияның басты міндеттері екі жақты сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, инновациялық технологияларды тарту, ҚР-дағы жекешелендіру бағдарламасымен таныстыру және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен жұмыс істеу перспективаларын түсіндіру болады.

Сондай-ақ, әңгімелесу барысында АТ-стартаптардың халықаралық технопаркі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, АХҚО негізінде диалогтық алаңдарды дамыту жөніндегі мәселелер талқыланды.

 

Анықтама: Ханс-Пол Бюркнер еңбек жолын Commerzbank (ГФР) банкінің корпоративтік қаржы жөніндегі қызметкері ретінде бастаған. 1982 жылдан бастап The Boston Consulting Group компаниясында жұмыс істейді, онда компанияның Дюссельдорфтағы өкілдігінің қызметкерінен бастап 2013 жылы компанияның жаһандық төрағасы ретінде тағайындалғанша қызмет етіп келеді. 2003 жылы Consulting Magazine баспасы Х-П. Бюркнерді жылдың үздік 25 кеңес берушілерінің қатарына қосты. Оның басшылығымен BCG мемлекеттік сектормен өзара іс-қимыл, тұрақты даму, әлеуметтік бағдарланған бастамалар, білім беру, сақтандыру, маркетинг және сату саласындағы тәжірибе секілді өз қызметтерінің жаңа бағыттарын белгіледі.

BCG — басқару консалтингіне мамандандырылған, бизнес стратегиясы мәселелерімен, компаниялар мен нарықтардың даму қарқынына талдау жасаумен айналысатын америкалық компания. «Басқару консалтингінің үлкен үштігіне» (McKinsey және Bain & Company-мен қатар) кіреді.

Компания 1963 жылы құрылған, оның құрылтайшысы — Брюс Хендерсон, «БКТ матрицасы» ассортиментін бағалаудың маркетингтік моделінің авторы ретінде танымал. Компанияның бас кеңсесі Бостон қаласында (Массачусетс штаты) орналасқан, әлемнің 50 елінде 90-нан астам өкілдіктері жұмыс істейді. Компания цифрлық трансформация үдерістерін ескере отырып, соңғы кездері өз қызметінде цифрландыру және таланттарды басқарудың әртүрлі аспектілеріне, цифрлық дағдыларды дамытуға, барлық қызметкерлердің цифрлық деңгейін жоғарылату міндетіне ерекше ден қоюда.

BCG Қазақстанда 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Бірлескен жобалар арасында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудағы стратегиялық серіктестікті атап өтуге болады. Мұнда BCG ҚР АКМ-мен тығыз ынтымақтастықта қызмет етеді.

Тағы бір кезекті жоба — 2017 жылы BCG Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесіп «ҚР 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының жобасын әзірлеуге сараптамалық–талдамалық қолдау көрсету» тақырыбында жүргізілген зерттеу, оның мақсаты ҚР 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының жобасын әзірлеу бойынша ұсыныстар жасау болды.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз