Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев пен Эндрю Макафи Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту туралы пікір алмасты

18 мамыр 2018, 14:18
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін XI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев МТИ «Цифрлық экономика жөніндегі бастамасының» тең құрылтайшысы және тең директоры Эндрю Макафимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, АТ-стартаптардың халықаралық технопаркі алаңдарында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.

 

Анықтама: Массачусетс технологиялық институтының цифрлық экономика жөніндегі бастамасы (IDE) — цифрлық трансформация дәуірінде адамдар мен бизнестің қалай жұмыс істеп, қалай өзара әрекеттесетінін, қалай дамитынын зерттеумен айналысатын, халықаралық деңгейде танылған ғалымдар мен зерттеушілер тобы. IDE зерттеулері компанияларға цифрлық экономика жағдайында бизнес жүргізудің жаңа жолдарына бейімделуге көмектеседі. IDE — Массачусетс технологиялық институтының Слоун менеджмент мектебінің (Sloan School of Management) бір бөлігі.

IDE командасын Эрик Бринолфссон мен Эндрю Макафи басқарады, олар цифрлық технологиялар мен жұмыспен қамтудың өзара әрекеттесуін егжей-тегжейлі сипаттайтын бірқатар танымал басылымдардың авторлары.

IDE цифрлық экономикаға қатысты өзекті мәселелерді қарауға баса назар аударады. IDE зерттеушілері бизнеспен, үкіметпен және басқа да мекемелермен серіктестікте төрт негізгі бағыт бойынша жаңашыл зерттеулер жүргізеді:

• Өнімділік, жұмыспен қамту және теңсіздік;

• Үлкен деректер және инновациялар туралы құпиялылық;

• Жаңа цифрлық бизнес-модельдер;

• Әлеуметтік сараптау және цифрлық эксперимент.

Э. Макафи «Машиналардың екінші дәуірі» кітабында өнеркәсіптік революция қазіргі заманның негізін қалағандай, «машиналардың екінші дәуірі» көз алдымызда жаңа әлемді қалыптастыратынын: барлық әлеуметтік құрылымдар мен экономикалық қағидалар қайта қаралып, технологиялар өмірді бүкіл жағынан түбегейлі өзгертетінін жазған.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз