Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

17–19 мамырда АЭФ аясында дәрістер фестивалі өтеді — Д. Жолдаспаева

03 мамыр 2018, 14:36
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «Қазақстанның экономикалық бастамалар қорының» директоры, ХІ Астана экономикалық форумының ұйымдастыру комитетінің мүшесі Динара Жолдаспаева АЭФ аясында дәрістер фестивалін өткізу туралы және жалпы форумның жаңа форматы жайында айтып берді.

Динара Жолдаспаеваның айтуынша, 17–19 мамыр аралығында Астана экономикалық форумын өткізу күндері дәрістер фестивалі өтеді. Шақырылған спикелер: саясаткерлер, экономистер, ғалымдар, бизнесмендер, ғаламдық жобалардың стартапшылары, кибернетика, роботты техника инженерлері — Астана ЖОО-ларына тікелей тартылады.

Қазіргі таңда аталған дәрістерді Назарбаев университетінде, Еуразия ұлттық университетінде және Қазақ мемлекеттік заң университетінде өткізу мүмкіндіктері қаралып жатыр.

Барлық спикерлер туралы ақпарат forum-astana.org сайтында жаряланған.

«Өздерінің форумға қатысатынын растаған спикерлер туралы ақпаратты күн сайын жаңартып отырамыз және олардың әрқайсысымен жеке кесте құрып, әрбір спикердің АЭФ бағдарламасына барынша қатысуын және үлкен аудитория алдында әлем дамуына, соның ішінде Қазақстанның дамуына қатысты көзқарастарымен бөлісу мүмкіндіктерін қарастырамыз», — деп түсіндірді Д. Жолдаспаева.

Бұдан өзге, АЭФ ұйымдастыру комитетінің мүшесі биыл дәстүрлі панелдік сессиялар заманауи форматтармен толықтырылатынын атап өтті.

«АЭФ бағдарламалық дирекциясы форумның ғаламдық күн тәртібін, халықаралық кең ауқымды форумдардың тәжірибесін және дағдысын ескере отырып, форум форматын айтарлықтай кеңейтті. Дәстүрлі панелдік пікірталастар ендігі дебат, TED, дөңгелек үстелдер және визионерлердің сөз сөйлеуі секілді жаңа форматтармен толықтырылды. Жыл сайын АЭФ-тің өткізілуіне көмектесетін жеке демеушілердің осындай жаңа формат пен түрлі спикерлердің тізіміне назар аудармай қалмайтынына сенімдімін», — деді Д. Жолдаспаева.

Қаражаттардың басым бөлігі жеке демеушілер тарапынан тартылатынын айта кету керек, бұл, ұйымдастырушылардың пікірінше, АЭФ-ті сәтті өткізудің алғышарты болады.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз