Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Аукциондық сауда-саттық тетігі ЖЭК іріктеу ашықтығын арттырды — А. Шкарупа

01 қараша 2018, 15:36
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда биылдан бастап ЖЭК іріктеу ісі аукциондық сауда-саттық арқылы жүргізіледі. ҚР энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг кезінде аталмыш тетіктің қалай жүзеге асып жатқаны әрі қаншалықты тиімді екені туралы толығырақ айтып берді.

А. Шкарупа атап өткендей, ЖЭК саласындағы технологиялардың қарқынды дамуы, ЖЭК салуға ниетті инвесторлар санының артуы ең тиімді әрі технологиялық шешімдері ұтымды, бірақ шығыны аз жобаларды таңдау үшін әділ және бәсекеге қабілетті іріктеуді өткізуде жаңа тетікті талап етті.

«Бүгінде осы талаптарға жауап беретін жаһандық үрдіс – жаңартылатын энергия көздерін таңдаудың аукциондық сауда-саттық тетігі», — деді вице-министр.

Осыған орай әлемдік тәжірибеге сүйеніп, Қазақстанда да ЖЭК жобаларын іріктеуде аукциондық сауда-саттық тетігі енгізіліп, Қазақстандағы ЖЭК саласын іске қосуға мүмкіндік берген әрі 2018 жылға дейін қолданылып келген белгіленген тарифтерді алмастырды.

«Аукциондық сауда-саттық тетігін енгізу үшін біраз жыл дайындық жұмыстары жүргізіліп, ЖЭК саласындағы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. ЖЭК жобаларын іріктеуде аукциондық сауда-саттықты тиімді өткізу үшін ҚР Энергетика министрлігі мүдделі жақпен бірлесіп аукциондық сауда-саттыққа инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді», — деді А. Шкарупа.

Аукциондық сауда-саттық «КОРЭМ» АҚ-ның электрондық сауда алаңында өткізіледі. Барлық аукциондық сауда-саттыққа Бақылау комиссиясы қатысады. Бақылау комиссиясының құрамында ҚР Энергетика министрлігі, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бар.

«Бірінші аукционның қорытындысы бойынша байқаушылар қабылданған аукциондық сауда-саттық тетігі адамның араласуынсыз ЖЭК жобаларын таңдаудың айқын және түсінікті тетігін қамтамасыз ете алды деген баға берді», — деді А. Шкарупа.

Осы жылдың 23 мамырынан 7 маусымына дейін ЖЭК аукционының алғашқы көктемгі сессиясы өтті. Инвесторларларға аукциондық сауда-саттыққа қатысу үшін жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлері — жел электр станциялары – 140 МВт, күн электр станциясы – 80 МВт, шағын су электр станциялары – 20 МВт және био электр станциялар – 5 МВт ұсынылды.

Көктемгі аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша келесі нәтижелерге қол жеткізілді. Елімізде екі жыл ішінде Алматы және Қызылорда облыстарында төрт күн электр станциясы іске қосылады. Үш жыл ішінде Ақмола, Алматы, ШҚО, СҚО, Қостанай және Маңғыстау облыстарында тоғыз жел, бір биогаз электр станциясы жүзеге асырылады. Төрт жыл ішінде Алматы облысында екі су электр станциясы іске қосылады.

Биыл 3–18 қазан аралығында ЖЭК аукциондарының күзгі сессиясы өтті. Инвесторларға ЖЭК барлық түрлері ұсынылды. Күзгі аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша екі жыл ішінде елімізде Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласының маңында сегіз күн электр станциясы іске қосылады. Үш жыл ішінде Ақмола, Алматы, ШҚО, СҚО және Жамбыл облыстарында 400 МВт қуаттылығымен алты жел электр станциясы, төрт жыл ішінде Алматы және Жамбыл облыстарында үш су электр станциясы іске қосылады.

Сонымен қатар, вице-министр аукциондық сауда-саттық қатысушылары аукциондық сауда барысында ұсынылған, ЖЭК барлық түрі бойынша жобаларды іске асыруға қызығушылық танытқанын атап өтті. 

«Өңірлеріміз ЖЭК секторын дамыту арқылы инвестициялар тартып, жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, салықтар мен технологиялар алады», — деді вице-министр.

Баламалы энергияны дамыту шаралары туралы сұраққа жауап бере отырып, А. Шкарупа Мемлекет басшысының республикадағы электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде электр энергиясының 3%-дық үлесін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«2020 жылға қарай республикадағы электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде электр энергиясының 3%-дық үлесін қамтамасыз ету жөніндегі алға қойылған міндетті орындаймыз деген ойдамыз. 2025 жылға қарай жалпы генерация көлемінде ЖЭК көлемі бойынша 6%-ға ұмтыламыз. Біз жекелеген бағыттарға, соның ішінде су электр станцияларына басымдық береміз. Бұл ҚР электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығы, орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттігі үшін қажет», — деді вице-министр.

Аукциондық сауда-саттық тетігі ЖЭК іріктеу ашықтығын арттырды — А. Шкарупа
1/5
Аукциондық сауда-саттық тетігі ЖЭК іріктеу ашықтығын арттырды — А. Шкарупа
2/5
Аукциондық сауда-саттық тетігі ЖЭК іріктеу ашықтығын арттырды — А. Шкарупа
3/5
Аукциондық сауда-саттық тетігі ЖЭК іріктеу ашықтығын арттырды — А. Шкарупа
4/5
Аукциондық сауда-саттық тетігі ЖЭК іріктеу ашықтығын арттырды — А. Шкарупа
5/5