Бизнесті мемлекеттік қолдау, ШОБ жеңілдікпен несиелендіру және Аshyq-ты қолдану — Т. Жақсылықов кәсіпкерлерге жүктемені азайтуға бағытталған шаралар туралы

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шағын және орта бизнеске ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы 2010 жылдан бері табысты іске асырылып келеді және қолда бар шағын және орта бизнесті (бұдан әрі – ШОБ) мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен қатар сұранысқа аса ие бағдарламалардың бірі.

«БЖК-2025» бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларынан тұрады. Биыл шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу жұмысы одан әрі іске асырылып жатыр. «БЖК-2025» қолдаудың негізгі қаржы құралдарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу кіреді. «БЖК-2025» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие жылдық 6% мөлшерлемемен, 5 жыл мерзімге, несие сомасы 7 млрд теңгеге дейін, салалық шектеусіз беріледі», — деді ұлттық экономика вице-министрі.

Сонымен қатар 2019 жылдан бастап «БЖК-2025» бағдарламасы аясында басым жобаларға кредит беру тетігі енгізілді. Қалың жұртшылық үшін бұл тетік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ретінде белгілі. Бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың халыққа қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге 6% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит ұсынылады, кредит сомасы шектелмеген, ал субсидиялау мерзімі 10 жылды құрайды. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша тауарлар тізбесі – кредиттеу бойынша басым жобаларды іріктеудің негізгі критерийі.

Экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін ШОК кредиттері қайта қаржыландырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді.

Тимур Жаксылыков сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың сұранысқа аса ие құралдарының бірі микрокредиттеу екенін атап өтті. Өткен жылы «БЖК-2025» аясында бизнесті микрокредиттеу бағдарламасы басталды. Осы бағыт шеңберінде айналым қаражатына 5 млн теңгеге дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бұл ретте, 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушыға 6% мөлшерлемемен кепілсіз негізде беріледі.

Жалпы, осы жылдың 7 айында «БЖК-2025» және ҚЗЭ аясында 801,2 млрд теңге сомасына 25,3 мыңнан астам жобаға жеңілдікті қаржыландыру жасалды, оның ішінде:

  • жалпы несие сомасы 603,7 млрд теңгеге 14,4 мың жоба субсидияланды;
  • жалпы сомасы 197,5 млрд теңгеге 11 мыңға жуық жоба кепілдендірілді;
  • экономиканың зардап шеккен секторларында жалпы несие сомасы 50 млрд теңгеге жуық 467 жоба субсидияланды;
  • 62 млрд теңге сомасына 10 мыңнан астам микрокредит берілді.

Сондай-ақ «БЖК-2025» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап 10,3 млрд теңге сомасына 4 155 мемлекеттік грант берілді және 162 млрд теңге сомасына бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша 930 жоба іске асырылды.

«БЖК-2025» шеңберінде кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау бизнесті жүргізуді оқыту және әлеуетті әрі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеуге қатысты жобаларды қамтиды.

Биыл қаржылық емес қолдау шараларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында:

  • 14 мыңнан астам кәсіпкерге 16,5 мың тг сервистік қызмет көрсетілді;
  • Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 41 мыңнан астам клиентке 85 мыңға жуық кеңес берілді.

«БЖК-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары – бизнесті қолдаудың ең нәтижелі және табысты бағдарламалары. Бағдарламаларды іске асырудың барлық кезеңінде ШОК субъектілері 109 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрды, 49 трлн теңге сомасына өнімдер шығарылып, қызметтер ұсынылды, жалпы сомасы 3,1 трлн теңгеге бюджетке салықтар төленді. Орта есеппен бюджеттен бөлінген 1 теңге субсидияға 6 теңге салық аударымы қайтарылады», — деді Тимур Жақсылықов.

Мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларынан басқа, Үкімет бизнеске жүктемені төмендетуге, сұраныс нарықтарына қол жеткізуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған бірқатар өзге де шараларды қабылдады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін табыс салығынан босату қолданылады. Бұл шара жалпы сомасы 382 млрд теңгеге шамамен 1,2 млн микро және шағын бизнес субъектілерін қамтиды. Бұл үнемделген қаражатты айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға мүмкіндік береді.

«Осы жылғы 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен (114 ЭҚЖЖ) бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Бұл жүктемені азайтады және салықтарды есептеу мен төлеу тәртібін жеңілдетеді, шығыстардың күрделі есебін жүргізу талап етілмейді. Олар ҚҚС төлемейді», — деді ол.

2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеуді кейінге қалдыруға рұқсат берілді. Бұл шараны 925 мың жұмысшыға қатысты 137 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланды.

Биылғы 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне ұсынылған қорғау құралдарының құны ЖТС-тен босатылды.

Келесі жылдан бастап бизнесті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялауға пайдаланылатын табысқа КТС-тен босату жөніндегі шаралар көзделген.

Бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза беттен» реттеудің жаңа тәсілдері қалыптастырылуда. Олар мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді көздейді:

  • негізсіз реттеушілік талаптарға жол бермеу;
  • мемлекеттік реттеудің жүйелілігі, бірізділігі мен сабақтастығы.

«Мемлекет енгізетін кез келген реттеушілік талап негізділік, тұрақтылық, тәуекелдер деңгейіне мөлшерлес болу, айқындылық (екі рет түсіндіруге жол бермеу), ШОК субъектілері үшін де, мемлекет үшін де әкімшілендірудегі жеңілдік шарттарына сәйкес келуі тиіс. «1 in, 2 out» қағидаты — жаңа реттегіш құралды енгізу құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі құралды алып тастауды талап етеді», — деді ол. 

Міндетті талаптар тізілімі — талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурс. Бұл ретте реттеушілік талаптардың бүкіл ауқымы базалық қағидаттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қаралатын болады. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламентте қаралуда.

Сонымен қатар 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОК субъектілерінің 2021 жылғы 1 сәуірге дейін алған банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдерін қарыз алушының таңдауы бойынша 30-дан 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға рұқсат берілді.

Сондай-ақ ШОК субъектілері мемлекеттік мүлік объектілері мен квазимемлекеттік сектор мүлкі бойынша 2021 жылғы 1 шілдеге дейін жалдау ақысынан босатылды. Шағын және орта бизнесті қолдау жұмысы «Атамекен» ҰКП-мен, бизнес-омбудсменмен және бизнес-қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе шеңберінде бизнес мәселелері тұрақты негізде талқыланады.

«Күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде бизнестің толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін сақтаудың негізгі тәсілдерінің бірі – Аshyq қосымшасын кеңінен қолдану. Жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары кәсіпкерлердің Аshyq қосымшасын енгізу және дұрыс пайдалану жұмысын жандандырды», — деді Т. Жақсылықов.

Оның айтуынша, бұл бизнес үшін кәсіпкерлік қызметтен пайда көру және азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі. Бұл жерде осы мәселе бойынша кәсіпкерлерді түсіну және қолдау қажет. Бизнестің Аshyq-ты қолданудағы адал көзқарасы мен жауапкершілігі маңызды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу