Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Банк отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек — «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы

26 қыркүйек 2018, 16:45
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы Ульф Вокурка БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында банкке қатысты негізсіз туындаған дүрбелең басылғанын және таяу күндері банк жұмысы қалыпты режимде жалғасатынын хабарлады.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясына «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің жақында сайланған төрағасы Қайрат Сатылғанов және директорлар кеңесінің мүшесі Николай Мещеряков қатысты.

Банкке қатысты жағдай туралы айта отырып, Ульф Вокурка банк бүгінгі таңда пруденциялық нормативтер орындауды жалғастырып жатқанын, клиенттерге қызмет көрсетіп, реттеушінің барлық талаптарына жауап беретінін атап өтті.

«Мен тәжірибелі әрі еңбекқор банк ұжымына келген күндері күтпеген жағдай орын алды. Жасанды дүрбелең жасалып, ешқандай нақты негізі жоқ қауесеттер таралды, банктен депозиттерді шешіп алуға үндеді. Біздің қалыпты режимдегі жұмысымызды қиындатқан жағдай орын алды. Біз күтпеген жағдайлардағы іс-қимыл жоспары аясында шұғыл режимде жұмыс істеуге көштік», — деді Ульф Вокурка.

Банктің бағалауына сәйкес, қыркүйек айының басынан бері заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың банктен депозиттерін шығарып алуы барлық депозиттердің шамамен 10% құраған. Ульф Вокурканың айтуынша, көп дүрбелең өткен аптаның ортасында орын алған және бүгінде ол басылған. Алдағы күндері банктің жұмысы қалыпты режимге қайта көшеді.

«Жағдай тұрақтанып келеді. "Цеснабанк" – бұл өзінің клиенттеріне бәсекелі шарттар мен тарифтер ұсынатын тұрақты банк. Клиенттердің барлық ақшаларын шешіп алуларына ешқандай себеп жоқ. Бүгінгі таңда жұмысымызды табысты атқарып, клиенттік тапсырыстарды орындап, транзакциялар жүргізіп жатырмыз», — деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, жақын арада банк даму стратегиясын нақтылауға және ішінара қайта қарауға кіріседі және жыл соңына қарай жаңа стратегия жарияланады.

Бұдан өзге, өткен аптада ҚР Үкіметі, Ұлттық банк пен «Цеснабанк» АҚ арасында мәміле жасалды, оның аясында Проблемалық несиелер қоры банктен 30 ірі қарыз алушыны сатып алды. Мәміле көлемі 450 млрд теңгені құрады.

«ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің шаралары жекеменшік сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықтың жақсы үлгісі деп санаймын. Біз келісімдер аясында "Цеснабанктен" Проблемалық несиелер қоры өз қаражаттары есебінен сатып алатын аграрлық сектордың 30 ірі қарыз алушыларын анықтадық. Соңғы күндері ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде мәміле аяқталды. Біз сатып алу-сату туралы келісімшартқа қол қойдық, акт жасалып, оған қол қойылды. Алдағы күндерде банк осы сатып алынған активтерге ақша алады», — деп мәлімдеді Ульф Вокурка.

Бұған қоса, жақын арада «Цеснабанк» АҚ-ның акционерлері өз қаражаттары есебінен банкті қосымша капиталдандыруды көздеп отыр.

«Цеснабанк акционерлері 35 млрд теңгеден астам сома қосымша капитал құйып, банктің беріктігін нығайтуға шешім қабылдағанын қуана хабарлаймын. Бұл біздің банкке қосымша өтімділік, орнықтылық пен тұрақтылық береді», — деді «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы Ульф Вокурка.

«Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғанов банк қазақстандық қаржы нарығында жүйелі түрде маңызды бола отырып, агросекторды несиелендіруде көшбасшы екенін атап өтті.

«Банк бастапқыда экономика негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайтын орталық және солтүстік өңірлерде дами бастады. Көптеген жылдар бойы "Цеснабанк" ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының басты қатысушыларының бірі болып табылады. Банк жыл сайын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдауға елеулі қаражаттар бөліп келді. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 42%-ға жуығы ауылдық жерлерде тұратынын ескеру қажет. Олардың көпшілігі "Цеснабанк" арқылы қаржыландырылатын кәсіпорындарда жұмыс істейді», — деді Қ. Сатылғанов.

Жалпы алғанда «Цеснабанк» үлесіне «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландыру көлемінің шамамен 2/3 тиесілі. Сондықтан директорлар кеңесінің төрағасы «Цеснабанктің» агросекторды қолдау жөніндегі Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа шараларына қатысатыны толықтай заңды деп санайды.

«Цеснабанк» Үкіметтің, Ұлттық банктің және "ҚазАгро" холдингінің қабылдайтын шараларын толық қолдайды. Олардың барлығы, ең алдымен, қарыз ауыртпалығын төмендетуге және бүгінгі күні қажетті қаржы бөлуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы несиелерінің бір бөлігін өткізгеннен кейін де, "Цеснабанк" қоржынында басқа да ауыл шаруашылығы жобалары қалатынын атап өткім келеді. Біз олармен жұмыс істеуді жалғастырамыз. "Цеснабанк" әрқашан да отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек. Біз үшін банктің жақсы атауы – акционерлерге арналған негізгі капитал екені өте маңызды. Бұл бағытта біз жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз», — деді Қайрат Сатылғанов.

Өз кезегінде «Цеснабанк» директорлар кеңесінің мүшесі Николай Мещеряков банк қоржынында қалған ауыл шаруашылығы жобаларының несиелік жүктемелері төмендетілетінін атап өтті.

«Себебі, ауыл шаруашылығы компанияларының қаржылық жүктемесіне едәуір әсер еткен валюталық несиелер енді теңгемен төменгі пайыздық мөлшерлемеде болады, бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына аса табысты дамуға жол ашады», — деді Николай Мещеряков.

Оның сөзіне қарағанда, банктің қарыз алушылары болып табылатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жаңа технологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа неғұрлым тиімді тұқымдарын өсіріп, сұйық тыңайтқыштарды және арнайы биологиялық қоспаларды пайдалану арқылы өздерінің қызметінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатыр.

Сонымен қатар, Н. Мещеряков банктің қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында акционерлер банкте корпоративтік басқарудың озық тәжірибесін енгізу туралы шешім қабылдағанын айтып өтті.

«Аталған жүйенің ең күрделі принциптерінің бірі – акционердің банктің ағымдағы қызметіне араласпауы. Акционерлердің құрамы өзгермейді. Біз осында қаламыз, банкке қолдау көрсетіп, екі кезеңде капиталдандыруды жүзеге асырдық», — деді ол.

Банк отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек — «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
1/5
Банк отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек — «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
2/5
Банк отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек — «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
3/5
Банк отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек — «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
4/5
Банк отандық АӨК кәсіпорындары үшін сенімді қаржы серіктесі болып қала бермек — «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы
5/5