Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

XI Астана экономикалық форумы:
Global Challenges Summit 2018

2018 жылғы 17–19 мамыр
Фоторепортаж

XI Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018

17–19.05.2018
Осы жылдың мамыр айында Астана он бірінші рет бүкіл әлемнің жетекші саясаткерлерінің, ғалымдарының және ойшылдарының кездесу орны болды. Олар үш күн бойы жаһандық экономикадағы өзгерістер жағдайындағы экономикалық даму мәселелерін талқылады.
Форум жаһандық экономика саласында сарапшыларға арналған Еуразиядағы басты диалогтық алаң ретінде танылған. Жоғарғы деңгейлі шара екеніне форумға шақырылған спикерлер мен делегаттардың мәртебесі дәлел. Олар — түрлі елдердің және халықаралық ұйымдардың бірінші басшылары, танымал университеттердің профессорлары мен ректорлары, банктер мен корпорациялардың топ-менеджерлері, бестселлерлердің авторлары, публицистер және талдаушылар.

Бір сөзбен айтқанда, Астанада әлемге танымал жұлдыздар бас қосты деуге болады.

XXI ғасырдың басындағы технологиялық революцияның жаңа айналымы әр елдің, әр бизнес пен ғаламшардың әрбір адамы үшін өте маңызды, әлемді өзгертетін ондаған мегатрендтерді қалыптастырды.

Экономикалық өсім және ресурстық тұрақтылық, цифрландыру және кенттену, ұзақ өмір сүру және қаржылық революция, жаһандық қауіпсіздік пен мәдени ілгері жылжу — аталған жаһандық үрдістер Global Challenges Summit 2018-де талқыланды. Әрбір пікірталас алаңындағы маңызды аспектілер беделді сарапшылар — форум спикерлерінің пікірлері болды.
300
Спикер
101
Ел
6120
АЭФ қатысушысы
XI Астана экономикалық форумына 80-нен астам саяси қайраткер, шетелдік мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Бұл өткен форумдағыдан екі есеге дерлік көп.

Форумға бұқаралық ақпарат құралдарының 1000-ға жуық өкілі тіркелген. Шетелдік БАҚ-тан 120 журналист: The Wall Street Journal, Thomson Reuters (АҚШ), Caixin, China News Service (ҚХР), Frankfurter Allgemeine Zeitung (Германия), Anadolu түрік телерадиокомпаниясы, Iran TV, ЕFЕ (Испания), «РБК ТВ», «Коммерсант», ТАСС, «Интерфакс», ЖРМТРК (Ресей) және т. б. әлемдік баспалар мен телеарналар.
Қала бойынша форум қатысушыларын тіркейтін 7 пункт, соның ішінде әуежайда да, барлығы 40-тан астам бағанада қызмет көрсетілді. Форум қатысушыларына алғаш рет Астана Балетте, ҚР Ұлттық музейінде, «Нұр әлем» музейінде мәдени бағдарлама ұсынылды.

Сонымен қатар, АЭФ жұмысына «Назарбаев университетінен», ЕҰУ және Қазақ гуманитарлық заң университетінен 400 жуық еріктілер тартылды. Биылғы форумға дайындық және оны өткізу жұмыстарына барлығы 1500 қызметкер тартылды.
Форум аясында 76 іс-шара, оның ішінде 5 арнайы іс-шара өткізілді және халықаралық ұйымдармен, ұлттық компаниялармен және ТҰК-мен шамамен $106,5 млн сомасына 31 келісім жасалды.
АЭФ-2018 аясында қол қойылған келісімдер
  • EАЭО және оның мүше-мемлекеттері мен Иран арасында еркін сауда аймағын қалыптастыруға бағытталған уақытша келісім.

  • EАЭО және оның мүше мемлекеттері мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім.

  • Еуразия даму банкі (ЕАДБ) мен «Даму» қоры арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.

  • ЕАДБ мен «Транстелеком» АҚ арасында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тартуға бағытталған стратегиялық әріптестікті дамыту мақсатындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

  • ЕАДБ мен «Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясы» арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мен энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған одан әрі ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық орнату мақсатындағы өзара түсіністік туралы Меморандум.

