Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев әлемнің 20 жетекші инновациялық компанияларының бірінің басшысы Идрис Джаламен кездесті

18 мамыр 2018, 15:53
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін XI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Малайзияның PEMANDU консалтингтік компаниясының бас басқарушы директоры Идрис Джаламен кездесті.

Кездесу барысында инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және экономикалық трансформация, үкіметтік институттарды трансформациялау және мемлекеттік аппарат қызметін басқарудың оңтайлы шешімдерін әзірлеу бойынша тәжірибе алмасу жөнінде Малайзияның үкіметтік құрылымдарымен және бизнес қауымдастығымен өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.

Қазақстан Малайзияны Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Екі ел арасындағы екіжақты саяси өзара іс-қимыл айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Астана мен Куала-Лумпур жоғары деңгейде тұрақты байланыстар орнатып тұрады.

Қазіргі таңда Малайзияда екі құрылымнан: Үкіметтік институттарды трансформациялау бағдарламасы (Government Transformation Programme, GTP) мен Экономикалық трансформация бағдарламасынан (Economic Transformation Programme, ETP) тұратын Трансформацияның ұлттық бағдарламасы (National Transformation Programme, NTP) іске асырылып жатыр. Аталған бағдарламалар Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі бағыттарымен ұқсас мақсаттар мен міндеттерге ие.

2009 жылы экономикалық стратегияны жоспарлы іске асыру, жетістіктері мен кемшіліктеріне талдау жүргізу мақсатында Малайзия Премьер-Министрі кеңсесінің жанынан арнайы үкіметтік құрылым құрылды: «Мемлекеттік аппарат қызметін іске асыру және басқару бөлімі» (PEMANDU), оның функциялары мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылаудан тұрады.

 

Анықтама: Bloomberg журналына сәйкес, PEMANDU әлемнің 20 жетекші үкіметтік инновациялық компанияларының бірі ретінде танылды, ал оның бас басқарушы директоры Дато Сри Идрис Джала Азияның аса ықпалды саясаткерлерінің қатарында.

Бүгінгі таңда PEMANDU мемлекеттік секторды трансформациялау және бизнесті дамыту саласында тәуелсіз консалтингтік компания мәртебесіне ие, ол — «Басты нәтижелерге жылдам қол жеткізу» (BFR, Big Fast Results) және «Трансформацияның 6 құпиясы» (6 Secrets of Transformation) әдіснамасын жүзеге асыратын негізгі орган.

BFR жүйесі мемлекеттік және жеке секторлардың корпоративтік білімдері мен тәжірибесінің жиынтығы секілді. Ең алдымен ол ел халқы күтетін нәтижелерді талдауға және макроэкономикалық көрсеткіштерге тиімді қол жеткізуге бағытталған. Сонымен бірге, BFR қолдану мақсаттарға қол жеткізудің тиімді тетіктерін әзірлеуге және мемлекеттік органдардың өз функцияларын жүзеге асыру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Идрис Джала Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясы құрылымында, Shell Sri Lanka мен Shell Malaysia басқарушы директоры болып қызмет еткен. Shell International вице-президенті, Malaysia Airlines ұлттық мемлекеттік әуе компаниясының бас басқарушы директоры лауазымдарын атқарған. Сондай-ақ, ол Малайзия Парламентінің сенаторы және Малайзия Премьер-Министрі Кеңсесінің министрі болған.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз