Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Халықаралық жасыл технологиялар орталығы «Жасыл көпір» президенттік серіктестік бағдарламасын жетілдіретін болады — ЭМ

05 маусым 2018, 14:15
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев және Энергетика министрлігінің Жасыл экономика департаменті директорының орынбасары Анар Бұлжанова айтып берді.  

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандырудың маңыздылығын атап көрсетті. М. Мырзағалиевтің айтуынша, Энергетика министрлігі аталған тапсырманы орындау мақсатында мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «жасыл жобалар» және «жасыл» қаржыландыруды мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу жұмыстарын бастады.

Көптеген халықаралық даму банктері тек «жасыл» жобаларға инвестиция салу туралы шешім қабылдады.

Осыған байланысты «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығы жобаларды одан әрі іске асыру үшін индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне технологияларды қолдану саласында сарапшылардың пікірін және (немесе) ұсынымдарын берумен, ең үздік қолжетімді технологиялар тізімін қалыптастырумен айналысатын болады. Тізімдерге ауаны, суды тазалау және т.б. арналған ең озық және заманауи «жасыл» технологиялар кіреді.

Өз кезегінде, Анар Бұлжанова журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, бүгінгі таңда заңдық, құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп жатқанын атап өтті. Орталықтың қызметі Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Инновациялық технологиялар трансферті, оқыту, сараптама жүргізу, қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес — осының бәрі Орталық Азияның барлық елдерінде «жасыл экономиканы» дамыту жобаларын жүзеге асыруды жеделдетуге жол ашады.

«Бұдан өзге, «Жасыл» технологиялардың халықаралық орталығы Мемлекет басшысының әлемдік қауымдастыққа ұсынған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын дамытатын болады», — деді А. Бұлжанова.

Бұл бастама Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға, таза технологияларды беру тетіктерін құруға, бірлескен инвестицияларды және жасыл экономикаға көшудің әрі ортақ экожүйелерді сақтаудың демонстрациялық жобаларын іске асыруға бағытталған.

«Сонымен қатар, біздің еліміздің де өз жетістіктері бар. Оны Астанада өткен бүкіләлемдік Экспо-2017 көрмесі көрсетті. Халықаралық орталықтың міндеттерінің бірі «жасыл» технологиялар саласындағы отандық перспективалы жобаларды халықаралық деңгейге шығару болып табылады», — деп нақтылады А. Бұлжанова. 

Еске салайық, бүгін Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды. 

 

Халықаралық жасыл технологиялар орталығы «Жасыл көпір» президенттік серіктестік бағдарламасын жетілдіретін болады — ЭМ
1/2
Халықаралық жасыл технологиялар орталығы «Жасыл көпір» президенттік серіктестік бағдарламасын жетілдіретін болады — ЭМ
2/2