  • ЕАДБ мен «Business Development Group Telematics» ЖШС арасындағы инвестициялық жобаны іске асыру үшін инвестициялар тартуға бағытталған стратегиялық әріптестікті дамыту мақсатындағы ынтымақтастық туралы Меморандум.

  • «ИТП» ДКҚ мен Institut Choiseul француздық сараптама орталығының арасындағы бірлескен инновациялық жобаларды ілгерілету мен ынталандыру, инновациялық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум.

  • Астана Innovations пен «Галактика» Корпорациясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум.

  • «Транстелеком» АҚ мен «Галактика» Корпорациясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

  • Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Галактика» Корпорациясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

  • «Қазақстанның ет одағы» мен Crемоnini / Inalca Eurasia Holding арасындағы технологиялық тізбегі толық ірі қара мал етін өңдеу жобасын құру туралы Меморандум.

  • «Қазақстанның ет одағы» мен CITIC Корпорациясы арасындағы етті мал шаруашылығы үшін инвестициялық қор құру, суару инфрақұрылымына инвестициялар туралы Меморандум.

  • Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Dunbia компаниясы арасындағы мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум.

  • Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен CLASS компаниясы арасындағы ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі туралы Меморандум.

  • ҚР АШМ мен M.A.D. Developing Agricultural Projects арасындағы күркетауық өсіру мен оны сою құс кешенін ашудың жол картасы.

  • ҚР АШМ мен Cedar Meаts арасындағы ет өңдеу зауыты құрылысының жол картасы.

  • ҚР АШМ мен AGCO арасындағы селекциялық-гибридті шошқа өсіру кешенінің құрылысының жол картасы.

  • ҚР АШМ мен AGCO арасындағы сумен қамтылған жабық қондырғыларда форель балығын өсіру жол картасы.

  • ҚР АШМ мен Golden Camel Group арасындағы түйе және бие сүтін қайта өңдеу зауыты құрылысының жол картасы.

  • «Kaz Kioti» ЖШС және Hyundai Corporation арасындағы Оңтүстік Қазақстан облысында «Хёндай» тракторларын құрастыру туралы келісім.

  • «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Қазақстандық-словениялық бизнес-клуб арасында қазақстандық компаниялардың еуропалық компаниялармен тығыз экономикалық байланыстарын орнатуға жәрдемдесу туралы келісім.

  • «Kazakh Invest» ҰК және Da Vinci Capital арасындағы терең қайта өңдеу және экспортқа бағдарланған АӨК саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

  • «Kazakh Invest», ReEN Partners Joint Venture және As Asia арасындағы жел электр стансаларын салу бойынша жобаларды іске асыруға бағытталған үшжақты меморандум.

  • Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы мен Кореяның Жасыл технологиялар орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

  • Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы мен ҚХР Ғылым академиясы жанындағы Қашқар қ. Қашықтықтан зондтау және цифрлық жер зерттеу орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

  • Теңізге шығатын жолдары жоқ елдердің министрлерінің кездесуі аясында қол қойылған министрлер декларациясы.

  • «Бір белдеу — бір жол» салықтық және кедендік ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференциясы аясында қабылданған Астана декларациясы.
АЭФ аясында 5 жоғары деңгейдегі әріптестік іс-шаралар, 2 пленарлық отырыс, Стратегиялық сессия, 33 панельдік сессия, 12 дөңгелек үстел, 11 презентация, 6 Vision және Talks форматындағы сессия, 4 keynote-сессия, 4 бұқаралық сұхбат және 2 бизнес-таңғы ас өткізілді.
«Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады», — деді Қазақстан Президенті.
Көпшілік ерекше күткен сессия 17 мамырда өтті. Оны дәстүрлі түрде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Президент сөйлеген сөзінде қазіргі заманның мегатрендтерін атап өтті. Экономикалық даму мен сауда қатынастарының жаһандық үрдістері, «жасыл экономикаға» көшу, баламалы энергия көздерін пайдалану, Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту және экономиканы цифрландыру мәселелері талқыланды.
Пан Ги Мун жалпы Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерлерін жоғары бағалады және Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қатысуының нәтижелі сипатын атап өтті.
«Қазақстанға жаңа қызметімде алғаш рет келіп отырғаныма қуаныштымын. Жаһандық көптеген проблемалар бар, мен оларды шешу үшін қолдау көрсетуге әзірмін. Астана экономикалық форумы тек қазіргі өзекті тақырыптарды ғана емес, сондай-ақ жаһандық дамудың келешектегі мәселелерін де талқылауға арналған алаңға айналып отыр», — деді Боао Азия форумы кеңесінің төрағасы.
Франсуа Олланд Қазақстан Президентінің мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті. Ол сондай-ақ, жаһандану үдерісі жеделдей түскенін, тауарлардың көптеп шығарыла бастап, жасанды зерденің дамуына орай халықтардың әл-ауқаты жақсара түсетінін атап өтті.
«Басқаша айтқанда, біз ашықтық пен диалогқа ұмтылу үдерісін байқап отырмыз, екінші жағынан қарағанда, протекционизмнің күшеюі, халықаралық шарттардың күмән тудыруы секілді мәселелер де бар. Осы үрдістердің барлығы экономикалық процестерге теріс әсер етеді. Қазірдің өзінде көші-қон мен босқындардың үлкен ағымына себеп болып отырған Таяу Шығыстағы және Африкадағы шиеленістер қуанарлық жағдайда емес», — деді Францияның экс-президенті.
Ғалым Митио Каку Жерде зияткерлік өмір бар ма деген сұрақ қойды.
«Мен өткенде кешкі уақытта америкалық телевидениені қарап, зияткерлік өмір жоқ деген тұжырым жасадым. Алайда мен алдағы 30–100 жылға қатысты оптимистік пікірдемін», — деді ол.
Ол өзінің оптимизмін былайша түсіндіріп берді: компьютер чиптері арзан тұратын болады, компьютерлік билік барлық жерде болады және бір уақытта ешқайда болмайды. «Компьютер» сөзі ағылшын тілінен жойылады.
Стив Возняк осындай жоғары деңгейдегі іс-шараға қатысуға, жаһандық сын-тегеуріндерге қатысты өз ойын ортаға салуға мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.Сондай-ақ, ол компьютерлерді құрастыруға қалай келгені туралы айтып берді.
«Менде мотивация болды: мен өз өмірімді жеңілдететін нәрсе ойлап тапқым келді. Осы кішкентай чиптерді пайдаланып, қалай компьютерлерді жасауға болады деген сұрақ қойдым. Кез-келген компьютерді екі жыл ішінде оңай құрастыруға болатынын түсіндім», — деді С. Возняк.
Ол кезінде әкесінің болашақта үйден біршама қымбат тұратын компьютерлер пайда болады деген сөзін еске түсірді.
«Біз ол кездері бұл туралы армандаған едік, сөйтіп мен компьютерлердің қалай жұмыс істейтінін білетін адамдардың бірі боламын деп шештім. Мен танымал гаджеттерді әзірлеумен айналыса бастадым, компьютерлік клуб ұйымдастырдым. Бізде бюджет болмады, тек адамдарға жаңа білім беріп, оқытуға арналған жылдам компьютерлер жасауға ниет білдірген адамдар ғана болды», — деді Стив Возняк.
Форум спикерлері арасында Қазақстанның көрнекті қайраткерлері: Қанат Бозымбаев, Тимур Сүлейменов, Әлия Назарбаева, Әсет Исекешев болды.

Астана қаласының әкімі шетелдік қонақтарға елорданы «цифрлар» арқылы таныстырды.
«Бүгінде бізде қалалық басқарудың жаңа жүйесі бар, біз өз бөлімшелеріміздің жұмысын қайта қарадық. Ең бастысы – тұрғындардың қанағаттануы. 20 жыл ішінде бюджет Астанаға шын мәнінде үлкен қаражат – 2,3 трлн теңге инвестициялады. Дегенмен, қазірдің өзінде салық түрінде Астана 6 трлн теңгені қайтарды», — деді Әсет Исекешев.
Осы күні XI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен «Жасыл экономика: тұрақты өсімнің жаңа моделі» панельдік сессиясы өтті.

Сессия жұмысы кезінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту, ресурстарды үнемдейтін технологияларды, «жасыл экономика» құралдарын енгізу, жоғары технологиялық және ғылымға негізделген салаларға инвестициялар тарту мәселелері талқыланды. Тұрақты даму саясатын алға жылжытуға қызығушылық танытатын тараптардың мазмұнды ашық диалогы өрбіді.
Бақытжан Сағынтаевтың панельдік сессиядағы сөзі
Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерді Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018-де, жаңа таза энергия әлеміне арналған панельдік сессиямызда көргеніме шын жүректен қуаныштымын.

Бүгінгі таңда әлем технологиялық революцияның ықпалымен шапшаң жатыр. Бұл жаһандық өзгерістер барлық үкіметтер мен елдерден жаңа іс-қимылды, нақтырақ айтқанда, әлемдік дамудың аса күрделі және өзекті мәселелері бойынша алдын-ала халықаралық бірігуді талап етеді.

Әрине, осындай күрделі сын-тегеуіріндердің бірі — ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсімді, әлеуметтік тұрақтылықты және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Бұл — жаһандық қауіпсіздіктің ең маңызды мәселелерінің бірі және Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде тұрақты дамуды және әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзінің жоғары жауапкершілігін сезінеді.

2030 жылға дейінгі күн тәртібі және Париж келісімі жалпы алғанда, әлемдік қауымдастықтың климаттың өзгеруін тежеуге бағытталған бірлесіп күш-жігер жұмсауға дайын екенін дәлелдейді. Бүгін біздің осы процеске қосқан үлесімізді — Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, әлемдік қауымдастықтың қолдауымен құрылған Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығын сіздерге таныстыру біз үшін зор мәртебе.

Біз БҰҰ, ЭЫДҰ, ЕҚЫҰ, Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігі (ИРЕНА), Дүниежүзілік банк, ЕҚҚДБ, АДБ, Еурокомиссия және басқа да халықаралық ұйымдарға аталған жоба бойынша қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз.

Пан Ги Мун мырзаға жан-жақты қолдау көрсетіп, Астана экономикалық форумының жұмысына қатысқаны үшін, сондай-ақ Жаһандық жасыл өсім институты мен Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз.

Халықаралық орталық Астанада өткен жылы өткізілген «Экспо: Болашақтың энергиясы» Халықаралық көрмесінің базасында құрылды және өңірде «жасыл» экономикалық өсімді күшейтуге бағытталған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының жалғасы болып табылады.

Біз Орталық Азиядағы алғашқы технологиялық орталық ретінде ол тұрақты инвестициялар үшін берік институционалды негізге, жаңа «жасыл» технологиялар мен инновацияларды дамыған елдерден дамушы әлемге жеткізетін тиімді механизмге айналады, барлық елдер тобына — дамыған да, дамушы да елдер үшін қолайлы болатын экономикалық, әлеуметтік, экологиялық тұрақты даму факторларын барынша үйлестіруге ықпалын тигізеді деп үміттенеміз.

Қазақстан Үкіметі жаңартылатын энергия көздерін дамыту және өңірлік деңгейде қоршаған ортаға әсерді азайту стратегиясын ұстанады.

Біздің ұзақмерзімді тәсіліміз, қоршаған ортаны қорғау технологиялық және экономикалық дамуға кедергі жасамауы, оны ынталандыруы тиіс дегенге негізделген. Біз болашақта да қоршаған ортаның қолайлы жай-күйі мен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге өз үлесімізді қоса беруге ниеттіміз.

Экономиканы дамытудың табиғатқа сүйенген сипатынан бас тарту, ресурс үнемдейтін технологияларды, «жасыл экономика» құралдарын енгізу, алдымен тұрақты, одан соң экологиялық даму тәуелді болатын жоғары технологиялық және ғылымды қажет ететін салаларға инвестициялар салу — мұның бәрі біздің алдағы онжылдықтағы экономикалық саясатымыздың басты құрауыштары.

• • •

Жаңа «жасыл» технологиялық құрылысты құру және 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, біздің саясатымызды жаңа ұрпақтың сын-тегеуріндеріне уақытында бейімдеу процесі барлық біздің елдеріміздің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен сарапшылық қауымның экологиялық және инновациялық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын әзірлеуді талап етеді.

Қазақстан Үкіметі тұрақты даму саясатын ілгерілетуді көздеумен, барлық мүдделі тараптардың ашық диалог орнатуын қолдайды. Форум барысында ұсынылған ұсыныстар осыған септігін тигізетініне сенімдімін!

Назарларыңызға рахмет.

Панельдік сессияға Жаһандық жасыл өсім институтының президенті, БҰҰ-ның VIII Бас хатшысы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Францияның индустрия, энергетика және цифрландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон секілді танымал әлемдік саясаткерлер қатысты.
Қазақстан тарапынан энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының алқа төрайымы Әлия Назарбаева, «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының» басшысы Рәпіл Жошыбаев қатысты.
ХІ Астана экономикалық форумының екінші күнінде, 18 мамырда, Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Жаһандық өзгерістердің практикумы» пленарлық отырысы өтті.

Отырыстың басында BCG төрағасы, модератор Ханс Пол Брюкнер халықаралық қатынастар сарапшысы, саясаттанушы Параг Ханна және Колумбия университетінің профессоры, жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің негізін салушы Хавьер Сала-и-Мартинге киноут-спикерлерге арналған алаңды ұсынды.
Сондай-ақ, талқылауға Джонатан Вотцель, McKinsey жаһандық зерттеулер институтының директоры, Шантаянан Деварджан, Дүниежүзілік банктің даму экономикасы жөніндегі аға директоры, Алан Вулф, ДСҰ бас директорының орынбасары, Юрген Ригтеринк, ЕҚҚДБ бірінші вице-президенті қатысты.
«Шығармашылық vs. жұмыссыздық. Машиналар әлемінде адамдар не істеуі керек?» панельдік сессиясы аясында белгілі физик-теоретик Митио Каку қандай мамандық иелері болашаққа қатысты алаңдамауы және қай мамандықтың иелері өздерінің кәсіби қызметін өзгерту туралы қазірден бастап ойлануы керектігі жөнінде әңгімелеп берді.
19 мамырда «Экспо» конгресс-орталығында ХІ Астана экономикалық форумының Стратегиялық сессиясы өтті, оның аясында Қазақстанды дамытудың алты бағыты бойынша ой-талқылары өтті.
Жетекші отандық және халықаралық сарапшылар, бизнес пен билік органдарының өкілдері институттар мен экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, цифрландыру және ақпараттық технологиялар, жаңа ақша және қаржы секторы, таза энергия және жасыл технологиялар, қалаларды дамыту секілді бағыттар бойынша серпінді жобалар мен шешімдерді іске асыру мәселелерін талқылады.
Мәселелерді қарастыру қорытындылары бойынша жұмыс топтарының модераторлары ақыл-ой талқылаулары нәтижелерінің презентациясымен таныстырды. Сарапшылар ұсыныстарының топтамасы «ҚР дамытудың ең қажетті шешімдері мен жобалары» ретінде белгіленді.
Барлық сараптамалық ұсыныстар жинақталып, Қазақстанның ұлттық күн тәртібіне сәйкестендіріледі. Өткізілген ақыл-ой талқылаулары Қазақстанның одан әрі дамуына пайда әкелетін тәсілдер мен ұсыныстарды табуға мүмкіндік береді және әлемдік қауымдастық оларды жаһандық сын-тегеуріндерге ізделінген шешімдер ретінде қабылдайды.
АЭФ-те алғаш рет студенттерге арналған арнайы фестиваль бағдарламасы өткізілді. 25 жетекші сарапшылар «Назарбаев университеті» мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 400 студентімен кездесіп, оларға ғаламшардың ең маңызды технологиялық жетістіктері және олармен байланысты жаңа сын-тегеуріндер туралы айтып берді.
Фестиваль аясында «Назарбаев университеті» мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 26 шетелдік спикер 1500 студентке арнап жиырмаға жуық дәріс оқыды.

Олардың арасында Shazam негізін салушы Крис Бартон, «Ақылды қалалар: үлкен деректер, қоғам хакерлері және жаңа утопия іздеу» кітабының авторы Энтони Таунсенд, Венеция кинофестивалінің басты сыйлығы «Алтын арыстан» лауреаты Кшиштоф Занусси және SENS қорының төрағасы және ғылым жөніндегі директоры Обри ди Грей және т.б. болды.