Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін 5,5 млн тоннаға жуық көмір тиелді — Р. Скляр

14 тамыз 2018, 16:30
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр, «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ басқарма төрағасының — бас директорының м.а. Қайрат Сауырбаев көмірді өндіру көлемі мен уақытылы тасымалдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2017 жылы көмір қазушы компаниялар 106,7 млн тонна көмір өндірді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға немесе 8,2 млн тоннаға артық (98,5 млн тонна). Оперативті деректер бойынша, осы жылдың 7 айында 60 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштің 103,9% (59,7 млн тонна) құрайды.

«Қазақстанның электр станцияларына 32,4 млн тонна көмір тиелді, бұл өткен жылғы көрсеткіштің 102,5% құрайды (31,6 млн тонна). Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындар үшін 5,44 тонна көмір тиелді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің 100% құрайды (5,3 млн тонна)», — деп Р. Скляр, жеті айда 15,5 млн тонна көмір экспортталғанын атап өтті.

Бұдан өзге, бүгінде Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша 2018–2019 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халықтың көмір өніміне деген жоспарлы қажеттілігін қалыптастырды. Биыл 20 маусымда аталған Жоспарды мемлекеттік атқарушы органдар, көмір қазушы кәсіпорындар және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жылыту маусымына дайындық мәселесі жөнінде өткен селекторлық кеңесте талқылады.

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа көмірді жөнелту кестесі «Богатырь Көмір» ЖШС, «Майкөбе-Вест» ЖШС, «Сарыарқа Энерджи» ЖШС және «Қаражыра» АҚ-да жоспарға сәйкес келеді. «Шұбаркөл Көмір» АҚ өз бетінше сатып алушыларды тауып, сату аумағын анықтайтын трейдерлердің өтінімдері бойынша тиейді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ басқарма төрағасының — бас директорының м.а. Қайрат Сауырбаев компанияның көмірді тасымалдау бойынша орындап жатқан жоспарлары туралы, сондай-ақ 2018/19 жылдың жылыту маусымына дайындық шаралары туралы айтып берді. Мәселен, жеті айдағы өндірістік қызметтің қорытындысы бойынша «ҚТЖ» ҰК 56 млн т астам көмір тиеді, бұл өткен жылдың көлемді көрсеткіштеріне сай келеді. Сонымен қатар, республика ішіндегі қатынаста 34,4 млн т астам көмір тасымалданды. ҚР тұрғындарының коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 4,5 млн т көмір тасымалданды.

Қазіргі уақытта еліміздің басты тасымалдаушысында жарияланған көлемнің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жылжымалы құрамның жеткілікті саны бар. Бүгінде «ҚТЖ» ҰК әртүрлі меншік иелерінің 54 мыңға жуық ашық вагондары, «Қазтеміртранс» паркінде 51% немесе 27 260 ашық вагондар жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың бірлікке артық.

Атап айтқанда, көмірді тасымалдауға 29 мың ашық вагон тартылған: «KTZ Express»-тің 15 мың ашық вагоны және басқа меншік иелерінің — 14 мың вагоны, соның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдау үшін 9 мыңға жуық ашық вагондар тартылған.

«Көмірді тасымалдауды қамтамасыз ету кезінде жылжымалы құрам тапшылығын болдырмау мақсатында, KTZ Express еншілес компаниясы пайдаланатын вагондар паркі көмір разрездеріне бекітілген. Мәселен, Шұбаркөл-Көмір разрезінде 3000 ашық вагон, Қаражырада – 2300 бекітілген. Богатырь-Көмір разрезінен тасымалдау кезінде 2000-нан астам ашық вагон жұмыс істейді», — деді Қ. Сауырбаев.

Сонымен қатар, қозғалыс кезінде, сондай-ақ, бастапқы және соңғы операциялар кезінде ашық вагондарды тиімді пайдалануға бақылау орнатылған.

2018/19 жылыту маусымына дайындық басталғалы бері Астанаға темір жол көлігімен 60,4 мың тонна коммуналдық-тұрмыстық көмір тиеліп жеткізілді. Соның ішінде Шұбаркөл-Көмір разрезінен — 27,4 мың т.

Қ. Сауырбаевтың айтуынша, көмір жеткізу көлемін тең бөлу және күзгі-қысқы кезеңдегі жүктемені төмендету мақсатында компания бір жыл ішінде көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен облыстардың әкімдіктері жанынан кеңестерге бастамашы болған. Аталған кеңестердің қорытындылары бойынша, облыстардың әкімдіктері мен көмір разрездері көмірді тиеу көлемін қайта бөлу жөнінде міндеттемелерді қабылдады, өз тарапынан компания да жеткілікті вагон санымен қамтамасыз ету туралы міндеттемені қабылдады.

Алдағы іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында биыл 8 тамызда көмірдің жүк жөнелтушілерімен кеңес өткізілді, онда күзгі-қысқы мезгілге тасымалдау көлемдері, сондай-ақ орын алып жатқан мәселелер талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша жыл соңына дейін тасымалдар көлемін орындау ниеті туралы хаттамаға қол қойылды.

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін 5,5 млн тоннаға жуық көмір тиелді — Р. Скляр
1/2
Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін 5,5 млн тоннаға жуық көмір тиелді — Р. Скляр
2/2