Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

АЭФ Global Challenges Summit 2018 халықаралық зерттеуі: Қазақстан экономикалық жүйенің тұрақты жағдайына жетті

05 тамыз 2018, 18:12
Фото, бейне: Forum Astana

Халықаралық сарапшылар адамзаттың жаһандық сын-тегеуріндер күн тәртібін қабылдауына арналған GCS 2018 Research: Mapping The Global Challenges Agenda Астана форумының маңызды зерттеуінің жұмысын аяқтады. Талдау нысаны бес кластер: экономика, геосаясат, технологиялар, экология және әлеуметтік қауіп-қатер бойынша топтастырылған әлемдік дамудың 90 негізгі сын-тегеуріні болды.

Бұл теңдесі жоқ талдаудың әдіснамасы үлкен лингвистикалық деректерді зияткерлік машиналық өңдеу технологиясына негізделген. Зерттеу барысында соңғы жылы әлемнің 140 елінде 30 000 медиада жарияланған 127 млн-ға жуық мәтін талданды.

Әлемнің әртүрлі елдерінің, құрлықтары мен мәдениеттерінің маңызды жаһандық сын-тегеуріндерді қабылдауына арналған үлкен лингвистикалық деректерді талдаудың бірегей цифрлық зерттеуінің бірінші нұсқасы мамыр айының ортасында форумда ұсынылды. Әлемнің 100 елінен келген жұлдыздар Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті форматында өткен жаңартылған АЭФ аясында аталған мәселені талқылады. Шілдеде бірегей халықаралық зерттеу жұмыстары аяқталды және тағдыры ғаламшардың күрделі проблемаларымен анықталған адамзат жалпығаламшарлық мәселелерге қарағанда аймақтық проблемаларды қиынырақ қабылдай отырып, оларды жоғары саралап қабылдайтынын белгіледі.

Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін екі кезеңнен тұратын деректерді талдау жұмыстары жүргізілді. Талдаудың бірінші кезеңінде бес топ: экономикалық, экологиялық, геосаяси, әлеуметтік және технологиялық сын-тегеуріндер түрінде ұсынылған 29 сын-тегеуріннің егжей-тегжейлі сипаттамасы жасалды. Бұл сипаттама бірқатар статистикалық көрсеткіштер негізінде жасалды. Бірінші кезеңде бірқатар елдердің жаһандық сын-тегеуріндерге алаңдаушылығын түсінудің объективті перспективасын сипаттау түрінде қалыптастырылған мәселелер талдаудың екінші кезеңі түрінде ұсынылған елдердің әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасының сипаттамасымен толықтырылды. Екінші бөлімде World Value Survey деректерінің негізінде кластерлік талдау жүргізілді, оның нәтижесі елдердің профайлдарының жиынтығы болды. Әрбір профайлда белгілі бір жаһандық сын-тегеурінге алаңдаушылық көрсетілген, нақты бір статистикалық көрсеткіш ұсынылады. Бұл мәндер алғашқы талдау кезеңінен алынады. Осылайша қалыптасқан мәселенің түсіндірмелі элементі елдер халқының осы сын-тегеуріндерге деген қатынасы болады. Елдер халқының сын-тегеуріндерге деген көзқарасы WVS-дан таңдалған бірқатар индикаторлардың негізінде жасалады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, құрлықтардың, мега-аймақтардың және елдердің арасында жаһандық дамудың негізгі сын-тегеуріндерін қабылдауда айтарлықтай айырмашылықтың бар екені анықталды. Егер дамушы әлемнің өңірлері негізінен өткір экономикалық және әлеуметтік проблемаларға баса көңіл бөлсе, ал дамыған елдер ғаламшардың тұрақты дамуына қатысты күн тәртібіне көбірек алаңдайды. Бүгінгі таңда цифрлық экономика заманында өмір сүріп жатқан кейбір елдер үшін ең маңызды қауіптердің қатарына киберқауіпсіздік мәселесі кірсе, өзге елдер үшін ең негізгі сын-тегеурін — жұмыссыздық мәселесі. Еуропа мен Солтүстік Американың күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелер — жаппай көші-қон мен террористік қауіп болса, дамушы әлем елдері үшін базалық энергетикалық мен көлік инфрақұрылымының жетіспеуі аса маңызға ие.

Құрылымдық жағынан алғанда бұл талдау статистикалық көрсеткіштердің сипаттамасы және әлеуметтік-мәдени көзқарастар мен экономикалық жағдай тұрғысынан қалыптасқан мәселені түсіндіру ретінде саналады.

Қазақстан мемлекеттік қолдауға қажеттілігі және белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу кезінде өз күш-жігерінің шешуші рөлі сипатталатын үшінші кластерге жатады. Әдетте, бұл кластердің өкілдері бәсекелестіктен гөрі, бірлескен әрекет ету тәсіліне бейім келеді. Қазақстанның тұрғындары үшін елді дамытудың басым бағыты ретінде экономикалық өсімге және экономикалық жүйенің тұрақты жағдайына қол жеткізу болып саналады. Гуманистік қағидалармен ашық қоғам құру да маңызды басымдықтардың қатарында. Елдің әскери әлеуетін дамыту да өзекті мәселелердің бірі.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстан тұрғындарының өз еліне деген патриоттық көзқарастары өте жоғары деңгейде екені байқалады. Отансүйгіштік сезімімен және демократиялық құндылықтардың маңыздылығын мойындаумен қатар, қазақстандықтарға құндылық ретінде толеранттылық қасиеті де тән. Басқа дін мен ұлт өкілдеріне деген жоғарғы сенім деңгейі сақталған. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеудегі толерантты қарым-қатынас негізінің маңыздылығы көрінеді.

«Адамдарға зорлық-зомбылық көрсету жол бергісіз қателік деп саналады. Жалпыланған сенім деңгейі орташадан біршама жоғары. Бұл қарым-қатынастың айрықша негізі ретінде адалдықты және риясыздықты анықтайды. Жалпы, ел тұрғындары үшін қоғамның демократиялық негіздерінің маңыздылығын мойындау өте өзекті», — делінген құжатта.

Сонымен бірге, Қазақстан тұрғындарының Үкіметке, мемлекеттік құрылымдарға және сайлау жүйесіне қатынасы айқын сенімге негізделген. Сайлау процесінің негізгі элементтері (сайлау алдындағы науқан, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, оппозициялық күштердің әрекеттеріне жағдай жасау, дауыстарды санау) заңды деп танылады.

Азаматтық қарым-қатынастардың негізгі нормативтік қағидаттарын бұзу (салық төлеуден жалтару, парақорлық) теріс бағаланады. Бейресми институттарға (қайырымдылық ұйымдары, қоршаған ортаны қорғау компаниялары, әйелдер құқығын қорғау ұйымдары) деген сенім де сондай деңгейде бағаланады, дегенмен тұрғындар мұндай мекемелердің жұмысына қатысуда пассивті сипатқа ие. Бейбіт шерулерге, демонстрацияларға, қайырымдылық шараларына қатысу, петицияларға қол қою елеусіз деңгейде ғана байқалады.

Зерттеуге сәйкес, әскери жанжалдар мен терроризм қаупі елдің әл-ауқатын бұзудың негізгі сын-тегеуріндері ретінде танылған. Біршама алаңдаушылық тудыратын мәселелер — азаматтық қақтығыс және мемлекеттік қызметтер тарапынан жеке кеңістік шекарасының бұзылуы. Экологиялық жағдай мен жұқпалы аурулардың таралуы да маңызы жоғары мәселелердің қатарында. Бұған қоса, аштық пен дәрілік заттардың жетіспеуі мәселесі маңызды деп саналады. Орташа алғанда, азық-түлік пен негізгі алғашқы қажеттілік тауарларына қол жеткізуде қиындықтардың жоқтығы белгіленген. Адамның жеке әл-ауқатының субъективті бағасы оң деп айқындалды: орта есеппен алғанда тұрғындар өздерінің өмір сүру деңгейлерімен қанағаттанады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз